Халық наразылығы фабриканы тоқтатты
Халық наразылығы фабриканы тоқтатты
260
оқылды
Министрліктің және жергілікті әкім­діктің өкілдерінен құралған делегация тұрғындардың шағымы бойынша Ақмола облысындағы Степногор қаласының іргесіндегі Бестөбе және Ақсу кеніш­терінде осы бағалы металды өндірумен айналысатын компаниялар тобын тек­серіп шықты. Осының алдында ке­ніш­тер айналасындағы ауылдардың тұрғындары лас ауамен тыныстауға мәжбүр екенін, шаңның ортасында қалғанын айтып шағымданған. Тексеру барысында желді күндері Бестөбе, Ақсу және Заводское ауылдарын шынымен де улы шаң баса­тыны расталды. Сондай-ақ ешқандай мемлекеттік экологиялық қорытындысыз-ақ ауыл іргесінде кеніштердің зиянды қалдық­тарын сақтау орны мен фабрика құры­лысының басталғаны анықталды. Тұр­ғындардың мәліметінше, «Алтын алмас» компаниялар тобына қарасты Аqsu technology бұл екі нысанды тұрғындардың келісімінсіз салып алған. Заң бойынша инвестор жергілікті тұрғындар арасында тыңдау өткізуі тиіс-тін. Ал алтын өндіруші компания өкілдері мұндай қадамға қалдықтарды сақтайтын орын қалма­ғандықтан барғанын айтып ақталды. Министрлік бәрібір құрылыс жұмыс­тарын тоқтатып, кәсіпорынды жауап­кершілікке тартты. Ведомствоның Экологиялық реттеу және қадағалау комитетінің өкілдері компания басшыларына шұғыл түрде қоғамдық тыңдау өткізіп, халықтың келісімін алуды талап етті. «Егер жергілікті тұрғындар кеніштің жұмыс істеуіне келіспесе, онда мемле­кеттік экологиялық оң қорытынды беріл­мейді. Компания қайтадан қоғам­дық тыңдау өткізіп, халықтың келісімін алып, тиісті құжаттарын заңдастырғанда ғана құрылысын жалғастыра алады», – деп мәлімдеді комитет төрағасы Зулфухар Жолдасов. Алтын өндіруші инвестор ондай келі­сімге қайткенде де қол жеткізуге бел буып отыр. Олар ауылдықтарға жергілікті мәселелерді шешуге, әлеуметтік жауап­кершілік танытуға уәде етеді. Сондай-ақ ескі қалдықтарды сақтау орындарын рекультивациялауға және бірінші кезекте осы ауылдың тұрғындарын жұмысқа қабылдауға әзір екенін хабарлады. Демек, халық пікіріне құлақ асылады және көп нәрсе жергілікті тұрғындардың табанды­лығына байланысты болмақ.  

Ерік ЕРДЕНОВ