Нұр-Сұлтанда жол қозғалысын бақылау барысында бір-бірінен аумайтын және нөмірлері бірдей екі автокөлік жүргені анықталды, деп хабарлады қалалық полицияның баспасөз қызметі.
Бұл жайт туралы белгілі болғаннан кейін полицейлер "двойник-көліктерді" іздестіруге кірісті.
Полицейлер камераларды аңдып отырып, 11 тамызда "егіздің бір сыңарын" ұстап алды. Келесі күні екінші сыңары да табылды.
Екі жүргізуші де автокөлікті заңды жолмен сатып алғанын айтып отыр. Келетін айыппұлдарды көлік иелері кезек-кезек төлеп жүргені де анықталды.
Ұсталған көліктер коммуналдық тұраққа қойылды. Тергеу жүргізілуде.
Сонымен қатар, Қазақстанда бұл көліктің үшінші сыңары да жүр екен, ол Өскеменнен табылды. Оның иесінің сөзінше, оған да Е 658 ВН 138 нөмірлі "Тойота Естима" көлігіне айыппұлдар келіп жатыр. Өзі бірақ бұл көлікпен Нұр-Сұлтанға бармағанын айтады.