Елімізде алғаш өткізілгелі отырған партияішілік сайлау – праймеризді еліміздегі белді азаматтар, қоғам белсенділері қолдайды. Биыл маусым айында құрылған Nur Otan партиясы жақтастары лигасы мүшелері zoom-конференция өткізіп, елдегі әлеуметтік-саяси жағдайды талқылаған болатын. Праймериз – АҚШ тәжірибесі деп айтылғанымен, қазақ қоғамы үшін бұл жат дәстүр емес дейді саясаттанушы Қазбек Майгелдинов. Яғни, Қазақ хандығы тұсында би-шешендер тура осындай жолмен іріктелген.
– Біздің салтымызда бұл дәстүр бар, біз тек оны жаңартып, жандандыруымыз керек. Ертеректе билер би болу үшін ел аралап, халықтың мұңын тыңдаған, дау-дамайды сол жерде шешуге тырысқан. Осылайша мықтылары іріктеліп, билікке келген. Бізге де қазір сол қажет, – деді саясаттанушы «Nur Otan» партиясы жақтастарының лигасы өткізген Zoom-конференция барысында.Оның айтуынша, праймериздің негізгі шарттарының бірі – дебат. Дебатта өз ойын анық жеткізіп, көрсетілген проблеманы шешудің ең тиімді жолын ұсынған үміткер ғана партия атынан депутат болуыға лайықты.
– Бұрын телеарналар жастар арасында дебат ұйымдастырып, талай көшбасшыны тәрбиелеп шығарды. Қазір өкінішке қарай, бұл үрдіс үзіліп қалды. Праймериз оны жандандырады деп үміттенемін, саяси науқан біткеннен кейін де республикалық телеарналар мықты жастарды іріктеп, тәрбиелеумен айналысуы керек, – деді Майгелдинов онлайн-конференцияда.Үкіметтің дағдарысқа қарсы істеп жатқан жобалары мен пандемиямен күрес шараларынан аймақтағы тұрғындардың көбі бейхабар. Блогер Яков Федоров Nur Otan партиясы жақтастарының Zoom конференциясында осылай мәлім етті. Яков Федоровтың айтуынша, Үкіметтің әрбір қабылдаған шешімінде шынайылық болуы қажет. Олай болмаған жағдайда халық пен билік арасы алыстай бермек.
«Баршамыздың дәл қазіргі мақсатымыз бір, ол – пандемияны жеңіп шығу. Бұл ретте Үкіметтің жұмысы маңызды. Оның қабылдаған әрбір шешімінде шынайылық болуы тиіс. Аймақтағы тұрғындардың көбі Үкімет жұмысынан бейхабар. Себебі ол жақтағы атқарушы билік ақпараттандырудың жаңа әдістерімен жұмыс істемейді», - дейді Я.Федоров.Ол сондай-ақ, елдегі саяси жүйедегі өзгерістер де күн тәртібіндегі басты мәселе екенін атап өтті.
«Қазіргі басты мәселе – экономика ғана емес, үкімет пен жүйені саяси өзгерту. Осындай уақытта білім беру, өнеркәсіп саласы тоқтамай жұмыс істеуі керек. Ал, үкімет бизнес өкілдеріне қолдауын күшейтуі қажет», - деп ойын түйді блогер.Праймериз биыл елімізде алғаш рет өткелі отырғанымен, батыс елдерінде ол бұрыннан қалыптасқан саяси құрал. Дегенмен "Nur Otan" партиясы оны елімізде алғаш болып жүзеге асырмақ. Бұл партия жасаған мәдени революция дейді белгілі журналист Айдос Жұқанұлы. А.Жұқанұлының айтуынша, праймериз ашық әрі әділ өтуі үшін әрбір өңірде үміткерлер арасында өтетін дебат телеарналардан тікелей эфир арқылы көрсетілуі керек.
"Праймериз ашық өтуі үшін барлық облыста телеарна арқылы ашық дебаттар өткізу қажет. Өңірлердегі іріктеу осылай ашық өтіп, халық та оған қатысып, өз дауыстарын айтып жатса – бұл дұрыс өткен праймериз болар еді. Осылайша мықты тұлғаларды іріктеп, депутаттық корпустарды жасақтасақ, жемқорлықты жоюға, ашықтық қалыптастыруға жол саламыз", - деді журналист.Оның айтуынша, праймеризге жергілікті әкімдердің араласуына жол бермес үшін қоғам белсенділері оның өтуін бақылауы тиіс.
"Праймериз деген Батыста бұрыннан бар әдіс қой. Бізге енді келіп жатыр. Ештен кеш жақсы. Бұл бізге өте қажет. Мұны мен "Nur Otan" партиясының мәдени революциясы деп айтар едім. Партия есікті ашты, енді оған баруымыз керек. Партияны біз – халық пайдалануымыз керек", - деді ол.Журналист сондай-ақ, елдегі қазіргі ахуалға да тоқталды. Оның пікірінше, өңірлердегі дәрі-дәрмек тапшылығына әкімдерді кінәлау – дұрыс емес. Бұл Денсаулық сақтау министрлігі жіберген олқылық дейді ол.
