Шаһардың ең көрікті, кісі көп жиналатын саябағының бұрынғыдан да ажарлана түскені, әрине көпшілікке ұнайды. Дегенмен осы жөндеу жұмыстары басталғалы құрылыс жұмыстарының жүргізілуіне қала тұрғындарының көңілі толмай-ақ қойды. Алматылықтар өткен айда саябақ аумағындағы қазылған үлкен шұңқырға шүйлігіп, әкімдіктің Жайлы қалалық орта басқармасы оған түсінік берген. Құзырлы мекеме қызметкерлері шұңқыр қосымша резервуар ұстау үшін қазылғанын айтқан болатын. Сол кезде басқарма өкілдері «Саябақтың суару жүйесін үздіксіз сумен қамтамасыз ету үшін абаттандыру жобасында қосымша резервуар орнату қарастырылған. Қазіргі таңда ауданы –12/9/4,85 метр, көлемі 300 текше метр болатын резервуар орнату басталды» деп жауап берген еді.
Дегенмен саябақтағы абаттандыру жұмыстарына тұрғындар әлі де алаңдаушылық білдіріп отыр. Өйткені мердігер компания жаңарту жұмыстарын жүргізген кезде тал-теректердің тамырына зиянын тигізіп жатыр. Алматылық белсенділер мен экологтар саябаққа арнайы барып рейд жүргізді.
– Бұл жерге өткен айда да рейд жүргізіліп, мердігер компанияға айыппұл салынған. Мердігер компания 505 және 386-бап бойынша заң бұзып отыр. Талдардың тамырына зақым келген. Бұл 45 жыл бұрын егілген ескі ағаштар. Кез келген сәтте құлап кетуі әбден мүмкін. Жақында қалада осындай жағдай болғанын жақсы білесіздер. Абырой болғанда, көшеде ешкім болмады. Ал бұл жерде қарт кісілер, баласын ерткен аналар жүреді, – деді эколог Тимур Елеусізов.
Өткен рейдте де саябақ аумағы құрылыс алаңына айналып, жасыл желектің үстіне цемент төгіліп, жұмыс істеп жатқан техникалар ағаштарды сырып, бүлдіріп жатқаны айтылған. Бұл олқылық қазір де көзге ұрып тұр. Тимур Елеусізовтің айтуынша, көптеген ағаш зақымданған. Енді ол жерлерге зиянкестер үйір болып, өсіп тұрған ағаштарға бұрынғыдан бетер залалын тигізуі мүмкін. Сондай-ақ ол жаңадан тартылып жатқан электр жүйесі сымдарын жүргізгенде экскаваторлар ағаштардың кейбір бұтақтарын жұлып кететінін, бұл саябақта серуендеп жүрген адамдарға қауіп төндіретінін айтады.
– Өткен рейдте жасалған ескертулерді мердігер компания назарына алмаған. Ағаштар бұрынғыдан да көбірек зақымданған. Саябақ қаланың қақ ортасында орналасқанын ескерсек, демалыс орны қалалық әкімдіктің назарында болуы керек. Біздің ойымызша, айыппұл көлемі өте төмен, сол себепті заңбұзушылықтар қайталанып жатыр. Нысанды қабылдамай және жұмыстан шеттетуге дейін жазаны қатаңдату керек, – деді Тимур Елеусізов.
Оқиға орнына келген табиғат қорғау полиция қызметкерлері заң бұзушылықты тіркеп, мердігер «Высотник» компаниясына №505 бап бойынша (30 АЕК) және №386 бап бойынша (15 АЕК) жалпы көлемі 125 мың теңге айыппұл салынды. Мамандар барлығы 67 ағашқа зақым келтірілгенін анықтады.
Жайлы қалалық орта басқармасы басшысы Сапар Нұрашев саябақты жаңарту жұмыстарына алғашында 960 миллион теңге бөлінгенін, дегенмен қала тұрғындары мен белсенділерінің араласуымен абаттандыру жұмыстары біраз қысқарғанын, сол себепті бөлінген қаржы да 560 миллион теңгеге дейін төмендегенін айтты. Тапсырыс берушілер балалар алаңын, субұрқақ жасауды тоқтатып, 100 орындық пен тастөсеменің 70 пайызын қысқартты. Ірі нысаннан өсімдіктерді суаруға арналған 300 текшеметрлік резервуар ғана қалды.
«Бұл саябаққа тұрғындар мен белсенділер баса назар аударып отыр. Біз жүргізіліп жатқан жұмыстарды күнделікті қадағалаймыз. Қанша дегенмен бұл құрылыс жұмысы, тіпті құрылыс алаңы деуге де болады. Біз барынша қоршаған ортаға зиян келтірмеуге тырысып жатырмыз. Кейбір жерлерде заң бұзушылықтар орын алып жатқанын жоққа шығармаймыз. Біз тәулік бойы қадағалап отыра алмаймыз ғой. Дегенмен жедел тиісті шаралар қолданып отырмыз, – деді Сапар Нұрашев.
Жайлы қалалық орта басқармасы басшысы абаттандыру жұмыстарын жүргізгенде барынша сақтық шаралары жасалатынын айтып, жұмыс аяқталған кезде саябақ барлық қоқыстан тазартылып, жасыл желектің үстіне төгілген бетондар алынатынын жеткізді. Саябақты жаңарту жұмыстары қыркүйек айында аяқталуы тиіс.