Кездесуде сөз сөйлеген Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті саясаттану кафедрасының доценті Индира Рыстина саясаттану мамандығында білім алушылар Қазақстанда алғаш рет өткізілетін праймериз туралы ғылыми жұмыстар әзірлеуге қызығушылық танытып отырғанын айтты.
– Праймериз – Қазақстанда тұңғыш рет ұйымдастырылып жатқан шара болғандықтан, бізге, саясаттану кафедрасына бұл үрдіс қызықты. Сондықтан осы науқанның материалдарымен бөлісіп отырсаңыздар деген өтінішіміз бар. Жаңа оқу жылында оқуға түскен магистранттар, диплом жазатын бакалавр студенттері праймеризді кейс ретінде қарастырып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Сол кезде бізге партияның қолдауы керек болады, –деді ғалым. Ол сонымен қатар партиямен бірігіп, «саяси технолог» атты магистратура деңгейіндегі білім беру бағдарламасын құруды ұсынды.
Өз кезегінде «Nur Otan» партиясы орталық аппараты саяси жұмыстар департаментінің директоры Ерлан Қарабалаев «Nur Otan» партиясының орталық аппаратында қызмет ететін саясаттанушы, әлеуметтанушы ғалымдар жаңа білім беру бағдарламасына араласып, бірлесе жұмыс істеуге және магистранттар мен студеттердің ғылыми жұмыстары үшін материалдар ұсынуға дайын екенін жеткізді.
Конференцияда «Болашақ» қауымдастығының атқарушы директоры Лаура Демесінова «Болашақ» түлектері Қазақстанның түкпір-түкпірінен праймеризге белсенді қатысуға ниет танытып отырғанын хабарлады.
– Келесі аптадан бастап 17 тамыз бен 3 қазан аралығында «Nur Otan» партиясының праймеризі өтеді. Аталған науқан елімізде алғаш рет өткелі отыр. Праймеризге Мәслихаттың депутаттығына үміткер, Парламент Мәжілісіне үміткер болғысы келетіндер ішкі сайлаудан өтеді. Сайлау онлайн форматта өтеді. Бұл праймериздің ілеспе мақсаттарының бірі – қоғамдағы, жергілікті жерлердегі сол қаланың, ауылдың мәселесін жақсы білетін, өз аймағында беделі бар лидерлерді анықтау. Бұл жолы тек партия мен партиялар бәсекеге түседі. 17 тамыздан бастап 28 тамызға дейін праймеризге қатысушылар өздерін ұсынады немесе партияның бастауыш ұйымдары ұсынады. 6-7 қыркүйекте үгіт-насихат жұмыстары жүргізіледі. Содан кейін онлайн форматта дауыс беру болады. Пандемияға байланысты қазіргі уақытта смартфондарға арналған қосымша әзіренуде. Дауыс беруге мүмкіндігі жоқ шалғайдағы ауылдардағы тұрғындар үшін арнайы учаскелер құрылады. Сол жерге барып дауыс беруге де болады, – деді Ерлан Қарабалаев.
Сұрақ-жауап кезінде Әбутәліп Мүтәлі мен Әйгерім Жүнісова квоталық тізім және оның қалай бөлінетіні жайында сауалдарын жолдаса, Индира Рыстина праймеризді өткізу жұмыстарына байланысты, әсіресе сайлаудың қандай жиілікте, қай деңгейде өтетінін сұрады.
– Жалпы, егер танысқан болсаңыздар, партияның ресми сайтында партияның праймеризі жарияланды. Ережеге сәйкес бірнеше квота бар. Әйелдерге арналған квота 35 жасқа дейін. Партияның мақсаты – болашақ сайлауға қатысатын тізімде 30 пайыз әйелдерді қосу және осы әлеуметтік топтардың мәселелерін сол жерде жеткізу және ықпал ету. Қалған 70 пайыз сайлау арқылы анықталады. Жалпы, сайлау қала мен аудан деңгейінде өтеді. Жамбыл облысы Жуалы ауданынан сайлауға түсетін болсаңыз, сізге сол аймақтағы адамдар ғана дауыс бере алады. Ал үлкен қалаларда сол жақтағы бір аудан бойынша сайлауға түсесіз. Онда да сізге сол ауданда тұратын партия мүшелері ғана дауыс береді, – деп жауап берді «Nur Otan» партиясы орталық аппараты саяси жұмыстар департаментінің директоры.
