Жүргізушілер «жұмыссыз қаламыз» деп қорқады
Болат Қылышбековтың бұлай деуіне мұның алдында ғана жұмысқа шығудан бас тартқан 80 жүргізушінің ереуілі себеп болғаны белгілі. Алайда ол болған жағдайды арандатушылық деп санайды. Айтуынша, қазіргі жұмыскерлер экс-басшымен жеке кикілжіңдері бар бұрынғы әріптестерінің айтқандарына еріп, жұмыс орнын тастап кеткен. – Жүргізушілердің барлығы «жұмыссыз қаламыз ба?» деп қорқады. Сол үшін прокуратураға да арыз жазбақ болды. Алайда автопаркте жұмыс берушімен, әкімдік қызметкерлерімен болған кездесуден соң ол райынан қайтты. Себебі оларға олай етсе, прокуратура арқылы өздері жұмыстан кететіндері айтылды, сондықтан жүргізушілер үрейленіп, үйлеріне қайтып кетті, – дейді автопарктің бұрынғы қызметкері Наталья Борисевич. Дегенмен де автопарк иесі жұмысшыларға сағаттық төлем жүргізу заң аясында есептеліп отырғанын дәлелдеп бағуда. Ал қызметкерлеріне әлеуметтік төлемдерді аудару мәселесін шешуді облыстық мәслихат сессиясында субсидияға берген ұсыным құпталса ғана қарастыратынын мәлімдеді. Бұл жерде облыстан сұралып отырған қаржы көлемі 1,5 миллиард теңге екенін айта кетейік. Әзірге тараптар айтысып, тартысып жүргенде, парктің 10 жүргізушісі арыз жазып, өз еркімен жұмыстан кетіп қалған. Қалғандары да жұмысқа шығуға еш құлықсыз. Қазір жұмысшылардың мүддесін қорғауға бұрынғы кондуктор Наталья Борисевич кіріскен. Ол сотқа жүгініп, әріптестерінің құқығын қорғау үшін республикалық көлік құралдары кәсіподағынан көмек сұрамақ.Қалалық әкімдік те кәсіпкерлерді қолдап отыр
Мәселенің мән-жайын білмек ниетпен осы жұмыстарға тікелей жауапты Семей қалалық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөліміне шықтық. Өкінішке қарай, олардан тек қалада былтырғы тендерді жеңіп алған үш автопарк бар екенін, жол жүру тарифі қанша екенін, саланы дамытуда әкімдік тарапынан қандай оңды шаруалар атқарылып жатқанын, қалада 2017 жылдың 5 тамызынан бері жол жүру құны 80 теңге, жеңілдігі барлар үшін қырық теңге екенін естіп, білдік. Ескертейік, бұл тариф тек Avtobys мобильді қосымшасы арқылы қолма-қол ақшасыз есеп айырысатындар үшін ғана қолжетімді. Ал қолында картасы жоқтар – 140 теңге, жеңілдігі барлар 70 теңгені қолма-қол төлеуге міндетті. Бұл – Семей әкімдігінің қаулысымен шығарылған шешім. Бөлім басшылары да автопарк басшысы Болат Қылышбековтің айтқанын қайталап, аталған бағыттарды субсидиялау туралы қала әкімі орынбасарының қолы қойылған хат бірнеше рет облыстық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасына жолданғанын жеткізді. Ол жақтан жауап болмағандықтан, тасымалдаушылар тарифті көтеру туралы ұсыныспен жергілікті қала билігіне шыққан. Қазір мұның есеп-қисабы тексеріліп, мәселе қаралып жатқан көрінеді. Бірақ бізді ойлантқаны бұл емес еді. «Осы айтқандарыңызды өз аттарыңыздан берейік» дегенімізде, әлгі бөлімнің басшысы Нұрлан Серғазинов та, оның қарамағындағы көлік секторының меңгерушісі Гүлнәр Теңізова да ат-тонын ала қашты. «Аты-жөнімізді көрсетпеңіздер, бөлім атынан дей беріңіздер» деп бір-біріне сілтеп жіберді. Жалпы, осы мәселені сараптау барысында көзіміздің жеткені, Семейдің жолаушылар тасымалдау мәселесінде талайдан бері шешілмей келе жатқан қордаланған мәселенің барлығы. Оны Болат Қылышбековтің өзге әріптестері де жасырмайды. Мәселен, «Таксомотор парк» ЖШС директорының орынбасары Бейбіт Қалиолланың айтуынша, қазіргі тариф автобустарды жөндеуге, жанар-жағармай мен жүргізушілердің жалақысын өтеуге толық