Карантинде мал өсірдік
Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, жақсы көрсеткіш төрт түліктің арқасы: мал шаруашылығындағы өндіріс 2,6 пайызға ұлғайып, 1 трлн 419 миллиард теңге табыс әкелді. Салыстыру үшін айтсақ, 2019 жылғы ұқсас мерзімдегі өндіріс көлемі 1 трлн 273 млрд теңге болған. Соның ішінде тірі салмақтағы ет көлемі 3,6 пайызға артып, 1 миллион 25,5 мың тонна межені бағындырды. Бұған дейінгі асуы 989,9 мың тонна болды. Ал сүт өндірісі 3 пайызға өсті: биылғы 7 айда 3 миллион 656,2 мың тонна өнім берді. Өткен жылғы көрсеткіш 3 млн 548,9 мың тонна болған. 2020 жылдың бірінші жартысының қорытындысында, Зеңгі баба түлігінің саны – 4,5 пайызға, Шопан ата түлігі – 2,5 пайызға, Қамбар ата түлігі – 8,5пайызға, Ойсылқара түлігі – 4 пайызға, талпақ танау 0,7 пайызға көбейді. Осылайша, бүгінде Қазақстанда 9 миллион ірі қара мал (2019 жылы 8,6 млн болған), 22,1 миллион қой, 3,4 миллион жылқы, 246,4 мың түйе, 970 мың доңыз бар.Егіншінің еңбегі еш кетпейді
Сарапшылар байламынша, күзде егін толық жиналғаннан кейін саланың жетістіктері бұдан да зораюы тиіс. Қазірдің өзінде Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Түркістан облыстарында дәнді дақылдарды жаппай жинау жүргізіліп жатыр. 10 тамыздағы жағдай бойынша, 929,4 мың гектардан немесе жалпы егіс алқабының 37,3 пайызынан астық жиналды. Орташа түсім әр гектардан 19,1 центнерден айналуда. Бұл 2019 жылғыға бара-бар көрсеткіш. Егіншілер 1,8 миллион тонна дәнді дақылды бастырып үлгерді. Өткен жылы осындай кезде 1,4 млн тоннасы бастырылған болатын. Күн шуағына көбірек бөленген батыс пен оңтүстік өңірлер ғана емес, негізгі астық өңірлері де осы айда егін орағына кірісті. Сөйтіп, 93,3 мың гектардан немесе осы өңірлердегі жалпы егістіктің 0,8 пайызынан жаңа егін жиналды. Негізі, солтүстік өңірлерде науқан 20 тамызға қарай қызады. Жыл басынан бері өсімдік шаруашылығында жалпы өнім көлемі 2,1пайыз-ға ұлғайып, 242 млрд теңгені құрады. Жалпы алғанда, өткен 7 айда Қазақстанда 1 триллион 64 млрд теңгенің тамақ өнімдері шығарылды. Бұл былтырғыдан 4,1 пайызға көп.Дағдарыс кезінде рекорд жасап та көрдік
Бір қызығы пандемияға қарамастан еліміздің ауыл шаруашылығы саласында рекордтық жетістіктерге де қол жекізіліпті. Мәселен, өңделген күріш өндірісі 2019 жылғы 72 мың тоннадан 2020 жылы 122,4 мың тоннаға дейін жетіп, бір жылда бірден 70 пайызға ұлғайды. Ал шұжық өнімдері өндірісіндегі өсім – 21,5пайыз немесе былтырғы 27,4 мың тоннада 33,2 мың тоннаға жеткен. Былтыр 46,4 мың жарма өндірсек, биыл дәл сол мерізімде 51,9 мың тоннаға жеткіздік. Макарон өнімдерін өндірудегі өсім 8,1 пайызға жетті. Сары майды да былтырғыдан 9 мың тонна көп өндірдік. Сөйтіп, 12,1 мың тоннаға жетті. Қысқасы, карантин мен наурыздан мамырға дейін созылған төтенше жағдайға қарамастан, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде тәуір табыс таптық. Пандемияға дағдарыстың қосылуы көп саладан инвестордың кетуіне, ірі жобалардың тоқтауына соқтырды. Ал ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестиция 13,5 пайызға артып, 261,2 млрд теңге (2019 жылы – 226,5 млрд), тамақ өнімдері өндірісіне инвестиция 13,8 пайызға өсіп, 45,7 млрд теңге (2019 жылы 39,1 млрд) болды.Бұл сала күйреген де кез болған
Кейде қарапайым халық ауыл шаруашылығының кері кеткенін, тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктері мардымсыз екенін айтып жатады. Құлықты нарық бұзады: базарға барсаң, дүкенге бас сұқсаң, сөреден негізінен шетелдік тамақ өнімдерін байқайсыз. Өнім болса қымбаттауда. Әйткенмен, саланың жетістіктері бар. АШМ-ның Стратегиялық жоспарлау және талдау департаменті директорының орынбасары Самат Қайырбековтің айтуынша, алғашқы жылдар ауылдың еңсесін тіктеуге, күйреген шаруасын қайта құруға кеткен. Онда даму туралы сөз қозғау қиын болатын. – Қазақстан азаттық алған шақта өз экономикасын модернизациялауға және халық шаруашылығының барлық секторын реформалауға кірісті. Елде мемлекеттік меншік орнына жекеменшік енгізілді, колхозсовхоздар таратылды, агроөнеркәсіптік кешендер, жеке және фермерлік шаруашылықтар, бизнес құрылымдардың жаңа түрлері пайда болды. Алайда түбегейлі жаңғырулар елге, экономикаға ауыр соқты. 