Коммунистер не деді?
Қазақстан халықтық коммунистік партиясы радикал ұлтшылдықтан қауіптенетіні туралы ашықхатты әлеуметтік желілерде жариялады. Коммунистер хатқа Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Этносаралық қатынас, азаматтық теңдік мәселелері, тіл саясаты – мұның бәрі саяси ойындардың өрісі емес, бұлар – адам тағдыры. Оларды кейінге және ескерусіз қалдыруға болмайды. Кейбір саяси топтардың билігі үшін күресте пайдалануға мүлдем жол жоқ. Бұл – мемлекет үшін, халық үшін, әр адам үшін қауіпті. Сондықтан шовинизм немесе ұлтшылдық ашық неофашизмнен өте нәзік шекарамен бөлектелген. Оны кесіп өту оңай» деген тұжырымын кіріспе етіп алыпты. Одан соң әлеуметтік желіде қоғам үшін қауіпті жағдай қалыптасып келе жатқанына тоқталған. «Радикал ұлтшылдар тобы құрылды. Онда шовинистік мәлімдемелер қабылданады және талқыланады, бір ұлттың екіншісінен артықшылығы анықталады. Сондай-ақ қазіргі заманғы проблемаларға Қазақстанға келіп тұрып жатқан басқа этникалық топтардың өкілдері кінәлі деген теріс пікір айтылады. Басқа этникалық топтардың, достық байланыстағы елдердің өкілдеріне дұшпандық қарым-қатынас кең етек алуда. Сонымен қатар олар украин ұлтшылдарын, олардың ықпалын, Украинадағы оқиғалардың даму сценарийін қолдайды. Нацистік, фашистік белгілер мен атрибуттарды көрсетеді, насихаттайды» делінген ашықхатта. Әрі ұлтшылдардың шовинистік мәлімдемелер тарататынын да қосып қойыпты. Одан соң радикал ұлтшылдардың ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретінін де атап өткен. Сонымен қатар Украина, Грузия, Молдованы мысал ете отырып, радикал ұлтшылдар революцияның генераторы болатынына тоқталыпты. Содан соң Бас прокуратурадан радикал ұлтшылдар әрекетін тергеуді сұрапты. Ашықхатты Мәжіліс депутаттары Айқын Қоңыров, Жамбыл Ахметбеков, Ирина Смирновалар бөлісіп, әлеуметтік желілерде таратты. Сырт көзге ел қауіпсіздігін мұрат тұтқандай көрінетіні рас. Тек бірқатар мәселеде жауапсыз сұрақ қалып тұр. Біріншіден, коммунистер радикал ұлтшылдар ретінде айтқан топтардың әлеуметтік желілердегі парақшаларын, ондай парақшаларға кірген адамдардың аты-жөнін, түр-түсін сипаттамапты. Тіпті, қандай әлеуметтік желі екені де айтылмаған. Сілтемелер де жоқ. Екіншіден, фашистік белгілер мен атрибуттардың қандай түрі насихатталып жатқанына да тоқталмаған. Үшіншіден, қандай этникалық топтарға, достық байланыстағы елдерге қарсы әрекет жасалып жатқаны жайлы да дерек жоқ. Егер мәселе әлеуметтік желі қолданушыларының арасында айтылып жатқан Ресей саясатын даттап, Беларусьтегі шерушілерді ақтайтын пікірге қатысты болса, онда азаматтың еркін пікір айту құқығының шектелгені. Төртіншіден, Украина, Грузия қатарлы мемлекеттердегі оқиғалар аталған елдер халқының өз таңдауы. Ал сол елдер белгілі бір аймақтарынан айырылып қалған болса немесе онда сеператизм белгілері байқалса, оған айыпты халық емес, сыртқы күштер. Дәлірек айтқанда, төңірегіндегі халықтарды ықпалынан шығарғысы келмеген көрші мемлекет. Коммунистер бұл жайында айтпапты. Ашықхаттың мазмұны да біржақты болып отырғаны содан.Қазақ ұлтшылдарының мақсаты не?
