Балаға кім қорған?
Судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету – Төтенше жағдайлар комитетінің негізгі міндеттерінің бірі. Осы мақсатта Полиция департаментімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп түрлі іс-шара атқарып келеді. Алайда бақылау бола тұрса да, жаз шыға суға түсушілер санының артуына байланысты өлім-жітім де көбейе түседі. Мәселен, тек 1 маусым мен 13 шілде аралығында елімізде 104 адам суға батып кеткен. Оның ішінде 29-ы – бала. Ал өткен жылы тура осы кезеңде 133 адам суға батқан болса, оның 48-і – кәмелет жасына толмағандар. Тіпті, шомылу маусымы былай тұрсын, сәуір айындағы жағдай бойынша еліміздің өзен-көлдерінде барлығы 28 адам, оның ішінде 10 бала көз жұмған. Бүгінгі күні елімізде суға шомылуға және су маңында демалуға арналған 592 ресми орын бар, оның 111-і – коммуналдық, ал 481 – жеке жағажай. Суға шомылуға тыйым салынған 2 мыңнан астам орын анықталды, ол орындарда 5 мыңнан астам ескерту белгісі және 1 мыңға жуық көрнекі стенд орнатылған. Онда, тіпті адамдардың қаза болу себептері мен жағдайлары да ашық жазылған. Төтенше жағдайлар комитеті адамдардың су айдындарында қаза болуына жол бермеу бойынша профилактикалық жұмысты күшейту үшін күн сайын су айдындар жаппай демалатын орындарда рейдтік іс-шаралар өткізетінін айтады. Жүзу құралдарымен жиі-жиі патрульдеу жүргізіледі. Биыл 1 мамырдан бері 16 мыңнан астам рейд және патрульдеу жүргізіліп, «Қоғамдық орындарда болу қағидаларын бұзу» Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 440-бабы және «Ортақ су пайдалану қағидаларын бұзу» 364-бабы бойынша 3 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Жалпы, Төтенше жағдайлар комитетінің тарапынан тиісті шаралар атқарылмады деп айту қиын. Және де суға батып бара жатқан жандарды бірінші құтқарып қалатын да осы төтенше жағдайлар қызметінің мамандары. Оның үстіне, еліміздегі барлық өзен-көлді қадағалау мүмкін бола қоймас. Не де болса, еліміздің су айдындарында батып кетуші азаматтар саны азаймай отыр. Көз жұмғандардың дені рұқсат етілмеген жерде шомылған. Ал олардың ішінде балалар көрсеткішінің төмендемеуі алаңдатарлық жайт.Ата-ана неге жауапсыз?
Адамдардың суға кетіп қайтыс болуының басты себебі – рұқсат етілмеген жерге түсу. Су айдындарындағы қауіпсіздік ережеде «тек жабдықталған орындарда суға шомылуға болады» делінген. Онда құтқарушылар кезекшілік ететіндіктен, адамдардың қауіпсіздігі сақталады. Сонымен қатар мас күйінде суға шомылу, өз күшін бағаламай суға батып бара жатқан адамды құтқарамын деп әрекет жасау – қайғылы жағдайға алып келетін факторлардың бірі. Ал балалардың суға батып кету жағдайы көбіне ата-анасының, жалпы ересек адамдардың қарауынсыз қалдыру салдарынан болады. Яғни, ата-ананың балаға деген жауапсыздығы мен салғырттығынан. Ереже бойынша балалар тек ересек адамдардың қарауымен суға шомылуы тиіс. Конституцияда кәмелет жасына толмаған балалар 18 жасқа толғанша ата-ананың қамқорлығында болатыны нақты жазылған. Заңгер Айсан Саман бірінші жауапкершілік ата-анада екенін айтады. Дей тұрғанмен заңгер бұл мәселеде арнайы норма жоқ дейді. «Заңнамада баласы суға кетіп қалған жағдайда ата-анасына мынандай жаза тағайындалады деген нақты норма жоқ. Егер ата-ананың кінәсі тікелей дәлелденсе, құқықтық жауапкершілікке, оның ішінде міндетін орындамағандығы туралы әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл мәселеде кім жауапты деген сұраққа жауап беретін құқық қорғау органдары. Олар бұл оқиғаны материал ретінде тіркеп, куәлерден жауап алу арқылы анықтайды. Нақты шешімді тергеуден кейін құқық қорғау органдары шығарады», – дейді Айсан Саман. Алайда заңгер көп материал қысқартылып, іс жылы жабылатынын айтады. Отбасындағы баланың қауіпсіздігі әке-шешесінде екені рас. Осындай қайғылы жайттардың көбеюіне әлеуметтік жағдай да әсер ететін секілді. Күнкөріс қамымен жүрген ата-ана балаларына қарауға мүмкіндігі болмай жататын жайттарды да ескерген жөн болар. Балалардың суға кетуі соңғы кезде оңтүстік өңірлерде артып кеткен. Мамандар қанша ескертсек те, балалардың суға бату жағдайларының жиілеп кетуін елдегі қатаң карантимен де байланыстырады. Өйткені індетке орай карантин талаптары бірнеше рет өзгертілді. Соған сай балаларға арналған демалыс орындары мен жағажайлар бірде ашық, бірде жабық. Бала – біздің келешегіміз. Айдың күннің аманында судан келіп жатқан балалардың өлімі ойлантады. Тек ойлантып қана қоймай, нақты іс-әрекетке итермелеуі қажет шығар. Сондықтан бұл мәселеде кінәні тиісті ведомстваға немесе ата-анаға ысыра салуға болмас. Дегенмен балалардың амандығы үшін Үкімет өз азаматы, ата-ана болашақ ұрпағы ретінде аса жауапкершілікпен қарағаны дұрыс.Сұңқарбек БАТАНҰЛЫ