Анар Расул оглы Рзаев: Оқырманымды алдаған емеспін
Анар Расул оглы Рзаев: Оқырманымды  алдаған емеспін

Әзірбайжан жазушысы Анар Расул оглы Рзаев – бүкіл әлемге танымал жан. Ол Мұхтар Әуезовпен «Абай жолы» арқылы танысты. Әбдіжамал Нұрпейісов, Мұхтар Шаханов, Олжас Сүлейменовті ерекше қадір тұтады. Оның шығармаларын қазақ тіліне аударған – жазушы Берік Шаханов. Бүгінде оның шығармалары әлемнің 40 тіліне аударылып, 100 шақты кітабы шет елдерде жарық көрген. Әзірбайжан жазушысымен Нұр-Сұлтанға келген сапарында арнайы тілдесудің сәті түсті.

Жазушының балалығы қалай өтті?

– Өмірдің ащысын да, тұщы­сын да бір кісідей көр­діңіз. Артқа қарағанда не кө­ресіз?

– Балалық шаққа жететін еш­теңе жоқ қой... Әрине, барлық адам­ның балалық шағы бірдей ба­қытты өтпейді. Қуанышыма орай, өмірімнің ең ажарлы ке­зеңі балалығым. Сондықтан қиын­дықты көп көрдім деп айта ал­маймын. Есесіне, ер жетіп, есейген шағымда шығар­ма­шы­лықтың қиындығын бір кісідей бас­тан өткердік.

– Балалық шағыңыздың қи­мас кездері жиі еске түсе ме?

– Әкемнің қала сыртында Бу­зовнада саяжайы болатын. Бузовна ауылы – Абшерон тү­бе­гі­нің солтүстік-шы­ғысында, Кас­пий теңізінің жағасында ор­наласқан. Судың жағасын­дағы балалықтың тәтті күндері-ай десеңші... Жаз айымыз түге­лі­мен сонда өтетін. Көрші-қо­лаңның балаларымен ойнап, суға түсіп, доп қуатын едік.

Отбасымызбен жазды тағы бір жерде өткізетінбіз. Ол – Шу­ша. Шуша – Таулы Қарабақтағы қала. Ол Қарабақ жотасының ете­гінде, теңіз деңгейінен 1 368 м биіктікте орналасқан. Бейне бір таудағы бүркіт бекінісі іспеттес. Табиғаты өте көркем, сұлу жер. Ол жерде өсетін гүлдің өз әде­мі­лігі бар. Ауасы да мұнтаздай та­за. Бұған әр жаз сайын емес, үш жылда бір баратын едік. Ал­ғашқы шығармамды да сол жақ­та жазғанмын. Ол кезде бар-жо­ғы 14 жаста едім.

Өз басым Бакуда туып-өссем де, өзіме қымбат осы екі мекенді жиі еске аламын. Аяулы күн­де­рім еске түседі.


Бакуді сағынған бала

– Бірінші рет шығарманы 14 жасыңызда жазған екенсіз, ол қандай шығарма?

– Ол дүниемді шығарма деп те айта алмайсың. Жаспын. Шу­шада жатып, Бакуды сағындым. Бір кезде әкем бөлмеге келді де, «Іштерің пыспасын, осы сапарда алған әсерлеріңді жазып бе­рің­дер» деп қарындасым екеуміздің қо­лымызға қалам мен қағаз ұс­татты. Қарындасым менен 5 жас кі­ші. Ол сол кезде ештеңе жаз­ба­ды-ау деймін. Бірақ өзім параққа алған әсерімді емес, америкалық өмір туралы пьеса жазып берге­нім бар. Шыны керек, ол кезде аме­рикалық өмірдің не екенін де білмейсің. Білетінім сол, кеңестік идеологиямен газетке шыққан дүниелер ғана. Менің ол жазбамда америкалықтар тек азап шеккен. Аңғалдығым ғой. Артынан анам оқып бергенде, әкем төмен бір қарап, маған бір қарап, мұңайып тұрып: «Әй, сен де жазушы боласың-ау» дегені бар.

