Халықаралық соттан келеміз...

Халықаралық соттан келеміз...

 

Gold Pool-дың талабы 1 млрд АҚШ долларына жетіп жығылды 

Биылғы мамырдың 19-ында АҚШ округтік соты  Нью-Йорк­­тің оңтүстік округі бойынша «БТА Банкі» мен Алматы қа­ласы  әкімдігінің пайдасына сот қаулыларын бұзғаны, жалған мә­ліметтер ұсынғаны және сот даулары кезінде тиісті айғақтар мен дәлелдерді қасақана жойғаны үшін Ильяс және Виктор Хра­пуновтарға жаза қолдану туралы шешім шығарды. Есте бол­са, Нью-Йорк сотындағы дау ұрланған ақшаларды жы­лыстату бойынша М.Әбілязовқа және оның сыбайластарына қа­тысты төрт жыл бұрын басталған еді. Бұл сот  туралы халық құла­ғдар болғандықтан, осы жерден қысқа қайырамыз. Ал осы айдың 3-і күні Халықаралық Төрелік трибуналдың ше­шіміне өзек болған іс туралы көпшілік біле бермейді. Тү­сінікті болу үшін айтайық, 2016 жылы канадалық  Gold Pool JV Ltd  компаниясы «Қазақалтын» АҚ кәсіпорнын сенімгерлік бас­қару туралы келісімшартты бұзды деп біздің елді сотқа берді.  Ал күні кеше Халықаралық Төрелік трибунал бұл істің сот қа­рауына жатпайтынын айтып, сот ісін тоқтату туралы шешім қа­былдады. Талап арыздың сомасы 917 млн АҚШ долларын құра­ды. Бұл аз ақша емес, сондықтан аталған іс туралы аз-кем ақ­пар бергенді жөн көрдік. 1996 жылдың наурызында Gold Pool компаниясы «Қазақ­алтынның»  қарыздарын өтеп, өндірісті қалпына келтіремін деп  кәсіпорынды басқаруға алады. Бірақ шетелдік компания өз міндеттемелерін орындамайды.  Кәсіпорынның жұмысшылар мен мердігерлер алдындағы қарызы өсе берді. Басқарушы компания  банкротқа ұшырайды.  Бірнеше рет жасалған ескертулерден кейін Қазақстан Үкіметі 1997 жылғы тамызда басқарушы компаниямен келісімшартты бұзды. Компания көп ұзамай мемлекеттік орган­дарға қарсы халықаралық ком­мерциялық төрелікке жүгінеді, алайда ешқандай өндірістік қа­дам жасамайды. Келісімшартқа қолданылатын талап қою мерзімі 2000 жылы аяқталды да, іс жа­былды. Осыған қарамастан, арада 17 жыл өткенде, яғни 2014 жылғы ақпанда компания Қазақ­станда қолданылатын  1989 жылғы Күрделі салымдарды көтермелеу және өзара қорғау туралы кеңестік-канадалық келісімді негізге алып, дау туралы хабарлама жібереді. Сол жылдан бастап біздің елдің құзырлы орын­дары   алдағы талқылауға дайындалады.  Былтыр іс бойынша тыңдау өткенде ком­панияның көп жыл бұрынғы оқи­ғаларды бұрмалап,  жалған шағымдарды   ұсынғаны анықталды.  2019 жылдың маусым айында Парижде (Франция) өткен тыңдау нә­тижесінде Халықаралық Төрелік трибунал Қазақстан  1989 жылғы кеңестік-канадалық Күрделі салымдарды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімімен байланысты емес деген қорытындыға келді. Сөйтіп, бұл мәселеге нүкте қойыл­ды.  

Консультанттар қызметіне төленген қаржы құпия

Ал биыл БАҚ бетінен түс­пей жүрген Статилер ісінің та­рихына  10 жыл толды. Бұл оқи­ға 2010 жылдың шілдесінде әке­лі-балалы Статилердің Сток­гольм халықаралық арби­тражды трибуналына Қазақстан Энергетикалық Хартия шар­тындағы міндеттемелерін орын­дамай отыр деп сотқа беруінен басталады. Қазақстан Үкіметінен 4 млрд АҚШ доллар өтемақы талап еткен Статилердің шағымын сот ішінара ғана қанағаттандырған-ды. Әрине, Қазақстан Үкіметі Стокгольм арбитражды сотының бұл шешіммен келіспей, Сток­гольмнің Аппеляциялық со­­тына шағым түсірді. Содан бері жалғасып келе жатқан тартыста тараптар алма-кезек жеңіп, же­ңіліп жатыр. Ал күні кеше – 11 тамызда Колумбия округі бо­йын­ша АҚШ округтік соты  мол­даван кәсіпкерлері Анатол мен Габриэль Статиге және олардың компанияларына   Қазақстанның белгілі бір құжаттардағы ақпаратты ашу туралы талабына шектеу қойған қаулы шығарды. Жалпы, Стати ісіне қатысты түрлі пікір бар. Соның бірі – осы сотты жалғастырудың қажеті бар ма дегенге саяды. Себебі олар Қазақстан Үкіметінен әу баста 4 млрд доллар өтемақы талап етті. Ал сот процесі басталғалы бері өт­кен он жылда сотқа қатысу шығын­дарының 4 млрд долларға жуықтамағанына кепіл жоқ. Бәл­кім, одан да көп шығын кеткен шығар? Себебі бұл туралы ақпарат ашық емес. Тіпті, Әділет министрі консалтинг компанияларға Стати ісі бойынша қанша ақша төленіп жатқанында жария етпей жүр. «Бұл ақпарат консультанттармен жасалған келісімшартқа сәйкес құпия саналады», – деп жауап бергені бар. «Мұндай ақшаны жұмсау қажеттілігі туралы  сұрақ­тарға Әділет министрлігінің бюджетінен жауап аласыздар, бюд­жет ашық, жалпы көлемі белгілі», – деді Марат Бекетаев кезекті бри­фингтің бірінде.  Министр айтқандай, шет ел­дегі соттарда мемлекет мүддесін қорғау үшін бюджеттен бөлінетін қаржы көлемі ашық. Алайда аз­дап түсініксіз. Заңгер және бюд­жет сарапшысы Салтанат Ра­химова­ның айтуынша, 2017-2019 жылдары Әділет министрлігі үшін «мемлекет мүдделерін білдіру және қорғау, сот немесе төрелік талқылаулар перспективаларын бағалау және жер қойнауын пайдалануға келісімшарттар және инвестициялық шарттар жо­баларына заңгерлік сараптама жүр­гізу мақсатына» 15 905 948 мың теңге қарастырылған. «Ал 2019-2021 жылдары 15 912 893 мың теңге қарастырыл­ған. Осы жерде айта кету ке­рек, алдыңғы жылдардың бюд­жет­індегідей «жер қойнауын пайдалануға келісімшарттар және инвестициялық шарттар жобалары­на заңгерлік сараптама жүргізу қызметі» қамтылмаған.  Аталған қызмет түрінің бюджеттің шығыс бөлігінен мүлдем алынып тасталғаны да анық емес», – дейді сарапшы.    

