Киберспортқа құлшынғандар көбейді
Киберспортқа құлшынғандар көбейді
449
оқылды
 

Геймер көп, киберспортшы аз

Компьютер ойындарына құмартқандар үшін қоғамның нормадағы көзқарасы түзу бол­маған. Сондықтан оны спорт саласына енгізуді қостамайтындар жетерлік. Дегенмен киберспорт кәсіби спорт пен IT-тех­но­логия­ның қосындысынан ту­ған мидың ойыны екенін ес­кер­сек, мұны жоққа шығаруға болмайтынына көз жетеді. Онлайн қосылсаңыз болды, компьютерлік ойындардың кез келгеніне кіру оңай, сәйкесінше, карантин уақытында киберспорттың дәурені жүрді. Қазақстан киберспорт федерациясының дерегіне сүйен­сек, ел аумағында тек сәуір айының өзінде 12 чемпионат ұйымдастырылған екен. Ал Қазақстанда 200-ден астам кәсіби киберспортшы бар. Оның басым бөлігі Еуропа елдері мен Ресейде өмір сүріп жатыр. Себеп – интернет жылдамдығы, оның үстіне ойын серверлеріне жылдам қосылу үшін Еуропа елдеріне жақын орналасу қажет. Компьютер ойындарының саны өте көп. Соған сай әр спортшы өзі таңдаған ойын түрімен ғана әуестенеді. Киберспорттың өзге спорт түрлерінен айырмашылығы бар. Қазақстан киберспорт феде­рациясының өкілі Бауыржан Садиевтің айтуынша, әр ойынның философиясы бөлек болады. – Қазіргі вирусқа байланысты болған күрделі ситуация кибер­спорт үшін оңтайлы болды. Ауди­тория үлкейіп жатыр, сұраныс артты. Жарыстар онлайн өте береді. Үйден шықпай-ақ, кез келген додаға қатыса ала­сыз. Компьютер киберспорты бар, мобильді киберспорт бар, түрлері өте көп. Мысалы, футболды алып қарасаңыз, бір ғана принцип бар. Киберспортта принциптер сансыз. Әр ойынға тән философия болады. Реакция, тез шешім қа­былдау, төңіректі бағдарлау мен математикалық өлшем, барлығын бір мезетте ойластыру керек, – дейді маман.  

Киберспорт – табыс көзі

Киберспорт табыс табудың бір жолы десек, артық айтқандық емес. Жұмыс орны ретінде қарастырып, жаңа ойындар шығарып, қомақты қаржы табуға болады. Әрі қызық, әрі оңай жол дерсіз. Тіпті, дамыған елдерде киберспортшылар мемле­кетке салық төлеп отырады. Біз де осыған бүгін бейімделмесек, ертең қалыс қалуымыз кәміл. – Экономикалық тұрғыдан қарар болсақ, киберспорттың болашағы бар. Қазір жер шарында төртінші өнеркәсіп кезеңі қалыптасты. Бұрын сұраныста болған жұмыс түрі уақыт өте келе қажетсіз болып жатыр. Яғни, жұмыс түрленіп, ауысып отырады. Менің ойымша, киберспорттан қорқудың еш қажеті жоқ. Мы­салы, жер қазғанда бұрын адам­ның қара күші қажет болса, қазір бір ғана тетікті басқару арқылы кен қазуға болады. Бұл да солай. Киберспорттың келешегі жарқын. Өз пайымым бойынша, 2025 жылы мұндағы ақша айналымы 200 млрд долларға жетіп қалады. Бұл тұста мемлекет ойындар шығару ісін қолға алғаны жөн. Бұрын жоспары жақсы, бірақ жемқорлықтың кесірінен орындалмай қалған біраз технологиялық жобалар болды. Соның ізін қуып кетпегені абзал, – дейді экономист Мақсат Халық.  

Зияны көпті тыйған жөн бе?

 Компьютер ойындарының зияны жайлы бұрын да жиі айты­лып келді, талас көп. Барлық ой қақ жарылып, түбі екіұшты пікірге саяды. Бірі – спорт деп мойындаса, екіншісі зиянын тізбектейді. Осыған дейін киберспортты олим­пиадаға енгізу жайы қарастырыл­ған болатын. 2024 жылы Парижде өтетін олимпиада бағдарламасына ене ме деген дәме бар. Алайда Халықаралық олимпиада комите­ті «киберспортта зорлық пен дискриминация бар» деп уәж айтып отыр. Ойындағы агрессия көпшілікке кері әсер етуі мүмкін екенін жеткізіпті. Көрші Ресейдегі интернетті дамыту институтының сарапшылары киберспортты зият­керлік ойынға балап, мектеп бағдарламасына қосуды ұсынған жайлар да бар. Кейінгі жылдары медицинада лудомания атты сөз жиі қолданыла бастады. Ойынпаздық дертін дәрігерлер осылай атайды. Дертке шалдыққан адам шынайы өмірден алыстап, физиологиялық тұрғыда әлсірей береді. Сонда компьютер ойындарына түбегейлі тыйым салған жөн бе? Бұл тұста спорт психологтары екі негізден тұратын қарапайым күн тәртібін, график бекітуді ұсынады. Талап мынау – киберспортқа қызығушы адам дайындық кезінде компьютер алдында 7 сағаттан артық отыр­мауы тиіс және физикалық тұрғы­дан белсенді жаттығулар істегені жөн. Ең бастысы, ойын кезінде эмоцияға қатты берілмей, күйзеліске ұрынбау қажет. Қорыта айтқанда, қайткен күнде де киберспорттың дәурені жүріп тұр, келешекте де жүре  бермек. Оны оңтайлы пайдаланып, табыс көзіне айналдыру немесе жай ғана әуестікпен шектелу – өз еншіміздегі дүние. Ал сіз балаңыздың киберспортшы болғанын қалайсыз ба?  

мадиярМадияр ТӨЛЕУ