«Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасарының кеңесшісі Нәзилә Раззақ кәсіпкер әйелдермен, түрлі компаниялардың топ-менеджерлерімен және үкіметтік емес ұйым өкілдерімен онлайн-конференция өткізіп, 17 тамыз күні басталатын праймериз туралы ой бөлісті.
Ол конференция барысында әйелдер қауымын қызықтырған сұрақтарға жауап беріп, праймериз ережелеріне тоқталды.
Алдағы праймеризде әйелдер мен жастарға басымдық берілгенін атап өткен Н.Раззақ Қазақстанның саяси элитасында гендерлік трансформация басталды деп мәлім етті.
«Саяси элитада гендерлік трансформацияның жаңа кезеңі басталды. Алдағы праймеризде еліміздегі әйелдер құқығы мен олардың заңдық қызығушылықтарын қорғау мақсатында баршаңыздың белсенділік танытуларыңызды сұраймын. Заманауи қоғамда әйелдер ана және әйел болып қана емес, кәсіби саласында белгілі бір қызметті атқарғысы келеді. Еліміздегі әйелдердің саяси белсенділіктері өсіп жатыр. Әйелдер ерлермен бірге басшылық қызметтерді қатар атқарып жүр. Бүгінгі таңда партияда 800 мыңдай адам тіркелген, олардың қатарындағы әйелдер саны аз емес. Әйелдер бүгінгі таңда өздерінің проблемаларын қоғамда ашық айтып, оны шешуге дайын екендерін көрсетіп жүр. Праймеризде бақ сынайтын әйелдердің үлес салмағы 30%-дан кем болмайды деп ойлаймын», - деді Нәзилә Раззақ.
Соңғы үш жылда еліміздегі отбасы проблемалары мен бала құқы, әйелдер құқы, мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелерімен айналысып жүрген қоғам белсендісі Салтанат Пархатовна сайлаудағы дауыс беру процесін жеңілдетуге қатысты өз ұсынысын айтты.
«Сайлауда көп жағдайда белсенділікті зейнеткерлер, өмірлік тәжірибесі бар ересектер танытып жатады. Бірақ ауылдық жердегі адамдарда қарапайым ғана компыютер немесе ұялы телефон жоқ, көпшілігі элкетронды форматта қалай жұмыс істеуді білмейді. Яғни тіркелудің өзі олар үшін қиын процедура. Бұл дауыс берушілерге ыңғайсыздық тудырады. Сол себепті мүмкіндік болса мен айтқан категориядағы адамдар үшін дүкендер, аялдамаларда дауыс беруді арнайы нұсқаулықтар тарату арқылы түсіндірсек. Сондай-ақ, электронды дауыс беру процедураларын барынша жеңілдетуді қарастырсаңыздар», - деп атап өтті Пархатовна.
Конференцияға қатысқан Республикалық нотариаттар палатасының төрайымы Әсел Жанәбілова праймериздің интернет-ресурстар арқылы кеңінен насихатталып жатқаны үшін партия өкілдеріне алғысын айтты. Ол сондай-ақ, қазіргі депутаттардың өздері де праймеризге қатысуға қызығушылық танытып, қамданып жатқанын мәлімдеді.
Бір сағаттық жиын барысында Әйелдер қауымдастығының мүшелері праймериздегі дауыс берудің шынайылығы, техникалық мүмкіндіктер мен түсіндіру жұмыстарын талқылап, өз ұсыныстарын білдірді.