– Сонымен жазушы болып кет­тіңіз...

– Иә, алма алма ағашынан алыс­қа ұзамайды екен.

– Қазір қалай? Әлі де жаза­сыз ба?

– Жазуды еш уақытта тоқтат­қан емеспін. Соңғы 20 жылда тек компьютермен жазамын. Ком­пьютер болмағанда, ең сауат­сыз жазушының бірі болар едім деп ойлаймын. Бұрын ки­рилл қарпімен жаздық, кейін латынға көшкенде шатасты­ра­тын болдым. Ал компьютерге ки­рилл қарпінде тере берем, бірақ ла­тын қарпімен түсетін етіп жа­сап берген. Егер компью­тер­ді ер­терек ойлап шығар­ған­да, одан да көбірек жазар едім. Кү­ніне жоқ дегенде 20 бетті ба­сып тастаймын. Қазір Қазақ­стан жөнінде кітап жазу ойымда бар.

Меніңше, кез келген жазушы­ға шығарма жазу оңайға түс­пей­ді. Мысалы, проза жазу – өте қиын. Әр шығарманы жазған сайын бүкіл өмірлік тәжірибең ке­теді. Жазушылық – ең қиын жұ­мыс. Ол жерде күн-түн деп бөл­мейсің, тіпті ұйықтап жат­қаныңда ми бір уақыт дем­ал­май­ды. Ештеңе жазбасаң да, миың оқиға желісін жазып оты­рады. Ал пьеса – тез жазылатын дүние. Онда жазатын басты кейіп­­керіңді тапсаң, диа­лог­та­рын құрып жаза саласың. Бір пье­­саны 2 жұмада жазып біте­мін.

 

Нобель сыйлығына неге қызықпайды?

– Нобель сыйлығына қы­зық­қан кезіңіз болды ма?

– Оған қызыққан да емеспін. Жал­пы, мені ешқандай марапат қы­зықтырмайды. Совет уа­қы­тында абыройлы Мемлекеттік сыйлықты, еліміздегі беделі зор Гейдар Алиевтің сыйлығын алдым. Оларды аламын деп тал­пынған емеспін. Нобель сый­лы­ғына біздің жазу­шы­лардың өз реніші бар. Бір жылы жазу­шы­ларымыз қатыспақшы болып, одан жақсылық таппады. Өйт­кені ол жерде саясат басқа. Мы­са­лы, Нобельді алған бе­лорус қызы Светлана Алек­сие­вич жазушы да емес, журналист. Осы әділ ме?! Сондықтан бұл ма­ған керек емес.

– Сіз өзіңізді «советтік жа­зу­­шымын» деп санайсыз ба?

– Жоқ, олай есептемеймін. Советтік кезеңде өмір сүрген ақын-жазушының барлығы «со­веттік жазушы» емес. Сол уа­қыт­тың өзінде өзін одан алыс ұстап, партиялық өлең жазбағандар да болды. Совет заманында жазған бүкіл дүниемді қазір де жазып бере аламын. Ол жерде ешқан­дай советтік көзқарас жоқ. Әри­не, бәрін ашық жаза алмадық. Өйт­кені идеология соған мәж­бүр етті. Бір нәрсе анық – өтірік еш­теңе қоспадым. Ақиқатты толығымен жазбасам да, оқыр­манды алдаған жоқпын.

 

Кітап сұраныста емес

– Қазір әдебиеттегі үлкен мә­селе – оқырманның жоқ­тығы. Таралым жылдан-жыл­ға азайып барады. Әзірбайжан әдебиеті туралы не айтар еді­ңіз?

