2020 жылдың екінші тоқсанында білім саласындағы қызметкерлердің орташа айлық жалақысы 184,4 мың теңгені құрап отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 35% жоғары. Инфляцияны ескергенде, осы саладағы қызметкерлердің сатып алу қабілеті 26,4%-ға өскен. Бұл туралы ranking.kz хабарлайды.
Білім саласындағы ең жоғары жалақыны орта білім беру қызметкерлері алады: олардың жалақысы – 214,2 мың теңге, инфляцияны есепке алғандағы жылдық өсім – 34,9%. Бұл салада ең аз жалақы алатындар – мектепке дейінгі білім беру ұйымының қызметкерлері. Олардың айлық жалақы мөлшері – 90,2 мың теңге, нақты өсім – 5,9%.
Жоғары білім беру саласындағы қызметкерлердің орташа айлық табысы – 208,8 мың теңге (жылдық өсім – 6,5%), бастауыш білім беру саласындағы қызметкерлердің орташа айлығы – 161,9 мың теңге (жылдық өсім – 28,8%).
Өңірлер арасында білім беру саласындағы ең жоғары жалақы алатындар – елордалық мамандар. Олардың орташа айлығы 298,4 мың теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 21,8% өскен.
Жалақы мөлшері бойынша үздік үштікке Алматы қаласының (209,9 мың теңге, 21,1% өсім) және Маңғыстау облысының (198 мың тг, 42,7% өсім) қызметкерлері енеді.
Ал, білім беру саласында ең төменгі жалақы алатындардың қатарына БҚО, Ақтөбе облыстары мен Шымкент қаласы кіреді.
Еске сала кетейік, 2020 жылдың қаңтарынан бастап еліміздегі мұғалімдердің жалақысы 25%-ға өсті. Педагогтардың жалақысы 4 жыл бойы дәл осындай (25%) көрсеткішпен өсіп отырады. Нәтижесінде, алдағы 4 жылда мұғалімдердің айлығы 2 есеге дейін өспек.