300 мыңға жуық оқушы қашықтан оқиды
300 мыңға жуық оқушы қашықтан оқиды
5,268
оқылды
Дегенмен еліміздегі, оның ішінде об­лыс­тағы санитарлық эпидемиологиялық жағ­дайдың күрделілігіне байланысты биылғы жаңа оқу жылы қашықтан оқыту түрінде  басталатын болды. Бұл туралы Алматы об­лысының әкімі Амандық Ғаббасұлы арнайы ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Әкімнің айтуына қарағанда, облыста  760 жалпы орта білім беретін мектеп бар. Жаңа оқу жылында оқушы саны өткен жылмен салыстырғанда 16,6 мың балаға артып,  426 мыңнан асып отыр. Болжам бойынша  солардың 45-50 мыңы биыл 1-сыныпқа барады. Қазіргі кезде алғаш рет білім ошағының есігін ашатын  44 мыңнан астам бала тіркелген. Алдағы апталарда олар­дың саны біршама артатыны сөзсіз. Эпидемиологиялық ахуалға  байланысты  білім мекемелері оқушыларды төрт бағытта оқытатын болды. Бірінші бағыт бойынша 299 653 оқушы интернет желісі арқылы қашықтан оқумен қамтылады. Екінші бағытта 84 471 оқушы, яғни білім алушылардың 20 пайызы республикалық телеарналар  «әл-Фараби», «Еларна» және облыстық «Жетісу» телеарнасы арқылы білімдерін жетілдіреді.Үшінші бағытпен  шалғайдағы елді мекендердегі 138 шағын жинақталған мектептегілер барлық санитарлық талаптарға сәйкес, 7 721 оқушы  екі ауысымда 15 баладан  штаттық режимде оқитын болады. Төртінші бағыт бойынша бастауыш сынып оқушылары, ата-аналардың өтініші негізінде болжаммен  5 214 кезекші сыныпта 34 792 бала білім алатын болады. Өңір басшысы журналистермен әңгіме  барысында облыс бойынша оқушылардың компьютерлік техникамен 61 пайыз қамта­масыз етілгеніне де тоқталды. Алдағы кезде білім ошақтарын компьютермен толық қамту бойынша нақты шаралар жүзге асырылады. Өңірде  91 743 оқушының компютерлік жабдыққа мұқтаждығы анықталған. Бұл мәселені шешу үшін қосымша 75,6 мың компьютер сатып алынды. Мемлекеттік - жекеменшік әріптестік аясында тағы 20 мың компьютер жеткізіледі. Бұлардың барлығы бірінші кезекте тұрмысы төмен отбасылардың жеткіншектері мен жетім балаларға беріледі.  Ал әзірге мектептердегі 23 678 компьютерді балаларға уақытша пайдаланады. Мектеп жа­сындағылардың  интернет желісіне қосылу көрсеткіші 88 пайызға жетіпті. «Меценаттар тарапынан көмектер көрсе­тілуде. Мәселен, «Жас архитекторлар мен құ­рылысшылар» қоғамдық қоры облыстағы аз қамтылған отбасылардың балалары үшін 150 компьютер  тегін берілмек.  «Қазақтелеком» АҚ арқылы 98 мектепте интернет жылдамдығын 4 Мбит-тен  8 Мбит-ке  дейін арттыру жүзеге аспақ. Сондай-ақ  интернет желісіне қосылу үшін оқушыларға 43 мың роутер сатып ала­мыз, – дейді Амандық Баталов. Мемлекеттің қолдауы арқасында облысты 32 білім нысаны салынуда. Оның ішінде 23 мектеп пен студенттерге арналған 4 жатақхана бар. Сонымен бірге «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында жалпы сомасы 27 млрд теңгеге алты мектептің құрылысы тағы жүр­гізілу­де. Мектепке дейінгі мекемелер мәселесіне келетін болсақ, эпидахуал жақсарса, әлеу­меттік қашықтықты сақтай отырып, толық  топтар ашылуы мүмкін. Әзірге қалыптасып отырған жағдайға сай облыстағы мектепке дейін­гі ұйымдар қызметі уақытша тоқтатылған. Жаңа оқу жылы басталысымен олар жұ­мыстарын бастап, ата-аналар өтінішіне сай балдырғандарды кезекші топтарға қабылдау ұйымдастырылады. Облыстағы мектебі  жоқ 69  шалғай елді мекеннен  балаларды  (15 719 оқушы) басқа ауылдардағы білім ошақтарына жеткізу үшін жергілікті бюджеттен 71 автобус алуға  940,6 млн  теңге бөлініп, 61 автобус сатып алынып, тағы онына қатысты мәселе тамыздың со­ңына дейін шешілмек.  

Болат АБАҒАН, Алматы облысы