– Оқырман өте аз. Совет за­ма­нында еңбегім Мәскеу бас­па­сы­нан жарты миллион тиражбен шы­ғатын. Әзірбайжанның өзін­де таралымы 50 мың болды. Жаңа буын келді, онымен бірге ин­тернет ойлап табылды. Қазір ел-жұрт кітап оқығаннан гөрі, біреумен хат алмасып, хабар­лас­қанды жеңіл санайды. Мәс­кеуде оқырман бар шығар. Ол жақта кітаптың таралымы – 10 мың дана. Ал Әзірбайжанда 2 мың­нан аспайды. Мемлекет та­­­ра­пынан қаржыландыру, мем­­­лекеттік тапсырыспен шыға­ру деген бізде мүлдем жоқ. Кітап­ты әр­кім өз қаржысына шығарады.

Совет уа­қы­тында абыройлы Мемлекеттік сыйлықты, еліміздегі беделі зор Гейдар Алиевтің сыйлығын алдым. Оларды аламын деп тал­пынған емеспін. Нобель сый­лы­ғына біздің жазу­шы­лардың өз реніші бар. Бір жылы жазу­шы­ларымыз қатыспақшы болып, одан жақсылық таппады. Өйт­кені ол жерде саясат басқа. Мы­са­лы,  Нобельді алған бе­лорус қызы Светлана Алек­сие­вич жазушы да емес, журналист.


Депутат болып жүргенімде, көр­кем әдеби шығармаларды ла­тын қарпінде шығару жөнінде мә­селені талай көтердім. Ол кез­де оқу кітаптары, газеттер ла­тын қарпінде шыққанымен, көр­кем әдебиет мүлдем болма­ды. Сон­да 10 жылдай біздің буын әде­биетсіз өсті. Әупірімдеп жү­ріп, әрең дегенде мемлекет 25 мыңға жуық әзірбайжандық жә­не әлемдік әдебиетті шығар­ды. Оның ішінде менің де кіта­бым бар. Бірақ оған көк тиын төленбеді.

– Бүгінде Әзірбайжан әде­бие­ті қандай деңгейде тұр? Ақын-жазушылардың жағ­дайы қандай? Ол жақта жаста­ры­мыз бар ма?

– Совет заманында жазғымыз келетін нәрсені жазғызбайтын. Цензурасыз дүние жазылса, та­ралымы да, марапаты да көп еді. Қазір қалағаныңды жаза ала­сың, бірақ оны ешкім елеп-ес­кер­­мейді. Сол уақытта әдеби қор құ­рылды. Ол бүкіл Одақ бойын­ша шығар­ма­шылық үйін салып, жазушы­лар­ға бүкіл жағдай жа­са­ды. Осы күні ондай мүмкін­дік жоқ. Мыса­лы, менің депутаттық зейнета­қым, одақтан алатын жалақым бар. Өз басыма жетеді, ешқандай наразылығым жоқ. Жеке көлігім не саяжайым жоқ. Кемпірім екеу­міз үш бөлмелі пәтерде тұрамыз. Біздегі ақын-жазу­шылардың басым көп­ші­лігінің халі мүшкіл. Кейде бай­ларға қарап, «одан да бизнесмен болуым керек еді» деп жаным ауырады.

Әзірбайжандағы Жазушылар одағының төрағасы болғаныма 32 жылдың жүзі болды. Бізде одақ­қа 1 800-дей адам мүше. Жас­тар да жоқ емес, бар. Бірақ мық­ты өнер майталмандары өт­кен ғасырдың 60-жылдары шыққан. Жастар ренжімесін, қазір ондай жоқ. Америкалық жа­зушы айтқандай, «Интер­нет­ті ойлап таппай тұрғанда, әлем­де мұнша ақымақтың ба­рын біл­меппін» дегені рас екен. Со­ған көзім жетті. Бұрын көшеде көргенде кітаппен келіп, қол­таңба беруімді сұраса, бүгінгі жастар суретке түсуді сұрайды. Қ­аз­ір басқа әлем пайда болды. Ол – біз білмейтін әлем.

