Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінде базарлар, сауда үйлері, сауда және ойын-сауық орталықтары өкілдерімен қауіпсіздік пен санитария нормаларының қатаң сақталуын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Нұр-Сұлтан әкімінің орынбасары Бақтияр Макен жұмыс орындарын дезинфекциялауға ерекше назар аудару қажет екенін айтты, деп хабарланды елорда әкімдігінің ресми сайтында.
«Карантин шаралары жағдайды тұрақтандыруға және науқастар санын азайтуға мүмкіндік берді. Карантин режимі алынғаннан кейін кәсіпкерлік орындар жұмысын қайта жалғастыра алады. Бірақ карантин біртіндеп алынғаннан кейін босаңсуға болмайды, өйткені вирус ешқайда кеткен жоқ. Алда күз – ЖРВИ маусымы. Дәрігерлер мен медицина мекемелеріне ауыртпалық түседі. Сондықтан жаппай вирус жұқтырудың алдын алу үшін қатаң санитария нормаларын сақтау қажет. Бірінші кезекте кәсіпкерлік нысандары тұр. Кіре берісте антисептик, дезинфекция құралдары болуы, сатушылар маска мен қолғап кию керек. Ғимарат ішінде бір уақытта адамдардың көп болуын шектеп, әлеуметтік қашықтықты сақтау қажет. Әлеуметтік қашықтық белгілері орнатылып, міндетті түрде маска тағу туралы ескертпелер жасалуы керек», - деді елорда әкімінің орынбасары Бақтияр Макен.
Сондай-ақ бизнес нысандарының иелері желдету жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп, қызметкерлерге санитария нормаларын сақтаудың маңызы туралы нұсқау беруі керек. Санитарлық дәрігердің бұйрығына сәйкес, кәсіпорын басшылары жұмысшылардың денсаулығына жауапты.
Еске сала кетейік, 11 тамызда Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елде эпидемиологиялық жағдайдың жақсарып келе жатқанына байланысты ведомствоаралық комиссияға карантинді біртіндеп жеңілдетуді ұсынды.