90-жылдары реформалар жүргізу кезеңінде ауыл экономикасына капитал ағыны толық дерлік тоқтап қалды, кәсіпорындар жабылып, өндіріс көлемі күрт қысқарды. Ауыл халқының тұрмыс деңгейі тым нашарлап кетті. Ауыл-аймақта әлеуметтік кернеу күшейді, – дейді ол. Мұның бәрі ғасырлық өңіраралық және салааралық шаруашылық байланыстардың бұзылуының салдары еді. Қазақстанның астығын Ресей жаһандық нарыққа шығартпай тастады. Қазір де ол күрделі шаруа: ресейлік астық сатылып бітпей, РЖД одақтасына вагондарын бермеуге бейіл. 90-жылдары ауыл шаруашылығы күрделі күйзелісті бастан өткерді. Тек АӨК-ті көтеруге, ауылды өрлетуге бағытталған жүйелі мемлекеттік саясаттың арқасында ғана ірі әрі нысаналы бағдарламалар жүзеге асып, олар өз игілігін бере бастады. Ауқымы қарқынды түрде ұлғайған мемлекеттік қаражат пен қолдау нәтижесінде салада жаңа бетбұрыс жасалды. Сарапшылар пайымдауынша, аграрлық сектордың өркендеуге бет қойған кезі тек ХХІ ғасырдың басынан бастау алады.Жобаларды саусақпен санасақ
Осы жылдары мал өнімін өңдеу саласына стратегиялық инвесторлар тартылды. Мәселен, сүт және сүт өнімдерін өндіруге Golden Camel Group LTD (ҚХР), Lactalis (Франция), бұдан бөлек Impire Food (Иран), Bauman (Германия) және басқа шетелдік алып компаниялар кірді. Жақында қазақ елінде ет өндіру және өңдеу ісімен айналысу үшін америкалық ірі компания – Tyson Foods келмек. Олар осыған ниет танытты және онымен Үкімет жұмыс жүргізуде. АШМ дерегінше, тәуелсіздік жылдары ет-сүт секторында ірі 3 жоба іске қосылған. Атап айтқанда, 2018 жылы Түркістан облысында тәулігіне 100 тонна шикізат өңдейтін түйе және жылқы сүтін өңдеу зауыты қолданысқа берілді. Зауыт ақ өнімдерінен құрғақ сүт, балалар тағамын, ересектерге арналған энергетикалық сусындарды, сондай-ақ шұбат пен қымыз таблеткаларын жасап, шетелге, негізінен Қытайға экспорттайды. Павлодар облысында француздың Lactalis-і сүт-тауарлы ферма және сүт өңдеу зауытын тұрғызды. Кәсіпорын, тіпті АҚШ, Германия, Франция секілді елдерде сатылатын «Президент» сарымайын өндіреді. 2019 жылы Алматы облысында Иран бизнесмендерінің қаржысына ет өңдейтін кешен бой көтерді. Кәсіпорын қалдықсыз өндірісті жолға қойды: еттен бастап, сиыр терісіне дейін өңдейді. Онда еуростандарттарға сәйкес толық цикл жолға қойылған. Өнімі жаһандық нарыққа өткізіледі. Өндірістік қуаты жылына 8 мың тоннаға дейін жетеді. Дегенмен саланың алар асулары әлі алда болса керек. Салыстыру үшін айтсақ, 2019 жыл қорытындысында Қазақстан өңделгені, шикі күйіндегісі бар, жалпы көлемі 63 мың тонна етті шетелге сатыпты. Ал біздің бір облысымыздың аумағындай ғана территориясы бар Беларусь бір жыл ішінде 105,7 мың тонна балғын және мұздатылған сиыр етін сыртқа экспорттап, 1 миллиард доллардай табыс тапқан. Министрліктің ақпаратынша, әзірге біраз бағытта импортқа тәуелділік сақталуда. Талдау көрсеткендей, тәуелсіздік жылдары азық-түлік тауарларының негізгі түрлері бойынша өзімізді 80 пайызға қамтуға қол жеткіздік. Бірқатар өнім түрлерімен ішкі нарық, тіпті 100 пайыздан астам қамтамасыз етілген. Бірақ 6 азық-түлік жөнінен шетелдік жеткізілімдерге тәуелдіміз, бұлар – алма, балық, шұжық-колбаса өнімдері, ірімшік, қант және құс еті. Мемлекет осы салалардың көрсеткішін өрлетуге күш салатын болады. Нақтылай кетсек, дәл осы алты өнім түрімен ішкі нарықты отандық өнім есебінен молықтыру мақсатында импорт алмастырудың салалық бағдарламалары әзірленді. Олар қамтылу деңгейін 2024 жылға қарай қазіргі 80-нен 100 пайызға дейін көтеруді қарастырады. Жалпы алғанда, АӨК-те 16 бағыт бойынша 46 түрлі субсидия қаржы беріледі. Оның да тиімділігі жиі сыналып жүр.Айхан ШӘРІП