Ақтөбе облысында «Nur Otan» партиясының праймеризін өткізу жұмыстарының ұйымдастырылуы туралы партияның Ақтөбе облыстық филиалының кезектен тыс XXIX онлайн-конференциясы мен партия активінде айтылды. Бірінен соң бірі өткен іс-шараларға жүзден астам адам онлайн форматында қатысты.
Конференция жұмысын партияның облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Оңдасын Оразалин ашты. Ол праймериздің негізгі мақсат-міндетіне тоқталып, бұл саяси науқан жастарға да тиімді екенін айтты.
–Праймериз өткізу ережесіне сай партиялық тізімдегі әйелдердің үлесі 30 пайыздан, ал 35-ке дейінгі жастар 20 пайыздан кем болмауы тиіс. Бұл жастарға да үлкен мүмкіндік береді. Бүгінде «Nur Otan» партиясы жас отандастарымызды басты кадрлық резерв ретінде көреді, – деді ол.
Оңдасын Оразалин мәслихаттарға арналған партиялық тізімнің 70 пайызы праймеризден өткен үміткерлерден құралатынын атап өтіп, тізімге партиялық іріктеуден өткен азаматтардың енуі Қазақстанның саяси тарихында бұрын-соңды болмаған жағдай екенін жеткізді.
Партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов праймериздің негізгі мақсатына тереңірек үңіліп, өткізу ережесіне сәйкес әзірленген партияның облыстық филиалының қадамдық жоспарын айтты.
– Праймериздің мақсаты – Парламент мәжілісіндегі және мәслихаттағы тиімді депутаттық корпусты одан әрі қалыптастыру, партиялық желі бойынша ілгерілету, оларды мемлекеттік органдардағы лауазымдарға ұсыну үшін бәсекелестік күрес негізінде нақты және мықты көшбасшыларды анықтау. Оны жүзеге асыру үшін дайындалған қадамдық жоспар 5 негізгі кезеңнен тұратын іс-шараларды қамтиды, – дей келе, әр кезеңін жеке-жеке айтып берді.
Ербол Данағұловтың айтуынша, облыс бойынша праймеризге қатысып, дауыс беруші партияластар саны 33 150 адамды құрайды. Олар барлығы 211 БПҰ-на біріктірілген.
Праймеризге дайындық барысында облыста 136 дауыс беру учаскелері белгіленіпті. Облыстық филиал және барлық аумақтық филиалдар жанынан праймеризді өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитеті мен есеп комиссиясы құрамы анықталған. Сонымен қатар, облыс бойынша 25 жерде 3 деңгейде жария дебат өтеді.
Партияның Ақтөбе облыстық филиалы Саяси кеңесінің жаңа құрамы сайланып, конференция жұмысы аяқталған соң партия активі жалғасты. Мұнда партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары праймеризде азаматтардың денсаулығын қорғауға мүмкіндік жасалғанын, процестің шешуші һәм қорытынды бөлімі саналатын дауыс беру онлайн режимде өтетінін айтты. Кандидаттардың жария пікірсайыстарға қатысу тәртібін мәлімдеді.
–Кандидаттар үгіт-насихат жұмыстарына басымдық танытып, барлық партия мүшесі олардың бағдарламаларымен толық таныс болуы қажет. Партияның аудандық филиалдарының төрағалары мен саяси кеңес мүшелерін праймериз өткізуде жүктелетін міндеттемелерді жауапкершілікпен атқаруға шақырамын, – деді ол актив жұмысында.
Айта кетейік, іріктеуге жасы 20-дан асқан, сотталмаған Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Праймеризде тек партия мүшелері ғана емес, сонымен қатар партиялық емес, бірақ «Nur Otan» партиясына мүше болғысы келетіндер де бағын сынай алады.