Коронавирус кеселі жас, әлде кәрі деп таңдамайтынына көз жетті. Көп жағдайда ауру егде жасқа келген үлкендердің алқымынан алып жатса, ауру хәліне қарамай індетті жеңіп шығып жатқандар да баршылық. Соның бірі - Жамбыл облысы Жуалы ауданы Қайрат Ауылының тұрғыны Аманжол Дүрәліұлы.
79 жастағы Аманжол ақсақал облыстық көп бейінді балалар ауруханасының жұқпалы аурулар құрылымына жедел жәрдем көлігімен ауыр хәлде жеткізіледі. Науқастың түскен кезде дене қызуы 380С көтеріліп, тыныс алуы қиындай түскен. Қол саусақтары мен еріндері көгеріп, оттегі сатурациясы – 89 пайыз болған. Науқасқа жасалған медициналық талдау тексеру сараптамасы бойынша COVID – 19 ауыр сатысы, екі жақты вирусты пневмония, тыныс алу жеткіліксіздігінің 3 сатысы анықталған. Сондай-ақ, пациентте қосымша жүректің ишемиялық ауруы, ишемиялық кардиомиопатиясы, жүрек жеткіліксіздігі мен артериальды гипертензияның 3-ші сатысы сияқты созылмалы аурулары болған. 2019 жылы жедел миокард инфарктісін алған.
Екі күн бойы жансақтау бөлімінде жасанды тыныс алу аппаратымен тыныс алып, күшейтілген ем қабылдаған қария жасына және қосалқы ауруларына қарамастан жағдайы жақсарып, толық сауығып ауруханадан шықты. Жанын ажалдан арашалап қалған ақ халатты абзал жандарға ақсақал алғысын айтып, ақ батасын берді.