12 адамның өмірін қиған жантүршігерлік апаттан кейін бірден мемлекеттік комиссия құрылып, істің ақ-қарасын айыруға кірісіп кеткен болатын. Сол екі арада ұшақ соғылған үйдің иесі Решет Қалибекке «Заңсыз жер алып, үй салды» деп айып та тағылды. Өз бетінше баспана тұрғызып алатындай бұл үй «айдалада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау» емес, қаланың іргесінде, елдімекеннің шетінде-ақ орналасқан. Оның үстіне, сол кезде көптің көкейінде «Жердің құжаты болмаса, жергілікті билік үй салуға неге рұқсат берген?» деген күмәнді ой да болды. Үй иесі «Мен ол жерді 2014 жылы Өмірғазиева Гүлнәр есімді азаматшадан сатып алдым. Ортада делдал болды. Ол жердің барлық құжаты заңды. ХҚКО-да ресми түрде маған тіркелді» деп көпшіліктен араша сұраған. Сол кезде вице-премьер Роман Скляр Талғар ауданы әкімдігінің лауазымды тұлғалары 2015-2019 жылдары қосалқы шаруашылықпен айналысу үшін (арасында тұрғын үй құрылысы да бар) жер телімдерін заңсыз үлестіргенін айтып, «Ережеге сәйкес, ұшу-қону жолағынан төрт шақырымға дейінгі аралықта нысан салу үшін әуежай комиссиясының келісімі керек, алайда (жер телімінің иелері) мұндай келісімнен өтпеген. Барлық бұзушылық анықталып, дәлелденсе, кінәлілер заң бойынша жазаланады. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Аяқталғаннан кейін тиісті шешім шығарылады» деген болатын.
Таяуда Алматы облысында Bek Air ұшағының апатқа ұшырауына байланысты іс бойынша бұрынғы шенеуніктерге қатысты сот отырысы өтті. Сотталушылар қала әуежайына жақын жерді заңсыз беруіне байланысты айыпты деп танылды. Олар бұрынғы бес мемлекеттік қызметкер – Талғар аудандық жер қатынастары бөлімінің бұрынғы бастығы Рустам Тұрысбеков, Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығының Талғар аудандық бөлімшесінің бұрынғы басшысы Жарас Мәшімбаев, сол орган басшысының міндетін атқарушы Медеу Қалыбеков, Талғар аудандық «Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы» бөлімшесінің жерге орналастыру секторы басшысының міндетін атқарушы Берік Абдуллаев және сол ауданның жер қатынастары бөлімінің бұрынғы бастығы Қайрат Алтынбекұлы. Оларға қызмет бабын асыра пайдаланды деген айып тағылып отыр. Экс-мемлекеттік қызметкерлер сотта өз кінәсін мойындады.
Экс-шенеуніктер мен жер сатып алушыларды байланыстырып, арада делдал болған риэлтор Нұрайым Алданыштың да ісі қаралуда. Алайда ол өз кінәсін мойындамай отыр. Істі Талғар аудандық сотының судьясы Айдос Байғалиев қарайды. Риэлтордың адвокаттары соттың барлық құрамына қарсылық білдірді. Олар бұрынғы бес шенеунік пен олардың туыстары судьялармен таныс болуы мүмкін деп санайды, себебі барлығы Талғарда тұрады, ал айыпталушылар бір кездері мемлекеттік органдарда басшылық қызметтер атқарған. Мысал ретінде адвокаттар судья Еркебұлан Келемсейітовті келтірді. Ол сотталушылардың бірі Жарас Мәшімбаевпен таныс болғандықтан, өздігінен бас тартуға мәжбүр болды. Алайда Талғар аудандық сотының барлық құрамы қарсылық білдіруден бас тартты.
«Қарсылық білдірушілерді қарайтын судьялар Талғар аудандық соты судьяларының осы қылмыстық іс бойынша мүдделілігі байқалмайды, өйткені адвокат Керімова Р.В. судьялардың бұл іске жеке немесе жанама түрде мүдделі екені туралы сенімді дәлелдер ұсынбады», – деп жазылған сот шешімінде.