МӘМС: Жаңа жүйеге өтудің алғашқы аптасы оң көрсеткіштер көрсетті
МӘМС: Жаңа жүйеге өтудің алғашқы аптасы оң көрсеткіштер көрсетті
227
оқылды

Денсаулық сақтау вице-министрі Ләзат Ақтаева Қарағанды облысына іс-сапармен барып, әлеуметтік медициналық сақтандыруды апробациялауға қатысты кеңес өткізді.

Естеріңізге сала кетейік, 1 қыркүйектен бастап Қарағанды облысында  МӘМС жүйесінің пилоттық жобасы іске қосылды.

– Қарағанды облысында басталған әлеуметтік медициналық сақтандырудың пилоттық жобасы 2020 жылдың 1 қаңтарынан енгізілетін МӘМС жүйесіне барынша дайындалуға мүмкіндік береді. Сондықтан бізге осы жылдың соңына дейін қалған мәселелерді анықтап, олар бойынша жедел шешім қабылдау маңызды, – деді вице-министр Ләззат Ақтаева.

Қарағанды облысында Денсаулық сақтау министрлігінің, Медициналық сақтандыру қорының, әкімдіктің және өңірдегі Денсаулық сақтау басқармасының, сондай-ақ басқа да мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдерін біріктірген Жобалық кеңсе құрылды.

Жобалық кеңсе «пилотты» іске асыруға қатысты төрт негізгі бағыт бойынша мониторингін жүргізеді: нормативтік-құқықтық актілерді, Ақпараттық жүйелерді жетілдіру, сатып алу тәртібі, көрсетілген медициналық қызметтер үшін ақы төлеу, халықты ақпараттандыру.

– Біз үлкен дайындық жұмыстарын жүргіздік. Ақпараттық жүйелер интеграцияланған және медсақтандыруды цифрлық қолдауға толық әзір. Облыс халқының 98% интернеті бар медициналық ұйымдарға тіркелген.  Аудандарға жас мамандар тартылды. Медқызметкерлерді МӘМС бойынша түрлі бағыттарда жұмыс істеуге дайындадық. Пилоттық жобаның  алғашқы аптасы жаңа жүйеге дайын екенімізді растады, – деді вице-министрге облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Нұрлыбаев.

Облыста мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аясында шалғай ауылдарды   интернетпен қамтамасыз ету жоба іске асырылуда, сонда спутниктік коммуникациялардың шығындары арзандау  болады. Жалпы, облыс бойынша жыл соңына қарай 65 ауылдық денсаулық сақтау нысаны интернетке қосылады.

Медициналық сақтандыру қорының басқарушы директоры Нұрлан Қасымов атап өткендей, медициналық сақтандыруды тестілеуге дайындық шеңберінде МӘСҚ филиалы облыстың барлық денсаулық сақтау ұйымдарымен бірлесіп, тегін көмек пен МӘМС топтамаларын бөлуді есепке ала отырып, 2019 жылдың қалған 4 айында медициналық қызметтерді сатып алу жоспарына өзгерістер енгізілді.

Қордың жұмысын цифрландырудың толық циклін қамтамасыз ету үшін 1 қыркүйектен бастап Қарағанды облысында "Saqtandyrý" ақпараттық жүйесі тесттік тәртіпте іске қосылды.

Кеңес барысында тұрғындарды өзектендіру  және облыс халқының МӘМС жүйесіндегі мәртебелерін  анықтау мәселесі талқыланды. Бүгінде 150,6 мың адам мәртебесі белгілі, енді 35 мыңға жуық тұрғынды сәйкестендіру керек.