Темір ауданының дәрігерлері енді тұмау тию жағдайы мен тұмауға ұқсас инфекцияларды өздері анықтайтын болды. Зертханадағы аппарат бір мезетте 94 сынамаға дейін зерттей алады. Оны сақтау үшін партиялықтар зертханаға тоңазытқыш тарту етті.
Төтенше жағдай жарияланғаннан бері ауданда пневмония дертіне шалдыққан 492 науқас тіркеліпті. Қазіргі уақытта эпидемиялық ахуал тұрақтанып келеді. Жедел қабылданған шаралардың нәтижесінде бүгінде 4 провизорлық стационар жабылып, пневмониямен ем алушы науқастардың саны 6-ға, коронавирус дертіне шалдыққандардың саны 3-ке дейін азайған.
Індет белең алған тұста ауданға жергілікті бюджеттен қосымша 13 078,0 тг қаржы бөлініп, провизорлық орталықтарға 40 кереует, 90 дана төсек жинағы, 100 дана қорғаныш киімдері мен дезинфекциялық құралдар сатып алынды. Бұған қоса, жергілікті меценаттардың және гуманитарлық көмек есебінен 40 оттегі жастығы, 18 оттегі концентранты, 2 тыныс алу аппараты берілген. Осы кезге дейін емдеу жұмыстарына 150 медициналық қызметкер жұмылдырылыпты.
Бүгінде осы дерттің алдын алу мақсатында ҚР ДСМ ТКҚСҚБ «ҰСО» ШЖҚ РМК Ақтөбе облысы бойынша филиалы Темір аудандық бөлімшесінің зертханасы осы жылдың 6 тамызынан бастап өз жұмысын бастады. Зерттеу жұмыстары тұмау тию жағдайы мен тағы тұмауға ұқсас инфекцияларды анықтайтын болады. Орталық мамандары алынған сынамаларды сақтауға тоңазытқыш өте қажет екенін айтып, жаңа іске қолдау білдірген партиялықтарға ризашылығын білдіріп отыр.
– Зертханада көбіне тұмау, пневмония, COVID-19 инфекциясын жұқтырушылармен жақын қарым-қатынаста болған адамдарға зерттеу жүргіземіз. Бүгінгі дейін 10 сынама зерттеуге алынып, 5-і оң нәтиже көрсетті. Қазіргідей жағдайда зертхана ауданымызға аса қажет. Оның жұмысына қолдау көрсеткендеріңіз үшін алғысымыз шексіз, – деді дәрігер, зертханашы Абзал Байман.