"Өңірлерде дәрі-дәрмек жетіспеушілігі денсаулық сақтау министрлігінің жауапсыздығынан туындап отыр. Біз коронавирус пандемиясына мүлдем дайын болмай шықтық. Пандемия қазақстандықтардың ішкі мәдениеті жоқ екенін көрсетті. Егер осы мәдениетімізбен жүре берсек, коронавирустан қазір құтыла алмаймыз. Үкімет халыққа, халық үкіметке сілтеп жүрген кезде ауру ойына келгенін істеп жатыр. Әркім өзінің ішкі мәдениетін жөндеуі керек", - деді ол.А.Жұқанұлы әкімдерді дәрі-дәрмектің бағасын реттей алмайтынын айтады. Өйткені, бұл нарық заңына қайшы.
"Облыс әкімінің қолында не бар?! Ол биліктің өкілі. Жекеменшік дәріханаларға не айта алады? Кәсіпкерлер өнімді қаншадан сатқысы келетінін өздері біледі, оған арзан сат деп айту – нарық заңына қайшы болады", - деп қорытындылады ол өз ойын.Праймеризге қатысу – еліміздің білімді, белсенді, бастамашыл азаматтары үшін үлкен мүмкіндік. Мықты лидерлер мықты партиядан шығады. Ал сол лидерлер ұлттық идеологияны бойына сіңірген және оны айналасына насихаттайтын болса, қоғамның шешілмей жатқан өзекті мәселелері азаяр еді, - дейді филология ғылымдарының кандидаты, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің профессоры, үштұғырлы тіл кафедрасының меңгерушісі Айман Зейнулла. Бұл жөнінде ол «Nur Otan» партиясы жақтастарының лигасы өткізген Zoom-конференция барысында айтты. Оның ойынша праймериз арқылы ұлттық лидерлерді таңдап алуға мүмкіндік мол.
«Тәуелсіздік алғалы бергі 30 жылда көп шаруа атқарылды. Бірақ жеткен жетістіктерімізге тоқтап қалуға болмайды. Ары қарай дамудың даңғыл жолына түсу үшін білімді, еліне жаны ашитын азаматтардың билікке келуін қамтамасыз етуіміз керек. Тіл мен мәдениет жанашыры, ғалым әрі желтоқсандық ретінде праймеризге қатысатын азаматтарға ұлттық идея керек екенін жеткізгім келеді. Идеялар толып жатыр, оны қаладан немесе даладан іздеудің қажеті жоқ. Ұлт көсемі Әлиханның «Қазақ елінің төрт құбыласы тең болған кезде мәңгі жасайды» деген сөзі бар. Ал төрт құбыла дегеніміз – ол экономика, мәдени-тұрмыс, білімпаздық және идеялық жиынтығымыз. Идеяны жазып қойып немесе оны қайталап айта бергеннен пайда жоқ, сол идеяның айналасында жұмыс істейтін жоспарымыз болуы керек», – дейді ғалым.Праймеризге тек жастар ғана емес, аға буын өкілдері де қатысқаны дұрыс дейді профессор. Өйткені ұрпақтар сабақтастығы болмаса, ешқандай шаруа шешілмейді. Праймеризді пайдалана отырып, азаматтық көзқарасы айқын, жемқорлыққа бой ұрмайтын, өтірік сөйлемейтін, таза жүретін ел ағаларынан үлгі ала отырып, үлкен ұлттық рухани армия жасақтауымыз керек. Сонда ғана мәселе шешіледі дейді профессор. Саясаттанушы Бауыржан Серікбаевтың пікірінше, аймақтағы проблемалар республикалық масштабқа жетпей, жергілікті деңгейде шешілуі керек. Ал, оған халықтың көзін жеткізуге «Nur Otan» партиясы өткізгелі жатқан праймериз септігін тигізуі тиіс. Оның айтуынша, дәл қазір аймақтағы халықтың жергілікті басқарушы органға деген сенімі өте төмен. Жастардың да көкейінде «сайлау әділ өтпейді» деген пікір қалыптасып қалған. Мұндай пікірін ол «Nur Otan» партиясы жақтастарының лигасы өткізген онлайн-конференцияда айтты.
«Жуырда ғана аймақтарды аралап келдім. Аудан-ауылдарда шешуге болатын көптеген мәселе шешілмей отыр. Халық арасында «егер қандай да бір проблеманы шешу керек болса, оны міндетті түрде Нұр-Сұлтанға немесе облысқа хабарлап айту керек» деген пікір қалыптасқан. Аймақтың деңгейде мәселе шешілмейді деген қоғамдық сана қалыптасқан. Менің ойымша, бұл жергілікті атқарушы органның, әкімнің дұрыс жұмыс істемеуінің салдары. Яғни, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі үзілген», – дейді ол.Ол алдағы партияның праймеризі ең алдымен аймаққа белсенді, жұмыс істеуге құлшынысы бар, мәселені тереңнен ойлайтын жастар әкелуі керек. Яғни, аймақтарды басқару жүйесіне түбегейлі өзгеріс керек. Өйткені, дәл қазір ауыл халқы өзінің депутаты кім екенін немесе ол депутат соңғы рет ауылға қашан келгенін білмейді.
«Яғни, қазір депутат сайланады, сайланғаннан кейін ары қарай халықпен жұмыс істемейді. Оны бақылайтын да орган жоқ. Сондықтан, праймеризге белсенді қатысқысы келетін жастардың праймериз әділ өтпейді деген күдігін жою керек», – деді ол.