Негізі, Қазақстанда ұлтшылдыққа қатысты терминнің өзінде қайшылық бар. Бірінші кезекте қоғамда ұлтжанды және ұлтшыл деген ұғымдардың мәні анық емес. Бірқатар белсенділер «ұлтжанды» дейтін сөзді жасанды ұғым ретінде бағалайды. Іс жүзінде халықаралық «национализм» деген ұғымның қазақша баламасы «ұлтшылдық» дейтін уәж бар. Ал радикал ұлтшылдықты «нацизм» деп те атайтын болса керек. Қоғам белсендісі Айнаш Керней национализмді ұлттың өзін-өзі тану формасы ретінде бағалайтынын айтты. Бұл өз кезегінде мәдени, экономикалық, тарихи және басқа салаларда ұлттық құндылықтарды арттыруға бағытталады. Оның айтуынша, ұлтшылдық ұлтаралық қатынастар тірегі болады және мемлекеттіліктің ұлттық негіздерін қорғайды. Сондықтан ұлтшылдық бағыт экспанцияны көздемек емес. Керісінше, ұлттың жан-жақты дамуын қамтамасыз етуі тиіс. Қазақ ұлтшылдарының ұстанымы да соған саяды. Нацизм – деструктивті бағыт. Нацистер өзгенің еңбегін қанап, оларды өзінен қор санауды көздейді. Сондықтан Қазақстанда радикал ұлтшылдық бар деудің өзі сауатсыздық. Ал енді Қазақстандағы ұлтшылдар осы күнге дейін нені талап етті, соған тоқталайық. Егер еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастасақ, алғашқы ұлтшыл қозғалыс «Азаттың» төңірегіне топтасқан азаматтар ел аумағының тұтастығын сақтап, сеператизм белгілерінің дер кезінде жойылуын талап етті. Елді іштен іріткісі келетіндермен күресуге талпынды. Тәуелсіздіктің бекем болуына мүдделі болды. Ұлтшыл бағыттағы қайраткерлердің барлығының дерлік ұстанымы осы. Одан бөлек, қазақ тілінің қолданыс аясының кеңеюін, мемлекеттік тіл мәртебесіне шынымен лайықты болуын талап етті. Жер-су, қала, елді мекендердің тарихи атауларының қайтарылуын талап ету де ұлтшылдардың ұстанымы еді. Қазір де солай. Ал мұндай талаптардың өзге ұлт өкілдерін кемсітуге бағытталуы неғайбіл. Содан да болса керек, 2017 жылы сол кезде Президент әкімшілігін басқарған Ә.Жақсыбеков Елбасының атына қызметтік хат жолдап, еліміздегі 6 мыңнан астам елді мекен, көше атауларының қазіргі саяси ұстанымға сәйкес келмейтінін алға тартқан. Қызметтік хатқа Елбасы бұрыштама да соққан. Егер ұлтшылдық бағыт коммунистер бағалағандай елді іштен ірітетін болса, мұндай шешім қабылданбас еді. Ал бірқатар аймақта болған, локалды деңгейде болса да ұлтараздық белгілері бар шиеленістердің астарында көп жағдайда әлеуметтік мәселе жатыр. Билік оны ашық айтады. Тек биылдың өзінде Қордайда, Шонжыда болған оқиғаларға атқарушы билік өкілдері әлеуметтік сипат берген. Ресми органдар мұндай оқиғалардың ешқайсысын ксенофобияға теңеген емес. Ендеше коммунистер радикалдарды қайдан көріп жүр? Әзірге жауап жоқ.Ксенофобияға жол берген жоқпыз
