Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамалжан Надыров коронавирусты жеңудің негізгі үш тәсілін атады.
"Біздің ойымызша, осы формула коронавируспен тиімді күресуге септігін тигізеді. Біріншіден, кәсіпкерлер мен халықтан ортақ жауапкершілікті талап ету керек. Екіншіден, сақтық шараларын мүлтіксіз орындау қажет. Үшіншіден, барлық деңгейде сапалы медициналық көмек көрсету керек. Осы қағидаларды орындай отырып, біз коронавируспен тиімді күресе аламыз. Бизнес пен халыққа еркіндік береміз. Сондықтан бұл біз үшін өте маңызды", - дейді Қамалжан Надыров.
Айта кетейік, Алматыда 13 742 адам коронавирус жұқтырған. 9 947 науқас жазылды, 195 адам қайтыс болды.
Қазақстанда COVID-19 жұқтырғандар саны 101 848-ге жетті. 78 633 науқас айықты, 1 269 адам аурудан көз жұмды.