жетпейді. Мұнымен қоса, мемлекеттен бөлінетін тиісті субсидияны алуға да кедергі көп. Сондықтан олар жолақысын 140 теңгеге көтеруді талап етуде. – Қиындықтарға қарамастан қызметкерлердің жалақысын төлеп отырмыз. Кәсіпорын басшылығы ең алдымен өз ауысымында жұмысын адал атқарған қызметкерлерге тиісті ақшасын беруге баса назар аударады. Бірақ қаражаттың жетіспеушілігі мен мемлекеттен бөлінетін субсидияның болмауынан кәсіпорын үлкен шығынға батып отыр. Жанар-жағармайдың бағасы да көтерілді. Сонымен қатар автобустың қосымша бөлшектерін біз көршілес мемлекеттерден тапсырыспен алдырамыз. Мұның бәрі кәсіпорынға ауыр тиіп отыр. Себебі карантин кезінде жолаушылар да аз, – дейді «Таксомотор парк» ЖШС директорының орынбасары Бейбіт Қалиолла.Автопарк басшысы айыппұл арқалады
Жағдайдың ушығып бара жатқанын байқаған облыс әкімдігі бұл мәселеге өзі араласты. Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің 2020 жылғы 20 шілдедегі № 88-r «Жоспардан тыс тексеру жүргізу туралы» өкімі негізінде облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы Семейдегі Semey Bus ЖШС-нің жұмысына жоспардан тыс тексеру жүргізіп шықты. Нәтижесінде кәсіпорын қызметінде жетпістен астам заңбұзушылық анықталды. Бұл жөнінде кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында жоғарыда аталған басқарма басшысының орынбасары Қайрат Әбілқайыров мәлімдеді. Оның айтуынша, аталған жоспардан тыс тексерудің тағайындалуына Семей өңіріндегі құзырлы органдар өкілдері С.Жақияновадан, И.Яковенкодан және А.Тоғаевадан, сонымен қатар Semey Bus ЖШС ұжымынан (барлығы 40 адам) келіп түскен арыз негіз болған. Соның негізінде ағымдағы шілде айының 23-29 күндері аралығында мемлекеттік еңбек инспекциясы ЖШС-інде тексеру жүргізген. Тексеру барысында Еңбек заңнамасының 72 бұзылу фактісі анықталған. Атап айтқанда, қызметкерлерге жалақы мен өсімпұлдарды төлеуде, пайдаланылмаған демалыстардың өтемақысын беруде, демалыс және мереке күндеріндегі жұмыс үшін ақы төлеуде заңбұзушылықтарға жол берілген. Сонымен бірге үстемеақыны, сағаттық тарифтік мөлшерлемені толық көлемде төлемеу салдарынан жалақының дұрыс төленбеуі тіркелген. – Еңбек заңнамасын бұзушылықтарға байланысты Semey Bus ЖШС әр кешіктірілген күн үшін қызметкерлерге 4 522 887 теңге көлемінде өсімпұл, еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша 41 760 теңге жәрдемақы, пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін 830 841 теңге өтемақы, сонымен бірге 2019 жылдың қазанынан 2020 жылдың маусымына дейінгі кезеңдегі жалақы берешегі – 878 651 теңгені (43 қызметкерге) төлеуге және үстеме жұмыс, мереке және демалыс күндеріне ақы есептеп төлеуге міндетті. Semey Bus ЖШС-нің қызметкерлер алдындағы жалпы қарызы – 6 274 139 теңге, – деді брифингте Қайрат Қадырманапұлы. Тексерудің қорытындысында мемлекеттік еңбек инспекторлары тарапынан Semey Bus ЖШС басшылығына анықталған заңбұзушылықтарды ағымдағы жылдың 31 тамызына дейін жою туралы ұйғарым жіберіліп, заңды тұлға 120 АЕК (333 360 тенге) мөлшеріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. P.S.Сонымен қоғамда және әлеуметтік желіде үлкен резонанс тудырған мәселенің мән-жайы осылай болып шықты. Субсидияға сеніп, сазға отырған Семейдегі Semey Bus-тың ендігі тағдыры қалай болатыны белгісіз. Ең бастысы, облыстық әкімдік дұрыс шешім қабылдап, әлем назары шығысқа, Абай еліне ауып тұрған мерейтойлы жылда ел алдында ұятқа қалмасақ болғаны...
Дәурен АЛЛАБЕРГЕНҰЛЫ, Шығыс Қазақстан облысы