Күзетушім сен болсаң...
Күзетушім сен болсаң...
306
оқылды
Ішкі істер министрлігінің бай­ламынша, Қазақстанда террористік тұрғыдан осал объектілер (ТТОО) жеткілікті дәрежеде қорғалмаған. «Террористiк тұрғыдан осал ны­сан­дарды лайықты күзетпеу, сон­дай-ақ сенiп тапсырылған ны­санның терроризмге қарсы қор­ғалуын қам­та­масыз ету және қауiп­сiздiгiнiң тиiстi деңгейiн сақтау жөнiндегi мiндеттердi орындамау адам өмірі мен денсау­лығына, қо­ғам­ның және мемле­кеттiң мүдде­ле­рiне қатер төнуіне әкеліп со­ғады», – дейді ІІМ.  

Құпия органның қадағалауында

Ұлттық қылмыстық заңнаманың ізгілендірілуі нәтижесінде күзет қыз­меттерінің жазасы жеңілдеді. Мә­селен, Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 149-бабына сәйкес, ТТОО-ларды дұрыс күзетпегені, оны қорғауға салғырт қарағаны, өз міндеттемелерін орындамағаны үшін бұл фирмалар тек әкімшілік жауапкершілікке тарты­лады. Яғни, айыппұлмен құтылады. Ал оның залал-зияны үлкен болуы мүмкін. ІІМ дерегінше, террористік ша­буыл ны­санасына айналуы ықтимал объектілердің қорғалу деңгейін арт­тыру мақсатында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бөлімшелері елімізде арнайы іс-шаралар жүргізуде. Оның барысында күзет құрылымдарының және оның қызметкерінің лаңкестік сипаттағы қылмысқа үн қатуға дайын­дығы бағаланады. Бұлардың көбінде кездесетін ортақ кемшіліктері анық­талуда: жеке күзет ұйымдары қыз­меткерлерінің қырағылық дең­гейінің нашарлығы, келушілердің өткізу режимін сақтауына жүрдім-бардым қарайтыны әшкереленді. ҰҚК тиісті бөлімшелері жүргізген «жедел эксперименттердің» нәтиже­сінде террактілер алдында осал ны­сандардың қауіпсіздігіне жауапты бірқатар жеке күзет ұйымы: 2018 жылы – 10, 2019 жылы – 13, 2020 жылы 3 күзет фирмасы жазаланды. Тоқтала кетсек, «жасырын майдан жауынгерлері» Қостанай облысында жұртшылық, соның ішінде жас ұрпақ көп жиналатын жерде – Қостанай мемлекеттік педагогикалық универ­ситетінде тиісті қауіпсіздік деңгейі сақталмағанын анықтады. Сол үшін «Aslan-2014» ЖШС жеке күзет ұйымы жауапкершілікке тартылды. Қостанай облысының Меңді­қара ауданы әкімдігінде қауіп­сіздік деңгейіне немқұрайды қарағаны үшін «Арыстан» іздеу-күзету агенттігі» ЖШС-іне айып­пұл салынды. Қарағанды облы­сында Балқаш қаласы әкімдігінің қауіпсіздігін әлсіретіп жібергені үшін «Тумаргога» ЖШС, ал Нұр-Сұлтан қаласында аса маңызды мемлекеттік ны­сан – теміржол вокзалының қауіп­­сіздігіне нашар бақылау жүргізгені үшін «Әскери­лендіріл­ген теміржол күзеті» АҚ жаза тартты. Әкімшілік кодекстің «Тер­рористiк тұрғыдан осал объектiнiң терроризмге қарсы қорғалуын қамтамасыз ету және қауiпсiз­дiгiнiң тиiстi деңгейiн сақтау жөнiндегi мiндеттердi орындамау немесе тиiсiнше орындамау» атты 149-бабы бойынша жеке тұлға­ларға, лауазымды адамдарға – 100 АЕК (2020 жылы – 277 800 теңге), шағын кәсiпкерлерге – 200, орта кәсiпкерлiкке – 300, iрi кәсiпкер­лiкке – 500 АЕК (1 млн 389 мың теңге) айыппұл салынады.  

Реформаның не қажеті бар?

