Атыраудың мектептері дайын ба?
Атыраудың мектептері дайын ба?
146
оқылды
Елімізде төтенше жағдай жарияланған мерзім оқудың төртінші тоқсаны болған­дықтан, онлайн оқытудан кемшіліктер бол­ғанына қарамастан, оқу жылын оқушылар жақсы аяқтап шықты. Ал енді қыркүйектегі жаңа оқу жылында оқуды бастап кету, әсіресе мектепке 1-сыныпқа баратындар үшін күрделі процесс болуы мүмкін. Себебі вирус жұқтыру қаупі де қаперге алынып, оқу жұмысын ұйымдастыру аймақ басшыларынан бастап ата-ана, ұстаздар мен оқушылардың өздерінен де жауапкершілікті талап етеді. Атырау облысы бойынша биылғы оқу жылында 196 мектепте 131 900 оқушы білім алады. Пандемия жағдайына байланысты 2020-2021 оқу жылын оқушылар қашықтан оқиды. Бірақ ата-аналар өтінішіне орай, бастауыш сыныптар үшін кезекші сыныптар ұйымдастырылады. Атырау облысы әкімі Махамбет Дос­мұхамбетов­тің қатысуымен өткен брифингте облыстағы 16 693 оқушыға компьютер қажеттігі айтылды. Аймақ басшысы бұл мәселені шешу үшін жаңа оқу жылы басталғанша   оқушыларға 15 246 мектеп компьютері қайтарымды келісіммен таратылып беріліп жатқанын айтты. Компьютерлер бірінші кезекте көпбалалы отбасылар мен аз қамтыл­ған отбасыларға беріледі. – Үш мың  оқушы үшін интернет қажет болып отыр. Осы орайда, «Қазақтелеком» АҚ интернет желісін қосу жұмыстарын жүргізуде. Одан бөлек, ұялы операторлармен келісімдер жүргізіліп, жалпыға міндетті оқу қорынан қайтарымсыз негізде 3 мың  роутер сатып алынды. «Мектепке жол» акциясы биыл да жалғасын табады. Бірақ формат онлайн режимге ауысады. Атырау облысы бойынша мектептерге 472 педагог жетіспейді. Оның ішінде  74 бастауыш сынып мұғалімі қажет. Осы орайда, педагог мамандығына облыс әкімдігінен бөлінетін грант саны артып отыр. Жергілікті атқарушы билік ұстаздардың әлеуметтік жағдайына айрықша мән беріп, олардың жа­лақысы, тұрғын үй және жас мамандарды жұмысқа тарту мәселесін назарға алып отыр.  Әзірге биылғы жаңа оқу жылында Атырау облысындағы білім беру мекемелеріне 101 жас маман келеді. Оның ішінде 20-сы бастауыш сынып мұғалімі және аудандарға «Диплом-мен – ауылға!» бағдарламасы арқылы 20 маман келеді деп күтілуде. Өңірдегі мұғалімдердің жетіспеушілігін осы мамандар толықтыра түсіп, оқушылар сапалы білім алуға мүмкіндік болары сөзсіз. Құрманғазы, Исатай, Қызылқоға ау­дан­дары бойынша тұрғындар саны аз ауыл­дардағы 14  мектепте жалпы 880 оқушыны штаттық режимде оқыту бойынша дайындық жұмыстары ұйымдастырылуда. Елдегі індетке байланысты жағдайда Атырау облысында 170 мектепте 1 446 кезекші сынып ашылады. Кезекші сыныпқа 21 637 оқушы барады.  Пандемияға байланысты сыныпішілік қауіпсіздік шаралары қатаң түрде сақталады. Мектептер залалсыздандыру құрал-жабдықтарымен толық қамтылған. Түрлі форум мен конференциядан үнемделген қаражатқа тепловизорлар алынған. Жаңа оқу жылында шалғай 17 елді мекеннің бастауыш сынып оқушыларын көлікпен қамтамасыз ету де оң шешімін табатын болады. Кез келген бала мектепке алғаш келгенде «жақсы оқысам екен» деген ниетпен келе­тіні сөзсіз. Биылғы оқу жылы мектеп та­бал­дырығын алғаш аттайтын 1-сынып оқу­шылары үшін сынағы көп болғанымен де білім алу сапасы жағынан озық болуына жағдай жасалуда.  

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы