КСРО ыдыраған соң постсоциалистік кезеңде «жаңа кедейлер» деген ұғым пайда болған. Олар бұрынғы интеллигенция еді. Бұл топқа негізінен жоғары білімді адамдар кіреді
– Жалпы, кедейлік қалай анықталады? Бұрынғыдай тігерге тұяғы қалмапты дейміз бе? – Кедейліктің ауқымы мен көлемін анықтайтын категориялар – күнкөріс минимумы және ең төменгі жалақы деген категориялар. Қазақстанда күнкөріс минимумы 32 668 теңгені құрайды. Ең төменгі жалақы – 42 500 теңге. Егер пайызға шақсақ, күнкөріс минимумы төменгі жалақының 77 пайызын құрайды. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда прогресс тәрізді көрінгенімен, теңгенің құнсыздануы, әлемдік және отандық экономикадағы дағдарыс жағдайында бір айда – 42 500 теңгеге өмір сүрудің қиын екені түсінікті. Мысалы, Қазақстанда орташа жалақы 212 мың 35 теңгені құраса, модальдық айлық табыс 58 034 теңгені құрайды. Сонда біз орташа айлық табыс пен модальдық айлықтың арасындағы айырмашылықтың төрт есеге жуық екенін байқаймыз. Осы тұста модальды айлық табыс дегенді түсіндіре кетсек, бұл – ең жиі кездесетін табыс көрсеткіші. Яғни, қазақстандықтардың көпшілігі осы модальды айлық табысты алып отыр. Мұны көпшіліктің орташа айлық табысы ретінде де бағалауға болады. Нарықтағы инфляцияны, тауар бағасының қымбаттауын ескерсек, бұл табыстың өте төмен екені бірден байқалады. Ал пандемиядан кейінгі дағдарыс кезіндегі экономикада осы табыспен күн көретін адамдар жағдайының қаншалықты ауырлайтыны айтпаса да түсінікті деп ойлаймын. Сонымен бірге медианалық табыс деген бар. Қазақстандықтардың медианалық табысы 112 195 теңгені құрайды. Бұл Қазақстандағы кедейлік шегіне жақын тұрғандар саны көп екенін байқатады. Егер қазақстандықтардың табысын азаматтардың айлық шығынына қарай есептесек, онда мәселенің қаншалықты күрделі екені көзге түседі. Зерттеушілер қазақстандық 18 жастан асқан әрбір ер-азамат айына орташа есеппен 70 еуро қаржы жұмсайтынын анықтаған. Бұл дегеніңіз – 34 500-ден астам теңге. Ал 14 жастан асқан қыздар мен әйел адамдар айына 60 еуро немесе 29 580 теңге, балалар 45 еуро немесе 22 185 теңге жұмсайды. Ал жан басына шаққандағы табыс 22 868 теңгеден төмен болса, онда бұл отбасы кедей болып есептеледі. Қазақстанда дәстүрлі формасын сақтаған үлкен, көпбалалы отбасылар бар екенін білеміз. Сондықтан кедейлер тобына түсіп қалу қаупі бар отбасылар да көп деуге толық негіз бар. Одан бөлек, табысы төмен отбасылар да өздігінен кедейлер қатарын толықтырады. Сонымен бірге қазіргі таңда кедейлікке қатысты жаһандық тенденция бар. Ол – кедейліктің феминизациясы, яғни кедейлік деңгейіне түсетіндердің арасында әйелдердің мол болуы. Бұл тенденция бізде де бар. Әйелдер мен балалар ерлермен салыстырғанда кедейлер тобына көбірек түсіп қалады. Сонымен бірге кедейленудің жас ерекшеліктері де бар. Айталық, балаларды алайық. Олар өзін-өзі асырай алмайды, қамқорлыққа зәру. Оларды ата-анасы, туысқандары, мемлекет қамқорлығына алуы керек. Одан