 

Сын шын болсын

– Сынға қалай қарайсыз? Сын­ды көтере аласыз ба?

– Сынға дұрыс қараймын, бастысы ол бір жақты болмауы керек. Сыншы достарым да бар. Ойға қонымды нәрсе айтса, құ­лақ асамын. Ал сын емес, жеке басқа тіл тигізу, қорлау болса, құлақ аспаймын. Қазір ондай нәр­се көбейіп кетті. Ол – сын емес. Сын деген – объективті нәр­се. Бір сыншы досымның «Жа­зушыға сын айтқан жақсы. Өйт­кені жазушыға ұрысқанда, оның ғана көңілі қалады, ал қал­ғандардың көңілі тоқ болады» деп айтқаны бар-ды.

– Ұл-қыздарыңыздың ара­сында қалам ұстағандар бар ма?

– Ұлым – кәсіби дипломат, біз­дің Мысырдағы елшіміз. Ел­шіліктің жұмысымен айналы­са­ды, арасында сатиралық әң­гі­ме­лер жазатыны бар. Қызым негізі түркітанушы, бірақ ол да әңгіме жазады.

 

Қаламгердің өкініші не?

– Жазушылық жолды таң­да­ғаныңызда ата-анаңыз қар­сы болмады ма? Олар қалай қа­­­былдады?

– Жоғарыда айтып кет­ке­нім­дей, әкем алғашқы жазбамды оқып, бір жағы аяғандай, бір жа­ғы таңданғандай болды. Алай­да жоғары оқуға түсерде фи­лологиядан басқа маман­дық­қа баруымды өтінді. Дәрігер, физик, геолог болуды ұсынды. «Саған ешкім жазба демейді. Жазуыңды кез келген жерде жал­ғастыра бересің. Бірақ осы оқудың арқасында өмірдің тағы бір саласын меңгеріп шығасың» деген еді әкем. Қазір сол кезде әкемді тыңдай салу керек еді деп өкінемін. Одан не пайда, уа­қыт өтіп кетті. Мүмкін өмі­рімнің қандайда бір бөлігі басқа ғылыммен байланысты болар ма еді, кім білсін?!

– Ата-анаңызды әдебиет­сүйер оқырман жақсы біледі. Ата-анаңыздан алған қандай қасиетті ерекше бағалайсыз?

– Әкем елге белгілі Әзірбай­жан­ның халық ақыны – Расул Рзаев. Ол поэзияға жаңа бағыт ен­гізіп, еркін өлең жолдарын әкелген. Көзі тірісінде оны сол үшін де кінәлаған. «Барлығы се­кілді жазбайды» деп сынға да түс­ті. Тіпті «Советтік ақын бол­ды» деп айыптағандар да көп. Әрине, советтік өмірді наси­хат­тайтын, Ленинді мадақтаған өлеңдері болды. Бірақ ол оның советшіл екенін білдірмесе ке­рек. Ол негізінен лирикалық өлең­дер жазған адам. Анамның есімі – Нигяр Рафибейли. Ол да елге белгілі ақын. 1919-20 жыл­дары нағашы атам Әзір­байжан­ның бірінші Ден­саулық ми­нистрі болған. Жиырмасыншы жылдары большевиктер келген­де атамды атып тастаған. Ол кезде анам бар-жоғы – 7 жаста. 1937 жылдары оларды айдауға жі­береді не атып тастайды де­ген қорқынышпен өмір сүрді. Тек 1946 жылы СКА-ның бірінші хатшысына анама «қалдырыл­сын» деген қарар қабылданған. Міне, осындай «үреймен» өмір сүрген жандар өмір азабын бір кісідей тартты. Оның қасында менің қиындықтарым ойыншық болып қалады.


Сұхбаттасқан
Гүлзина БЕКТАС,
Анар ҚОНЫС