Әскерилердің уәжіне сарбаздың анасы келіспейді
Әдеттегідей Қорғаныс министрлігі қысқа ғана ақпарат таратты. Оқиға 5 тамызда болғанын айтты. Министрліктің баспасөз қызметі жауынгердің парашюті толық ашылмағанын, жердегі офицерлердің қосымша парашютті ашу туралы бұйрығына жауынгер назар аудармағанын мәлімдеді. Сарбаз парашютпен секірерден бұрын, жерде арнайы инструктаждан өткенін алға тартады. Ал сарбаздың анасы Күлжахан Жамауова әскерилер ұсынған нұсқамен келіспейтінін мәлімдеген. «Олардың айтуынша, балам жерден берілген бұйрықты тыңдамаған көрінеді. Бірақ мұндай бұйрықты беретін адамдардың қолында мегафон болуы керек қой. Ондай құрал әскерилерде болмаған. Баламның парашютінің бір арқаны жоқ екен. Парашюттің өзі тергеушінің кабинетінде жатыр. Сараптама басталған жоқ» деп мәлімдеді. Оның үстіне, төтенше жағдай болған соң баласына гемодиализ жасайтын портативті multiFiltrate аппараты қажет болған. Алайда оны әскерилер тек үш күн өткен соң Ақтаудағы ауруханалардың бірінен тауыпты. «Балам жатқан ауруханада қазір ондай аппарат жоқ. Біз оны қаладағы клиникалардың бірінен зорға таптық. 8 тамызға дейін күттік» – дейді Күлжахан Жамауова. Оның үстіне, сарбаздың анасы баласын осы аппарат арқылы емдету үшін күніне 500 мың теңге қажет екенін айтады. Қазір бұл соманы сарбаздың достары мен әскери бөлімнің жауынгерлері жинап жатқан көрінеді.Мамандар не дейді?
Бірқатар маман министрліктің келтірген уәжінің қисыны жоғын айтады. Яғни, жауынгерге жерден хабарласу мүмкін емес. Өйткені оқиға тым биікте болған. Айталық, парашютпен секіруден кәсіби инструктор болып қызмет атқарған Алексей Оськин сарбаздың зардап шегуіне бірнеше фактор әсер еткен болуы мүмкін екенін айтады. Атап айтқанда, ең алдымен ұшақтан дұрыс секірмеу, парашютті қапқа дұрыс салмау, парашют жүйесінің техникалық жағдайының нашар болуы тәрізді бірқатар фактор әсер еткен болуы ықтимал. Ал мұндай жағдайда жауапкершілік сарбазға да, офицерлерге де түседі. Өйткені әрбір жауынгер өз парашютін өзі бүктеп, даярлауы керек. Ал мұны инструктор бақылап тұруы қажет. Дорбаға салынған парашютке арнайы белгі соғылып, қоймаға тапсырылады. Ұшатын кезде белгісі бүлінген парашют сарбазға берілмеуі керек. Алдын ала тексеруден өтеді. Сондықтан оқиғаға біржақты баға беру қиын. Оның үстіне, парашюттен алғаш секіріп жүргендерге арналған техника әдетте сенімді саналады. Демек, бұл оқиғада жауапкершілік екі жақта да болуы керек. «Парашютші ұшақтан секірген сәттен бастап барлық жауапкершілік те, тағдыры да тек өз қолында болады» дейді А.Оськин. Алайда ол Қорғаныс министрлігінің жерден берілген бұйрыққа жауынгер назар аудармағаны жөнінде таратқан мәлімдемесін түсіне алмай отыр. Бұл жауапкершіліктен қашудың белгісі секілді. Себебі ұшақтан адам секірген бетте құлақ бітіп қалады. Ол тіпті 15-20 минуттан соң қалпына келуі мүмкін. Сондықтан жауынгердің бұйрықты ести қоюы неғайбыл. Осы тұста сарбаздың анасы К.Жамауова мен А.Оськиннің пікірі бір жерден шығып тұр. Дегенмен К.Жамауова айтқан мегафон болғанның өзінде оның дыбысын жауынгер 100-150 метр биікте ғана ести алады. Сондықтан «жерден бұйрық берілді дегені ақылға қонымсыз», – дейді маман. Қысқасы, министрліктің уәжіне келіспейтіндер көп. Әрі олардың алға тартатын дәйектері қисынды көрінеді. Сондықтан бұл істе тәуелсіз сараптама жасалғаны дұрыс.Тәжірибелі офицер де мерт болған