бөлек, егде адамдардың да кедейленуі жиі кездеседі. Зейнет жасындағылардың кедейлену қаупі жоғары. Сонымен бірге мүмкіндігі шектеулі жандардың да кедейленуі кең тараған. Ал пандемиядан кейін жағдайдың қалай өрбитіні белгісіз. Өйткені әзірге коронавирустың нақты зардаптары анық емес. Бұл дерт адам ағзасындағы түрлі сырқатты қоздырып, еңбекке жарамсыз адамдар қатарын өсіруі мүмкін. Бұл өз кезегінде кедейлер тобына түсіп қалуы мүмкін адамдар қатарын көбейтуі ықтимал. Сондай-ақ кедейлер тобына еніп кетуі мүмкін азаматтардың келесі бір тобы – шығармашылық интиллегенция. Постпандемия кезеңінде осы «жаңа кедейлер» саны артатын шығар. – «Жаңа кедейлер» қатарын сонда қай саланың мамандары немесе қандай кәсіп иелері толықтыруы мүмкін? – Пандемия қоғамдағы түрлі салаға зардабын тигізді. Қазіргі кезде шағын және орта бизнес субъектілері пандемия кесірінен туындаған экономикалық дағдарыстан үлкен зиян шегіп отыр. Мәселен, қазақстандық қонақүй бизнесі дағдарысқа ұрынды. Демек, бұл салада жүрген кәсіпкерлер пандемиядан кейін өз жұмыстарының бағыт-бағдарын өзгертуге мәжбүр болады. Сонымен қатар қоғамдық тамақтану, той бизнесі, мейрамхана бизнес де зардап шекті. Демек, пандемиядан кейін бұл сала толық қайта құрылымданатыны сөзсіз. Сондай-ақ, сауда және коммерциядағы дағдарыс бұл саладан табыс тауып жүрген көптеген қызметкерді жұмыссыздар қатарына қосты. Бұл жаһандық тенденция болып тұр. Сондықтан бұл бағыттағы компаниялар өз жұмыстарын қайта ұйымдастыруға мәжбүр болады. Әйтпесе, еңбек нарығынан шығып қалады. Қазақстанда осынау сын-қатерге төтеп беру үшін көптеген сауда компаниясы онлайн саудаға жүгінді, бірақ оның деңгейі тым жоғары емес. Бірақ өсу тенденциясы байқалады. Осы аталғандардан бөлек, пандемиядан кейін «жаңа кедейлер» қатарын толықтыруы мүмкін азаматтар қатарына әкімшілік қызметкерлерді қосар едім. Өйткені қашықтан жұмыс істеу басқару ісінде артық звенолардың, осы сегментте атқаратын функциясы қажет емес қызметкерлердің бар екенін көрсетті. Мұндай жағдайды зерттеушілер болжап та жүретін. Яғни, еңбек жағдайын ақпараттандыру басқару сегментіндегі жұмыскерлерді қысқартады деген болжам айтылатын. Ал пандемия бұл тенденцияны үдетіп жіберді. Сондықтан бұл саладағы мамандардың қысқаруы, олардың жұмыссыз қалуы әбден мүмкін. Демек, олар потенциалды кедейлер деген сөз. [caption id="attachment_64064" align="alignnone" width="729"] © коллаж: Елдар Қаба[/caption] – Кедейлік деген не өзі сонда? – Жалпы кедейлік дегенге қайта оралсақ. Бұл – адамның, белгілі бір әлеуметтік топтың немесе мемлекеттің өмір сүруіне, тіршілік етуіне қажетті ресурстарға қол жеткізе алмауы. Кедейлікті абсолютті және салыстырмалы деп екіге бөледі. Абсолютті кедейлік дегеніміз – адамның, әлеуметтік топтың өз тіршілігіне ең қажетті ресурстарға қолының жетпеуі. Ал салыстырмалы кедейлік – қоғамдағы өмір сапасын білдіретін стандарттарға белгілі бір топтың қолының жетпеуі. Бұл жерде басқалармен