Қанша оқушы қашықтан оқып, қаншасы мектепке барады?
Әрине, ең бастысы – балалардың қауіпсіздігі. Сол себепті Үкімет жаңа оқу жылында мектеп оқушылары ішінара қашықтан оқыту жүйесін сақтайтынын мәлімдеді. Жамбыл облысы әкімдігі де қазір жаңа оқу жылына қызу дайындық жасап жатыр. Бұл жайында Өңірлік коммуникациялар қызметінде тікелей эфирде өткен брифингте аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев баян етті. Облыс әкімінің сөзіне сүйенсек, жаңа оқу жылында өңір бойынша 442 мектепте 234 700 бала оқиды деп күтілуде екен. Оның 26 400-і мектеп табалдырығын алғаш рет аттамақ. – Әлемдік пандемияға байланысты оқу процесі екі түрлі форматта өтеді. Атап айтсақ, облыстың 275 мектебінде 215 400 оқушы қашықтан оқитын болса, барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, 167 мектептегі 19 300 оқушы дәстүрлі түрде білім алуды жалғастырады. Білім беру нысандары дезинфекциялау құралдарымен, санитарлық тазартқыштармен, тепловизорлар және басқа да қорғаныш құралдарының қажетті қорымен қамтамасыз етіліп отыр, – деді облыс әкімі. Қашықтан оқыту DarynOnlain білім беру платформасының көмегімен жүзеге асырылмақ. Ал жұмыс істейтін немесе үйде балаларына онлайн режимінде білім беруді ұйымдастыра алмайтын ата-аналар үшін қатаң санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес, «кезекші 1-4 сыныптар» ашу мүмкіндігі қарастырылуда. Сапалы қашықтан оқытуды ұйымдастыру үшін оқушылар мен мұғалімдерді компьютерлермен және интернетпен қамтамасыз ету мәселесі де шешілуде. Қазіргі таңда мектеп оқушыларының 134 800 немесе жалпы санының 57,4 пайызы дербес компьютерлермен және ноутбуктермен қамтамасыз етілген. Ал 99 800 (42,5%) оқушыда компьютер жоқ. – Облыс мектептерінде 25 600 компьютер бар. Тағы 26 400 компьютер сатып алуға республикалық бюджеттен 4,1 миллиард теңге бөлінді. Қосымша 4 500 компьютер жергілікті бюджет есебінен алынады. Сондай-ақ 23 мың роутер-модем сатып алу жоспарлануда. Компьютер және интернетпен қамтамасыз етуде алдымен көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балалар назарға алынады. Бұл санаттарға шамамен 40 мыңға жуық бала кіреді, – деді аймақ басшысы. Айта кету керек, облыс оқушыларын оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз етуге 2,9 миллиард теңге бөлінген. Оқулықтарды үлестіру 25 тамызға дейін толығымен аяқталатын болады. Осылайша, жаңа оқу жылында мектеп оқушылары оқулықтармен 100 пайыз қамтылмақ.Биыл 22 білім беру мекемесі салынуда
Биыл Жамбыл облысында білім саласында құрылыс қарқынды. 22 білім беру мекемесін салуға 10,1 миллиард теңге бөлінген. Олардың қатарында 15 мектеп, алты қосымша құрылыс және бір оқушылар сарайы бар. Бүгінде бір мектептің құрылысы аяқталса, жыл соңына дейін 14 нысанды, оның ішінде 8 жаңа мектепті пайдалануға беру жоспарлануда. Осылайша, үш апатты, бір үш ауысымды, орын тапшылығы бар үш мектеп және екі ескі мектеп мәселесі шешілмек. Қалған екі апатты, сегіз үш ауысымды және орын тапшылығы бар бес мектептің түйткілінің түйіні 2021-2022 жылдары кезең-кезеңімен тарқатылмақ. Атап айтсақ, Тараз қаласында 1 278 орындық төрт жаңа мектептің құрылысы жандануда. Жобаның жалпы құны – 2,8 миллиард теңге. Сондай-ақ «Жұмыспен қамтудың жол картасы» және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары мен жергілікті бюджет есебінен 42 мектептің күрделі, 53 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл мақсатқа 8 миллиардтан астам теңге қарастырылған. Бұдан бөлек, Таразда бюджеттен тыс қаражат есебінен жалпы құны 2,2 миллиард теңге болатын Оқушылар сарайының құрылысы да жүргізілуде.Дәретхана мектеп ішіне орнатылып, оқушыларды камера бақылайды
Биыл мектептегі оқушылардың қауіпсіздігіне баса көңіл бөлінеді. Әсіресе, дәретханаларды мектеп ішінен орнатуға айрықша басымдық берілуде. Атап айтсақ, қазіргі таңға дейін 153 мектептің ішіне дәретхана орнатылып қойған болса, қалған 132-сінің мәселесі жаңа оқу жылына дейін шешілмек. Бұл мақсатта биыл жергілікті бюджеттен 1,1 миллиард теңге бөлініп, толықтай тетігін табуда. – Жаңа оқу жылында мектеп оқушыларының қауіпсіздігін басты назарға алып отырмыз. Дәретхананы мектеп ішіне орнатудан бөлек, балабақшалар мен білім беру мекемелерін 100 пайыз бейнебақылау камераларымен қамтамасыз етпекпіз. Нақтырақ айтсақ, 442 мектепке 5 977 камера қойылатын болса, 411 балабақша да 4 245 камераның бақылауында болады. Бұдан бөлек, қауіпсіздік турниктерін де орнатудамыз. Өткен жылы мұндай құрылғы 12 мектепке орнатылса, жаңа оқу жылына дейін қауіпсіздік турниктері 40 мектепке қойылады. Бұл құрылғы арқылы ата-ана баласының қашан мектепке кіргенін және қай уақытта қайтқанын бақылай алады. Осы ретте тағы бір айта кетерлігі, тамыз айының ішінде біз қоғамдық көліктерге де электронды билет енгізгелі отырмыз. Бұл арқылы да ата-ана баласының қай автобусқа қашан отырғанын біліп отырады, – дейді Бердібек Машбекұлы. P.S.Міне, осылайша Жамбыл облысы жаңа оқу жылына тас-түйін дайындықпен келуде. Әрине, бұл дүниелер статистикада ғана емес, іс жүзінде де толықтай жүзеге асады деп сенеміз. Ол үшін, әрине қала, аудан әкімдері мен білім беру мекемелеріне жіті бақылау қажет.
Әлемдік пандемия кезінде балалардың бір бөлігі қашықтан оқитынына түсінікпен қараған абзал. Себебі бұл ең бірінші оқушылардың денсаулығы үшін маңызды. Ал мектеп қабырғасында оқуын жалғастыратындардың денсаулығын биыл білім ордаларының ішінен ашылған медициналық пункттер қадағалайтын болады. Осы тұстан келгенде, біздің ұтарымыз көп болып тұр. Ең бастысы, жаңа оқу жылы еш төтенше жағдайсыз әрі қауіпсіз өтсе екен деп тілейміз.
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы