Қасқабұлақтағы тәртіпсіздік неден туындады?
Қасқабұлақтағы тәртіпсіздік неден туындады?
188
оқылды
Жамбыл облыстық Полиция департаменті кеше Қасқабұлақ ауылында болған тәртіпсіздікке қатысты түсінік берді. Жалпы, осы ауылда тәртіпсіздік болды деген хабарды белгісіз бір аза­маттар жылдам таратқан. «Атыс болып жатыр! Тас лақ­тырып жатыр. Жергілікті тұрғындар мектепте тығылып отыр», – делінген әлеуметтік желілердегі хабарламада. Бірақ құқық сала­сының қызметкерлері қазір жағ­дайдың тұрақты екенін айтуда. «11 тамызда сағат 01.30-да Талас ауданының Полиция басқармасына Жамбыл облысы Талас ауданы Қасқабұлақ ауы­лында бұзақылық әрекеттер болғаны туралы хабар түсті. По­ли­ция 14 адамды ұстады. Олар «BMW 525», Toyota Camry және «ВАЗ 2107» көлігінде болған. Күдіктілер Талас ауданының Полиция басқармасына жет­кізілді. Бұл факті бойынша Қыл­­мыстық кодекстің 293-бабы («Бұзақылық») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр», – дейді облыстық Поли­ция департаментінің баспасөз қызметі. Тәртіп сақшыларының мәлі­метінше, қазір ауылдағы жағдай тұрақты, заң бұзу деректері тір­кел­меген. «Жамбыл облысының Поли­ция департаменті тұрғындардан шындыққа жанаспайтын ақпа­ратты таратпауды сұрайды. Полиция жалған ақпарат тарату қылмыстық жауапқа тартуға алып келетінін ескертеді», – де­лінген ресми хабарламада. Аталған оқиғаға байланысты Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев та бұзақы­лық орын алған ауылға барып жұртшылықпен жүздесті. – Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз және қоғамдық тәртіпті бұзғандардың барлығы заң аясында жауап береді. Ең бастысы – қа­зақс­тандық қоғамда бейбітшілік пен тыныштық сақталуы керек, – деп атап өтті кездесуде Бердібек Сапарбаев. Дабыл түсе салысымен, бір­ден оқиға орнына полицейлер, облыс әкімінің әлеуметтік мә­селелер жөніндегі орынбасары жеткен. Жағдай жедел бақылауға алынып, барлық бұзақы қолға түскен. Қазір құқық қорғау ор­ган­дарының қызметкерлері оқи­­ғаның мән-жайын, кі­нә­лілер мен арандатушыларды анықтау үстінде. Жергілікті тұрғындардың алаңдауына негіз жоқ, олардың қауіпсіздігі толықтай қамтамасыз етіледі. «Біздің қоғамда ешкім ала­уыз­дық туғыза алмайды және бір топ жастың бұзақылық әре­кеттерінен ешқандай астар іздеудің қажеті жоқ», – дейді ауыл ақсақалы Махмуд Темиров. kackabylak1 Бер­дібек Сапарбаев жас­тардың, әсіресе бұзақылыққа қатысты жастардың ата-аналары арасында тәрбие жұмыстарын күшейту қажет екеніне назар аударды. Айта кету керек, олар­дың бірқатары кездесуге арнайы қатысты. Олардың аты­нан ұсталған жігіттердің бірінің атасы Аманжол Ділда­беков сөз алып, болған оқиға туралы естігенде жағасын ұстағанын жасырмады. «Мен Қасқабұлақ ауылының тұрғындарынан балаларымызды бақылай алмағанымыз үшін шын жүректен кешірім сұрай­мын», – деді ақсақал. – Мұның бәрі істерге ісі жоқтықтан туындайды. Егер он екі мүшесі сау болса, онда ол ата-анасына масыл болмай, еңбек етуі керек. Ата-аналар өздері балаларының бос уақытын қалай өткізіп жүргенінен хабарсыз. Біздің жалғыз Отанымыз бар, ол – Қазақстан. Біз өзі­міз­дегі ең құнды дүние – қоғам­дағы бейбітшілік пен келісімді бағалай білуіміз керек. Тағы да қайталап айтамын, заңды бұзған әрбір адам қатаң жауап­қа тартылады. Шамасы, бұл бұ­­­­зақылықта арнайы ұйым­дас­­­­тырушылар болған се­кілді. Полицияның міндеті – олар­ды табу және осыған ұқсас оқиғалардың алдын алу. Ата-ана, мектеп, қоғам және билік, бұлардың бәрі бірлесе отырып, өскелең ұрпақтың бойында толеранттылық, мейі­рім­ді­лік және адамсүйгіш, әр­бір азаматқа құрметпен қа­рау секілді игі қасиеттерді қа­­лып­тастыру жо­лында жұмыла жұмыс істеуі тиіс, – деп қоры­тындылады кездесуді Бердібек Машбекұлы. Құзырлы органдар қазір Қасқабұлақтағы жағдайдың тұ­рақты екенін айтады. Сондай-ақ жергілікті билік те бұл мәсе­лені жіті бақылауына алған. Тәр­­тіп бұзғандардың барлығы құрықталып, арандатушылықты ұйымдастыруы мүмкін деген азаматтар іздестірілуде.  

Саятхан САТЫЛҒАН