Тағы бір қоғам белсендісі Жәнібек Қожық ұлт мәселесіне келгенде коммунистік идеологияны жақтаушылардың әу бастан тыжырына қалатынын айтады. Өйткені бұл саяси ұстанымның түп-төркінінде әу бастан интернационализм жатыр. Әлемдік билікке қол жеткізуді көздейді. «Сондықтан коммунистер ұлт мәселесінде әрқашан агрессиялы келеді. Ал Қазақстанда ксенофобия жоқ», – дейді ол. Дегенмен ксенофобия көріністері кейде кездесіп қалады. Бірақ ол жалпы сипат алған емес. Ол туралы саясаттанушы Талғат Қалиевтің де жазғаны бар. Тек қазақ халқының арасында ксенофобтар мол дегенді ресми тілде ақпарат тарататын масс-медиа жиі жазады. Әйтпесе, өзге ұлт өкілдерін жаппай кемсіту, скинхедтік қозғалыс құру біздің елде тіркелмеген. Тіпті, ұлтшыл ретінде көзқарасын ашық айтатын тағы бір қоғам белсендісі Марғұлан Боранбай да өз жақтастары үшін ксенофобия жат екенін айтты. Ендеше радикалды ұлтшылдарды коммунистер қайдан шығарғанын білмейміз. Бәлкім, алда болуы мүмкін сайлау үшін лоялды электорат жинап алуды көздеп отыр ма, кім білсін?! Айтпақшы, Қазақстанда радикалды ұлтшылдардан гөрі «гибридтік соғыс» құралы болу ықтималдығы жоғары топтар бар. Украинаның шығысындағы сеператистер құрамында әскери қимылдарға қатысқан азаматтар ел ішінде әлі де кездеседі. Әскери-патриоттық лагерьлерді сылтау етіп, милитаристік идеяны насихат қылатындар емін-еркін жүр. Рас, олардың арасында өзге елдердегі әскери қимылдарға қатысқаны үшін сотталғандар да кездескен. Алайда олар көп емес. Vkontakte желісінде олардың «әрекетін» насихаттайтын пабликтер молынан кездеседі. Тек коммунистер олар жайлы айтқан жоқ. Шын мәнінде, қоғамның тұрақтылығы мен елдегі ынтымаққа қауіп төндіретін солар. Ал радикал ұлтшылдар шығып, есіре бастаса, құқық қорғаушылардың назарынан тыс қала қоймас. Дос КӨШІМ, «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы: – Менің ойымша, Парламентте фракциясы бар, саясатқа араласып жүрген партияның мұндай мәлімдеме жасауы олардың құқықтық сауатының қаншалықты төмен екеніне дәлел болады. Әлеуметтік желілердегі пікірлерді жинау өсек терумен бірдей. Тұтас ұлттық қозғалысқа бұлай жала жабу – коммунистердің өздері қоғамды арандатып отырғанының көрінісі. Өйткені Қазақстанда қазір ұлтшыл бағытты ұстанатын жалғыз ұйым бар. Ол – «Ұлт тағдыры» қозғалысы. Ал біздің қозғалыс ешқашан өзгелерді өзектен тебуді, басқаларды кемсітуді көздеген емес әрі ондай мазмұндағы ешбір мәлімдемеміз жоқ. Сондықтан Бас прокуратура ашықхат жазғандарға қатаң жауап беруі тиіс. Дерек қайда, радикалдық бағытты кім насихаттап жүр, қандай құжат көрсете аласыңдар дегендей талап қоюы керек. Егер ондай деректері жоқ болса, коммунистердің халықты өздері арандатып, онсыз да сылтау іздеп отырған кейбір отандасымыздың байбалам салуына түрткі болады. Жалпы, Қазақстандағы ұлтшыл қозғалыстардың басында 1991 жылы құрылған «Азат» қозғалысы тұр. Бірақ «Азат» қозғалысы да, одан кейін құрылып, тарап кеткен өзге ұйымдар да ешқашан ұлт араздығын қоздырған емес. Тіпті, «Азат» қозғалысының құрамында өзге ұлт өкілдері де көп болған. Сондықтан әлеуметтік желілердегі пікірлерді тұтас ұлттық қозғалыстың пікірі деуге болмайды. Екіншіден, әлеуметтік желіде кім отырмайды? Онда қазақ орыстың, орыс татардың, ұйғыр кәрістің атынан пікір жазуы мүмкін. Сонда солардың барлығын Қазақстан қоғамының ұстанымы деу керек пе?!Аманкелді ҚҰРМЕТ