Халық көп баратын, мемле­кеттің тіршілігі үшін стратегиялық маңызды нысандар лаңкестердің шабуылына ұшырауы ықтимал. Оның алдын алу үшін күзет қыз­меті кірпік қақпай қоруы, әлеуетті басқыншыларға тойта­рыс беруге кез келген мезетте дайын тұруы тиіс. ІІМ шын мәнінде олай емесін жасырмайды. Сондықтан террористік тұрғыдан осал объек­ті­лерді күзетуге тек барлық талап­қа толық сәйкес келетін жеке құрылымдарды ғана жіберу көз­де­ліп отыр. Жалпы, қолданыстағы заңна­ма бойынша күзет қызметімен айналысу үшін жеке кәсіпкер немесе компания лицензия алуы керек. Дәл осы лицензия жеке күзет ұйымына (ЖКҰ) кез келген нысанды, соның ішінде ТТОО-ны да күзетуге мүмкіндік береді. «Қазақстанның күзет ұйым­дары қауымдастығының» дере­гінше, ішкі істер орган­дарында 5 мыңнан астам жеке күзет ұйымы тіркелген. Олардағы күзетшілер саны 98 мыңнан асады. Бұдан бөлек, республикада күзет дабыл қаққыш құралдарын орнатумен және техникалық қызмет көрсе­тумен айналысатын 986 заңды және жеке тұлға бар. ІІМ ақпаратына сәйкес, қа­зіргі уақытта 5 мың 225 жеке кү­зет фирмасы бүкіл еліміз бойынша 102 мың 515 ірі объектіні күзетеді. Оның 4 мың 761-і  террористік тұрғыдан осал объекті саналады. Дегенмен бұлардың әрқайсы­сының мүмкіндігі мен әлеуеті әрқилы. Мысалы, 5,2 мың фир­маның небәрі 424-інде ғана тәулік бойғы кезекші бөлімі бар. Сорақысы сол, бес мыңнан аса ЖКҰ-ның арасында тек 1 068-і жедел ден қоятын мобильді топ­қа ие. Тек 1 мың 544-інің күзетші­сінде қызметтік қару бар. Қалғаны қарапайым газды-травматикалық қарумен, таяқпен қаруланған. Бар-жоғы 612-сінде орталық­тандырылған бақылау пункті жаб­дықталған. Басқасы өзіне сеніп тапсырылған нысанды үл­кен мониторлардан бақылай алмайды.  

Жағдайды қалай түзеуге болады?

Ішкі істер министрлігі заңды тұлғаларға күзет қызметін жүзеге асыруға берілетін қолданыстағы лицензияны шағын түрлерге (под­виды) бөлуді ұсынады. Ұсы­нысын «Рұқсаттар және хабар­ламалар туралы» заңына түзетулер енгізетін жаңа заң жо­басына енгізбек. kyset2 Оған сәйкес, бірінші шағын түрі – террористік тұрғыдан осал объектілерді қоса алғанда, барлық нысандарды күзетуге, ал екін­шісі – ТТОО-ны қоспағанда басқа бар­лық нысанды күзетуге мүмкін­дік бермек. Яғни, лицензияның бірінші шағын түріне ие фирмалар өзіндік бір «элитаға» айналады. Қазақстандағы аса маңызды мем­лекеттік, страте­гиялық объек­тілерді, страте­гиялық маңызы бар экономика саласының кәсіп­орындарын және қауіпті өндіріс­тік нысандарды қорғау да тек осыларға жүктеледі. «Елдегі күзет қызметін талдау көрсеткендей, барлық жеке күзет ұйымдарына тең жағдайлар туғы­зу, кез келген объектіні кү­зету­ге рұқсат ету әрдайым қауіп­сіздік мүддесіне жауап бере бер­мейді. Заңды тұл­ғаларға ұсыны­латын лицен­зияны шағын түрлерге бөлу рұқсат беру құжаттары санының өсуіне әсер етпейді. Себебі шағын түр­лер І са­наттағы жеке рұқ­сатнама ре­тінде есепке алын­байды. Олар тек жүзеге асыру үшін лицензияның болуы талап етілетін қызметтің шағын түрлері саналады» делінген талда­малық нысанда. Заң жобасы қабылданса, ТТОО-лармен келісімшарт жа­сасқан жеке күзет ұйымында әл­гіндей лицензияның бірінші ша­ғын түрінің болуы талап етілуі мүмкін.  

Реформа шығыны қанша?