Конференцияда Ерлан Қарабалаев жиынға қатысушыларға праймериздің ережелерін, ерекшеліктерін түсіндірді. Ол сондай-ақ кандидаттар ашық дебат сайысына шығатынын, әрқайсысы өз бағдарламаларын қысқаша таныстыратынын атап өтті.
– Үгіт-насихат формалары бойынша нақты шектеу жоқ. Онлайн, оффлайн кездесулер өткізуге немесе мессенджерлерде чат ашып жұмыс істей беруге болады. Ең бастысы – пандемия кезіндегі санитарлық талаптар сақталса болды. Тек листовкалар таратып, билбордтар, баннерлер ілуге болмайды. Насихатты кандидаттар өзі жүргізуі керек. Кандидатқа партияның филиалдарындағы ұйымдастыру комитеті үгіт-насихат жұмыстары бойынша кеңес бере алады, – деді Ерлан Жағыпарұлы.
Аталған жиыннан соң «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасарының кеңесшісі Нәзилә Раззақ та еліміздегі түрлі компанияның топ-менеджерлерімен, кәсіпкер әйелдермен және үкіметтік емес ұйым өкілдерімен онлайн-конференция өткізіп, 17 тамыз күні басталатын праймериз туралы ой бөлісті. Ол конференция барысында әйелдер қауымын қызықтырған сұрақтарға жауап беріп, праймериз ережелеріне тоқталды. Алдағы праймеризде әйелдер мен жастарға басымдық берілгенін атап өткен Н.Раззақ Қазақстанның саяси элитасында гендерлік трансформация басталды деп мәлім етті.
– Саяси элитада гендерлік трансформацияның жаңа кезеңі басталды. Алдағы праймеризде еліміздегі әйелдер құқығы мен олардың заңдық қызығушылықтарын қорғау мақсатында баршаңыздың белсенділік танытуларыңызды сұраймын. Заманауи қоғамда әйелдер ана және әйел болып қана емес, өзінің кәсіби саласында белгілі бір қызметті атқарғысы келеді. Еліміздегі әйелдердің саяси белсенділіктері өсіп жатыр. Әйелдер ерлермен бірге басшылық қызметтерді қатар атқарып жүр. Бүгінгі таңда партияда 800 мыңдай адам тіркелген, олардың қатарындағы әйелдер саны аз емес. Олар бүгінгі таңда өздерінің мәселелерін қоғамда ашық айтып, оны шешуге дайын екендерін көрсетіп жүр. Праймеризде бақ сынайтын әйелдердің үлес салмағы 30 пайыздан кем болмайды деп ойлаймын, – деді Нәзилә Раззақ.
Соңғы үш жылда еліміздегі отбасы проблемалары мен бала құқы, әйелдер құқы, мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелерімен айналысып жүрген қоғам белсендісі Салтанат Тұрсынбекова сайлаудағы дауыс беру процесін жеңілдетуге қатысты өз ұсынысын айтты.
– Сайлауда көп жағдайда зейнеткерлер, өмірлік тәжірибесі бар ересектер белсенділік танытып жатады. Бірақ ауылдық жердегі адамдарда қарапайым ғана компьютер немесе ұялы телефон жоқ, көпшілігі электронды форматта қалай жұмыс істеуді білмейді. Яғни, тіркелудің өзі олар үшін қиын процедура. Бұл дауыс берушілерге ыңғайсыздық тудырады. Сол себепті мүмкіндік болса, мен айтқан категориядағы адамдар үшін дүкендер, аялдамаларда дауыс беруді арнайы нұсқаулықтар тарату арқылы түсіндірсек. Сондай-ақ электронды дауыс беру процедураларын барын-ша жеңілдетуді қарастырсаңыздар, – деді С.Тұрсынбекова.
Конференцияға қатысқан Республикалық нотариаттар палатасының төрайымы Әсел Жанәбілова праймериздің интернет-ресурстар арқылы кеңінен насихатталып жатқаны үшін партия өкілдеріне алғысын жеткізді. Ол сондай-ақ қазіргі депутаттардың өздері де праймеризге қатысуға қызығушылық танытып, қамданып жатқанын мәлімдеді.
Бір сағаттық жиын барысында Әйелдер қауымдастығының мүшелері праймериздегі дауыс берудің шынайылығы, техникалық мүмкіндіктер мен түсіндіру жұмыстарын талқылап, ұсыныстарын білдірді.