Сырдариялық Ақтөре Ибрагимұлы праймеризге қатысу арқылы өңірдің өркендеуін көздейді
Сырдариялық Ақтөре Ибрагимұлы праймеризге қатысу арқылы өңірдің өркендеуін көздейді
387
оқылды
Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес былтыр елімізде пилоттық жоба ретінде ішкі партиялық іріктеу, яғни праймериз өткізілді. Пилоттық жоба Қызылорда облысы бойынша Сырдария ауданында ұйымдастырылды. Аталған жобаға Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы, «Jas Otan» ЖҚ Сырдария аудандық бөлімшесінің басшысы Ақтөре Ибрагимұлы да қатысты. Ол праймериздің ашық, жария түрде өткенін көріп, партияішілік іріктеуге биыл да түсуді қолға алды. Праймериз Ақтөре Ибрагимұлы – Бүгін, яғни 17 тамызда басталатын, бірнеше кезеңнен тұратын партияішілік іріктеу жетекші партия тарихындағы ауқымды жоба екені анық.  Праймериз – қоғамның дамуына өз үлесін қосуға ынталы, белсенді әрі тың идеялары көп азаматтар үшін таптырмас мүмкіндік. Сондықтан биыл да өз бағымды сынап, партияішілік іріктеуге қатысамын. «Nur Otan» партиясының белсендісі ретінде «партиялық тізімдердің сапалық құрамында 35 жасқа дейінгі жастардың үлесі 20 пайыз болуы шарт» деген ұстанымды қолдаймын. Бұл «Жастар жылы» мен «Еріктілер жылында» ел дамуына атсалысып, жанашыр азамат, білікті маман ретінде танылған жалынды жастарға нақты қолдау. Осы ретте «Жастар – қоғамның қозғаушы күші» деген сөзді басшылыққа алар болсақ, жетекші партия жастардың білімін, жастық жалынын, тың, жаңа идеяларға бай көзқарасын мемлекет дамуына бағыттаса, ашық азаматтық қоғамның қалыптасуына да негіз болады деп есептеймін. Мен болашақта жүзеге асырсам деген бағдарламама өзім туып-өскен Сырдария ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарын кірістірдім. Оның ішінде «Nur Otan» партиясы тарапынан қабылданған бағдарламалардың сапалы жүзеге асуына атсалысу арқылы аудан тұрғындарының талап-тілектері мен ұсыныстарын жергілікті атқарушы билікке жеткізіп, мәселелерінің шешілуіне ықпал етуді жоспарлап отырмын. Мұнан бөлек ашықтық пен қолжетімділік қағидатын ұстану негізінде шалғай ауылдардағы кәсіпкерлікке ынталы азаматтарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізуді үйлестіру қажет деп санаймын. Сондай-ақ аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасыларды назардан тыс қалдырмай, тұрақты түрде әлеуметтік көмек алуын бақылауда ұстаудың маңызы зор. Осындай нақты мақсат-міндеттер бойынша білімімді, тәжірибемді ауданымның дамуына жұмсау азамат ретіндегі парызым деп білемін, – деді Ақтөре Ибрагимұлы.