Лицензиялаудың І шағын түрін енгізу бизнестен қандай шығынды талап ететіні белгілі болды. Нақтылай кетсек, «Күзет қызметімен айналысу құқығына лицензия беру» мемлекеттік қыз­мет көрсету қағидаларына сәйкес, лицензияны қайта ресім­деу құны лицензия беру мөлшер­лемесі 10%-ын немесе 1 667 теңгені құрайды. Фирма күзетшілерінің тапан­ша не автоматы болмаса, қыз­меттік қаруды сақтау және қол­дану рұқсатнамасының құны 5 556 теңге тұрады. Күзет фирмаларының көбі ре­сей­­лік автоөнеркәсіптің ар­зан­қол көлігін пайдаланатынын байқап жүрміз. Ол өз елімізде де құрас­тырылады. ІІМ бір авто­көліктің орташа құны 2 миллион 800 мың теңгені, ал оған түсті-графикалық схемалар, тану бел­гілерін түсіру, жазулар жазу, ар­найы жарық және дыбыс дабыл­дарымен жабдықтау 115 мың теңге болады деп есептеп отыр. Нәтижесінде, «элиталы» лицен­зия алу үшін шамамен 2 млн 922 мың теңге қосымша шығын шыға­ру қажет болмақ. «Қазақстанның күзет ұйым­дары қауымдастығының» прези­денті Анатолий Калинин бұл бет­­­­бұрысты дұрыс көреді. – Біздің қауымдастық баста­маны қолдайды. Лаңкестер ныса­наға алуы мүмкін ірі нысан­дарды күзетумен тек кәсіби даяр­лығы бар, білікті күзет ұйымдары айна­лы­суы тиіс. Сонда ғана ол нысан­дар азаматтар үшін қауіпсіз бола­ды. Терроршылардан және төтен­ше жағдайлардан қорғалады. Бұл қадам бәсекелестікті шекте­мейді, өйткені елімізде ТТОО-лардан бас­қа қорғауға зәру нысан­дар жете­ді. Бұған қоса, кез кел­ген ұйым өз мүмкіндігін бірінші ша­ғын түрдегі лицензия алу тала­бы­на дейін жоғарылата ала­ды, – деді қауымдастық басшысы. Сала маманы Олжас Ирсим­бетов ішкі істер органдары негізгі проблеманы нақты айқындап отырғанын айтады. «Лаңкестер шабуылдауы мүм­кін стратегиялық, қауіпті нысан­дардың қорғалу деңгейі осалдау. Талап күшейсе, күзет ұйымдары өзі көрсететін қызметтер сапасын, жеке құрамының біліктілігін көтеруге мәжбүр болады. Талап болмаса, ауа жайылу жалғаса береді. Маңызды объект үшін жауапкершілік алдың екен, оны орындау үшін ұйымдас­тыру­шылық, техникалық мүмкіндік­те­рің, кәсіби кадрларың және қажетті жабдығың болуы тиіс», – деді сарапшы. Елордалық «Сигнал» күзет фирмасының президенті Борис Бектайыров та осы өзгерістерді құптайды. «Төл кезекші бөлімі, көлігі мен мобильді тобы болмаса, одан не қуат-қауқар күтуге болады? Стратегиялық немесе бұқара көп жиналатын орында қандай да бір тосын оқиға бола қалса, халық соған жол берген билікті кінәлауы мүмкін. Жаңа бастама нарықтағы адал емес, жосықсыз ойын­шы­лар­ға тосқауыл қояды, ұсақ ком­панияларды материалдық және физикалық ресурстарын өзара біріктіруге итермелейді. Күзет қызметі бойынша келісімге оты­рып, бірақ өзі шұғылданбай, қосалқы мердігерге бере салу се­кілді жағдайлар жойылуы тиіс», – дейді Б.Бектайыров. Дамыған елдерде де күзет саласы мемлекет тарапынан мұ­қият қадаға­ланады. Мысалы, АҚШ-та күзет ұйымының лицен­зия алуы шарт. Рұқсат мерзімі 1-2 жыл ғана. Яғни, жиі қайта рәсімдеуден өтіп, білік­тілігін рас­тап отырады. 22 штат­та күзетші болып тіркелу үшін ұсыныс хаты болуы керек. Фирманың кем дегенде бір қызметкері полиция, тергеу органдарында ең құрығанда 3 жыл жұмыс істеген болуы міндет. Кейбір штаттарында күзетші бо­луға кандидаттар «жалғандық детекто­рынан» өтеді. Барлық фир­мада үміткердің күрделі жағ­дайларда жұ­мыс істеу қабі­летіне міндетті психологиялық тестілеу жүргізіледі. Еуропалық елдерде де ұқсас талаптар қойылады. Нәтижесінде оларда беделді күзет компа­ния­лары негізінен бұрынғы поли­цейлерді, ФБР, ЦРУ қызмет­керлерін, сондай-ақ арнайы әске­ри бөлімдерде қызметін өткерген әскерилерді жұмысқа алады. Ал бізде армияға барып қайтсаң болды, «Күзет-Security» атануға жарай бересің.  

Елдос СЕНБАЙ