Бейнеконференция арқылы өткен дәстүрлі #NUROTANTRENDS алаңында «Nur Otan» партиясының праймеризіне қатысушылардың праймеризге қатысу себептері мен жеңіске жету мүмкіндіктері талқыланды.
Пікірталасқа қоғам қайраткерлері, бизнес қауымдастық өкілдері, саясаттанушылар мен сарапшылар қатысты. Модератор саясаттанушы Оразғали Селтеев екі айдан астам уақыттан бері Қазақстанда алғаш рет өткелі отырған партияішілік сайлауды өткізуге дайындық белсенді түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Жиын барысында бір топ азаматтар праймеризге кандидат ретінде қатысуларының басты себептерін айтты.
– Мен үшін праймеризге қатысу өзімді бәсекеге қабілетті және мықты көшбасшы ретінде сынап көруге мүмкіндік сыйлайды. Сондықтан осындай үлкен әрі маңызды қадамға барғалы отырмын, – дейді Қарағанды облысы Абай ауданы жастар ресурстық орталығының директоры Владислав Кирей.
Төрт жылдан бері Алматы қаласының қоғамдық кеңесінде жұмыс істеп жүрген белгілі саясаттанушы Марат Шибұтов праймеризге қатысу арқылы биліктің өкілді органдарына баруды жоспарлап отырғанын тілге тиек етті. Қоғам қайраткері Әлия Садырбаева адамдарға қайырымдылық жасау арқылы мотивация алатынын жеткізді. Ал Қостанай облысының Азаматтық альянсының төрағасы Динара Өтебаева меритократия тұрғысынан бұл өзінің партиялық жұмыстағы айтулы кезеңі екенін айтты.
– Мен облыстық мәслихатқа өз кандидатурамды ұсынуды жоспарлап отырмын. Потенциалым мен тәжірибем маған шешім қабылдау кезінде сенімді түрде әрекет етуге мүмкіндік береді. Бізде қазірдің өзінде нақты ұсыныстар бар, проблемалар мен оларды шешу жолдарын да көріп отырмыз, – дей келе депутаттық мандат бірінші кезекте барлық мәселелерді жылдам әрі жүйелі шешуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Жиын соңында праймеризге қатысудың артықшылықтары да жан-жақты талқыланып, осы ретте «Nur Otan» партиясының праймериз өткізе алатын Қазақстандағы жалғыз саяси ұйым екені айтылды.