Халықаралық заңгер дайындау қымбатқа түседі

Заңгер Салтанат Рахимова шетелде өткізілетін сот немесе төрелік талқылаулардың перспек­тиваларын бағалау үшін қаражат бөлу күмәнді қызметке қаражат бөлу деп санайды. Оның пікірінше, шетелдік соттарда қаралатын істердің перспективасына Әділет министрлігінің Халықаралық құқық және ынтымақтастық департаментінің заңгерлерінің күшімен бағалау жүргізу керек. «Жалпы, шетелдік соттар­да Қазақстан мүддесіне қатыс­ты қаралатын істерде рес­публикамыздың мүддесін қорғау ісіне «Болашақ» бағдарламасы бойынша жоғары білім алған заңгерлерді, магистрлерді, бағдарламамен оқыған судьяларды және ЖОО оқытушыларын тар­тып, заңгер-сарапшылар пулын қалыптастыру керек. Бұл әрі бюджетке көп үнем болады, әрі мемлекетіміздің заңгерлерінің халықаралық деңгейге көтерілуіне себепші болады», – дейді ол. Ал Bolashak Consulting Group заң фирмасының бас директоры, «Жас заңгер палатасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сағидолла Баймұраттың айтуынша, халық­аралық заңгерлер дайындау да қомақты қаржыны қажет етеді.  Себебі арбитражды сот орналасқан елде заңгер болу үшін 4 жыл бакалавр оқиды, содан кейін  2 жыл-6 ай сайын 4 сала бойынша тағылымдамадан өтеді.  

Стати ісі ұзаққа созылуы мүмкін

Кезінде Әділет вице-министрі болған Ирак Елекеев мұндай істе мәміле жасаудың маңызы зор екенін айтады. Оның пікірінше, Стати ісіне басталғанда-ақ нүкте қою керек еді.  Тоқсаныншы жылдардың соңында «Айзенберг Экспорт Компаниясы» тамшылатып суару технологиясын енгізетін болып, біздің елге келеді.  Жұмысын жарты жолдан тастап кетіп қалған компания бітірмеген жұмысына ақша талап етеді.  Соңында Қазақстан Үкіметін Стокгольм сотынан бір-ақ шығарады. «Әділет вице-министрі болып тағайындалған соң, осы мәселені зерттедім, себебі осы іске ку­ратор етіп тағайындаған еді. Бізде ешқандай мүмкіндік жоқ екен. Инвестицияны алғанымыз рас па, рас. Айзенберг 21 млн доллар талап етті. Соттың шешімі солардың пайдасына шықты. Айзенбергпен келіссөз жүргізіп, 21 млн доллардың орнына 7 млн доллар төлейтін болып келістік. Ал ол уәде еткен технология   сол күйі енгізілмей қалды. Егер біз келіссөзге шақырмасақ, бұл сот та ұзаққа созылар еді. Ал бұл қып-қызыл шығын», – дейді Ирак Елекеев. Стати ісінде тоқтамға келуіміз мүмкін емес сияқты. Себебі  Әділет министрі бұл істің жалғасатынын айтумен келеді. Орталық ком­муникациялар қызметінде өткен кезекті брифингтің бірінде  аталған сот ісі Қазақстанның меншігі мен мүлкін қорғауға прецедент қалыптастыратын  мәселе екенін айтқаны бар. «Ұлттық қорға Лондонда жақ­сы прецедент жасалды.  Сот Ұлт­тық қордың қаражатына қол сұ­ғылмайды деген шешім шығарды. Швеция соты да осындай шешім қабылдады. Сот Ұлттық қордың қаражаты егемендік иммунитетін пайдаланады деп нақтылады. Бұл  шешім болашақта осындай адамдардың (Статилер – ред.) Қазақстаннан қандай да бір пайда көріп қалсақ деген ниетіне қарсы жұмыс істейді. Бұл  Қазақстан   экономикасын болашақта да қорғайтын негіз жасауға мүмкіндік береді. Сондықтан бұл қаржы тиімді жұмсалып жатыр», – деді министр. Демек, бұл іс әлі біраз жыл­ға созылады, тараптардың еш­қайсысы позициясын беруге құ­лықты емес.  

 Халима БҰҚАРҚЫЗЫ