Жалпы, Қазақстан армиясында салғырт-салақтықтың тым көп екенін соңғы 5 жылдағы оқиғаларға назар аударған адам бірден байқайды. Құлаған тікұшақтар мен ұшақтар, жарылған оқ-дәрі, істен шыққан техника біздің әскерде жиі кездесіп жүр. Мәселен, соңғы оқиға тіркелген Ақтау қаласында 2015 жылы теңіз десантшыларының 4 БТР-80 көлігі батып кеткен еді. Оқиға салдарынан 4 жауынгер қаза болған. Сол кезде жаттығуға бар-жоғы 6 БТР-80 көлігі қатысқан болатын. Демек, жаттығуға қатысқан барлық техниканың 66 пайызы батып кетті деген сөз. Кейін болған сотта оқиғаға адам факторы әсер етті деген шешім шыққан. Яғни, біз айтқан салғырт-салақтығымыз – осы. Ал тікелей парашютке қатысты оқиғаларға келсек, Қорғаныс министрлігі 2017 жылы ефрейтор Е.Өзбековтың қайтыс болғанын мәлімдеген еді. Ол оқиға 2017 жылғы наурызда болған. Онда да парашют ашылмай қалған. Ал мерт болған ефрейтордың армияға жаңа барған сарбаз емес, келісімшартқа қалған кәнігі жауынгер екенін ескерсек Қарулы Күштердегі тәртіп, техникалық қауіпсіздік, адам өмірін сақтау көңілден шықпайтынын аңғаруға болады. Келісімшартпен қызмет ететін сарбаздар алдымен мерзімді әскери борышын өтейді. Содан соң келісімшартен армия қатарында қалады. Демек Е.Өзбековты парашютпен алғаш секірді деуге келмес. Жоспардағы жаттығулардың бірінде қаза болды. Дегенмен сол кезде Алматы төңірегінде болған жаттығуда сарбаздардың 2 шақырымнан астам биіктен секіргені белгілі болды. Мұндайда десантшылар төмен қарай оқтай ұшып, 30 секундтан астам парашюттерін ашпайды. Мұндай «еркін қалықтау» кезінде парашютшінің жылдамдығы сағатына 200 шақырымнан асып кетеді. Бәлкім Е.Өзбеков осындай күрделі жаттығу кезінде мерт болуы ықтимал. Алайда кейін аталған сарбаз жайлы деректер ізім-ғайым жоғалды. Шамасы әскерилер сарбаздың отбасымен келіскен болуы да мүмкін. Ал былтыр қайтыс болған полковник С.Алдоңғаровқа келсек, ол өте тәжірибелі офицер еді. Офицер парашютпен 100-ден көп мәрте секірген. Тіпті түнде де, қиын метео жағдайларда да секірген. Күрделі тәсілдерді қолдануды да, тым биіктен секіруді де жақсы меңгерген маман. Бірақ былтыр тамызда өткен кезекті жаттығу кезінде оның парашюті ағытылып кеткен. Офицер қосалқы парашютті іске қосқанымен 200-250 метр биіктікте ол толық ашылып үлгермеген. Сөйтіп, полковник қаза тапты. Сол кезде де министрлік оқиға адами фактордың, соның ішінде салғырттықтың салдарынан болғанын алға тартты. Яғни, министрлік кез келген төтенше жағдайда ең алдымен адам факторын алға тартып шыға келеді. Ал Қарулы Күштерде қанша парашют бар, олардың сақталуы қандай, тозған жоқ па деген сансыз сауалға жауап жоқ. Армиядағы кез келген техникаға қатысты осындай сұрақтарға әлі күнге жауап берілген емес. Түйін:КСРО ыдырап, Қазақстан өз армиясын жаңа жасақтап жатқан жылдары, дәлірек айтқанда, 1992-2000 жылдар шамасында сарбаздар парашюттен жиі секіріп тұрды. Сарбаздардың парашютпен секіруі жылына 8 миллионнан асатын. Әрине, бұл жердегі есеп барлық десантшылардың жаттығулары бойынша екенін ескеру керек. Бірақ дәл парашюттің ашылмай қалғаны жайлы дерек сирек кездесетін еді. Ал соңғы үш жылда өкінішке қарай, жыл сайын парашютке қатысты төтенше жағдай тіркеле бастады. Бұл армиядағы жабдықтарды толық тексеруден өткізу қажет екенін байқатады. Әскерилердің өзіне салсақ, бәрін жылы жауып қоя салуы ғажап емес. Оқ-дәрі мен әскери жабдықтарды түгендеуді азаматтық сала мамандарынан жасақталған тәуелсіз комиссия есептемесе, армиядағы оқыс оқиға азаятын түрі жоқ.
Ардақ СҰЛТАН