салыстыра отырып, «мынандай көрсеткішке сәйкес келсе кедей дейміз» деген тәрізді талаптарға сай келуіне байланысты бағаланады. Айталық, білім турасында алсақ, білімге қолының жетпеуі, медицина қызметін, қоғамдағы өзге де игіліктерді пайдалана алмауы. Әдетте кедейлер сапалы білімге, медициналық қызметке қол жеткізе алмайды және олардың өмір сапасы да төмен болады. – Бәлкім, кедейліктің де түрі болатын шығар. Әдетте «рухани баймыз» деп жатамыз. Рухан кедей болсақ ше? – Көбінде біз кедейлікті материалдық тұрғыдан қарадық. Ал кедейліктің тағы бір маңызды бағыты – рухани кедейлік мәселесі. Кедейліктің бұл түрі материалдық кедейліктен де күрделі және қауіпті. Біз сөз басында кедейлік деп адамның белгілі игіліктерге қол жеткізе алмауы, қажеттіліктерін қанағаттандыра алмауы дедік. Ал қажеттіліктер туралы айтар болсақ, олардың ішінде тамақ, баспана, киім тәрізді материалдық сипаттағылардан бөлек, әлеуметтік қажеттілік болады. Яғни, басқалармен қарым-қатынас жасау, шығармашылық байланыс орнату, қоғамдағы әлеуметтік белсенділік дегендей жалғасып кете береді. Одан бөлек, зияткерлік қажеттілік те бар. Ол білім мен біліктілікті көтеру, шығармашылықпен айналысу сияқты бағыттар. Пандемияға байланысты енгізілген карантин осы қажеттіліктер тобын қанағаттандыруымызға үлкен кедергі келтірді. Яғни, кез келген адамда табиғи қажетіліктерді өтеуге керек болатын қаржылық-материалдық құндылықтармен қатар, оның басқалармен қарым-қатынас орнатуға, шығармашылығын, ой-пікірін өзгелермен бөлісуге, білімін көтеріп, біліктілігін арттыруға деген ұмтылысы, мұқтаждықтары болады. Бұлардың барлығы адамның мәдени капиталы динамикасына ықпал етеді. Ал адами капитал негізін білім құрайтындықтан, оған деген қажеттілік рухани мұқтаждықтар тобын қалыптастырады. Рухани қажеттіліктердің қанағаттанбауы рухани кедейлікке апарып соғады. Ал рухани және материалдық кедейлік өзара байланысты болып келеді. Айталық, материалдық тұрғыда кедей адамның рухани байлыққа қол жеткізуі неғайбіл. Сол сияқты рухани кедейлік материалдық игіліктерге қол жеткізуге мүмкіндік бермейді. Бұл жерде мәселе қазақ қоғамында айтылатын «рухани байлық» туралы емес, әлеуметтану ғылымында жүйеленген, нақты сипатталған рухан байлық немесе кедейлікке қатысты болып отыр. Сондықтан қоғамның кедейленуі, кедейлер қарасының көп болуы тұтас қоғамның рухани деградациясына алып келуі ықтимал. Рухани деградация ешқашан материалдық байлыққа, жағдайды жақсартуға, жақсы нәрсеге, сапалы өмір, білім, қызметке ұмтылуға мүмкіндік бермейді. Сол себепті кедейлікті мүмкіндігінше болдырмауға тырысу керек. Ол үшін мемлекет өзінің институттық тетіктерін, өз мүмкіндіктерін пайдалана отырып, әлеуметтік-экономикалық реформалардың, бұл бағыттағы саясаттың концептуалды негіздеріне назар аударуы тиіс. Ал біздің билік мемлекеттің әлеуметтік институт ретіндегі тетіктерін тиімді пайдалана алмай отыр. – Әңгімеңізге рақмет!Сұхбаттасқан Аманкелді ҚҰРМЕТ