– Праймериз өткізу ел тарихында алғаш рет қолға алынып отырған тың бастама. Бұл партия көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың партия жұмысын «қайта жаңғырту» бойынша берген тапсырмасының негізгі бөлігі болып отыр. Сондықтан да жаңа көшбасшыларды таңдауға арналған партияішілік іріктеу сапалы, ашық әрі заңды өтуіне ат салысуларыңыз қажет, – деді «Nur Otan» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасы, облыс әкімі Даниал Ахметов.
Бүгінгі таңда партияда 295 бастауыш партия ұйымына біріктірілген 60 592 адам бар. Дауыс беруге 61 894 адам қатысады, оның ішінде «Jas Otan» жастар қанатының мүшелері – 1302 адам.
– Праймеризге дайындық барысында Шығыс Қазақстан облысында дауыс беретін 222 орын анықталды. Оның ішінде 163 учаскеде онлайн дауыс беруді ұйымдастыру үшін 318 ноутбук орнатылады. Қалған 59 учаскеде интернет байланысының болмауына байланысты дауыс беру дәстүрлі тәсілмен өтеді. Праймеризді өткізу бойынша облыстық және аумақтық филиалдарда ұйымдастыру комитетінің және есеп комиссиясының құрамы анықталды. 100-ден астам алаңда үш деңгейде көпшілік дебат өткізіледі, – деді «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Олег Чугунков.
Активте праймеризге үміткерлерді қатыстыру тәртібі түсіндіріліп, оны өткізу бойынша жан-жақты ақпарат берілді.
Дәурен Аллабергенұлы, Шығыс Қазақстан облысы