Әлеуетті инвесторлар әлі ойланып жүр
Иә, кез келген инвестор дамыған кәсіби орта және халықаралық деңгейдегі талаптарды ұстанатын елге қаржы құяды. Олар үшін бизнес жүргізудің жеңілдігі, құжаттарды ресімдеу, инвестордың құқығын қорғау және инвесторларды қолдау тетіктері, еңбек және көші-қон заңнамасының қолайлылығы, салық режимі, инфрақұрылымның болуы, рұқсат беру құжаттарын және инвестициялық преференцияларды алу жылдамдығы маңызды рөл ойнайды. Біз мұның бәрін неге тәптіштеп отырмыз? Себебі осының бәрі Дүниежүзілік банктің Doing Business рейтингінде талап етіледі. Аталған рейтингте инвесторларға қолайлы жағдай жасап отырған елдер арасында 190 мемлекеттің ішінде 25-орында тұрмыз. Соның ішінде келісімшарттарды қорғау бойынша 4-орында, миноритарлық инвесторлардың құқығын қорғау бойынша 7-орында екенбіз. Kazakh invest ұлттық компаниясының дерегінше, тәуелсіздік жылдары Қазақстанға тікелей шетелдік инвестиция ағыны шамамен 350 млрд АҚШ доллары болды. Ал 2019 жылы елге 24 млрд доллар инвестиция тартылды. Алайда соңғы уақытта шетелдік инвестицияның азаю үдерісі байқалып жатыр. Экономист Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, бұл үдеріс пандемияға ғана қатысты емес, шетелдік инвесторлар үшін ең маңызды сала саналған мұнай-газ секторына қатысты қабылдаған ОПЕК шешіміне байланысты. «Коронавирус індеті мен ОПЕК елдерінің мұнай өндіру көлемін қысқарту туралы шешімі Қазақстанның жер қойнауын пайдалану саласына қаржы құйған шетел инвесторларының қызығушылығын төмендетіп отыр. Былтыр біздің елге инвестиция құйған Нидерланд жалпы шетелдік инвестицияның 30 пайызын қамтамасыз етті. Шетелдің инвестицияның 23 пайызын АҚШ құйды. Швейцария 9,3 пайыз, Қытай 7 пайыз, Ресей 5,8 пайыз үлеске ие еді. Ал биыл ішкі жалпы өнімнің төмендеуіне байланысты сырттан келетін инвестиция көлемі азайып жатыр. Мысалы, АҚШ-тан келетін инвестиция 58 пайызға құлдырады. Нидерландтың инвестициясы – 7,7 пайызға, Ресей инвестициясы – 6,6 пайызға азайды. Швейцарияның инвестициясы да 6 пайызға төмендеді. Бұл шетел инвесторларының мұнай бағасының тұрақсыздығы мен ОПЕК қойған шектеулерге байланысты салаға қаржы салуға асықпай отырғанын білдіреді», – дейді ол. Сарапшы сөзін Статистика комитетінің сандары да растайды. Осы жылдың қаңтары мен наурыз айында инвестиция былтырмен салыстырғанда 16 пайызға төмендеген. Ақшамен айтсақ, 148 млрд доллар. Ал пандемия бізде наурыз айында басталғанын ескерсек, одан бергі уақытта шетелдік инвестицияның өсе қоймағанын бағамдау қиын емес.Инвестиция бағыттары өзгереді
Көңілге демеу болары сол, еліміздегі негізгі капиталға салынған инвестиция қалыпты болып тұр. Ұлттық экономика министрлігінің дерегіне сүйенсек, биылғы қаңтар-шілдедегі негізгі капиталға 6,1 трлн теңге инвестиция тартылған, бұл ретте 13 өңірде өсім тіркелді. Ең жоғары өсім Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласында байқалды. Ал Қызылорда, Атырау, Батыс Қазақ- стан және Қарағанды облыстарында негізгі капиталға инвестиция салу азайды. Дағдарыстан шығу үшін құрылысқа басымдық берілгендіктен, осы салаға инвестиция молынан салыныпты. Пандемия инвесторлардың қаржы құятын саласын өзгертуге ықпал ете бастады. Алдағы уақытта инвесторлар мүлдем қызығушылық танытпаған салаларына қаржы құйып жатса, таңғалмаймыз. Ал Біріккен Ұлттар Ұйымының сауда және даму конференциясы инвестицияны медициналық қондырғылар мен дәрі-дәрмекке бағыттауға кеңес береді. Сондай-ақ коронавирус індеті кезінде күрделі қиындыққа тап болған кәсіпорындарға да қаржы құюға шақырып отыр. Себебі ол компанияларда жұмыс істейтін мыңдаған адамның жұмыссыз қалуы күрделі мәселенің туындауына себеп болуы мүмкін.Дүниежүзілік банктің Doing Business рейтингінде инвесторларға қолайлы жағдай жасап отырған елдер арасында 190 мемлекеттің ішінде 25-орында тұрмыз.
Коронадағдарыстан зардап шеккен екі саланың бірі авиация болса, екіншісі – туризм. Сондықтан да шет мемлекеттер инвестициялық саясатта осы салаларды сақтап қалуға әрекет етіп жатқан сияқты. Мысалы, Италия үкіметі Alitalia әуекомпаниясын ұлттандыруды қолға алды. Бұрын шетелге бағыттап келген қаржысын әуекомпанияға құю арқылы қаншама адамның жұмыссыз қалуының алдын алмақ. Ал АҚШ пандемияға қарсы авиация саласын қолдауға 25 миллиард доллар бөлді. Осы елдегі General Motors компаниясына желдеткіш құрылғылар шығаруға мемлекеттік тапсырыс берді. Оңтүстік Корея билігі вакциналар мен дәрі-дәрмектер өндірумен айналысатын компанияларға кірісін жоғалтпау үшін инвестиция салуға дайын екенін мәлімдеді. Нидерланд індетке байланысты жабылуға мәжбүр болған кәсіпкерлерге көмек көрсетіп жатыр. Жапония Қытайда орналасқан өндірістік базаларын Жапония мен Азияның басқа елдеріне көшіру үшін 2,2 млрд доллар бөлді. Мұндай тәжірибе біздің елде де бар. Әуекомпанияларды қолдау үшін ішкі рейстер санын арттырдық. Медициналық қондырғылар мен дәрі-дәрмек өндірісіне де қомақты қаржы бағытталып жатыр. Бұл салаға инвестиция құюға құлықты инвестор табылса, құшақ жая қарсы аларымыз анық.Инвестицияға да диверсификация керек
Сарапшылар ірі инвесторлардың инвестициясын әртараптандырудың экномика үшін де, инвестор үшін де тиімді тетік екенін айтады. Ол үшін пандемия жағдайында ақша таба алатын және аяқталғаннан кейін инвестициялық тартымдылығын сақтай алатын жаңа бизнес формат қажет. Біз инвестор үшін осындай жобаны ұсына алсақ, құба-құп. Бұл ретте, ә дегенде медицина саласы ойға оралады. Инвестордың денсаулық сақтау саласына деген қызығушылығы нарықта жаңа жобаларды дамытуға итермелеуі мүмкін. Алайда Osquared Capital қаржы-инвестициялық компаниясының басқарушы директоры Тимур Омоев денсаулық сақтау саласындағы жобалардың инвестициялық тартымдылығын бағалауға сақтықпен қарау керегін айтады. Себебі пандемияның экономиканың осы саласына ұзақмерзімді әсері әлі де түсініксіз. Бірақ алдағы жылдары Қазақстандағы жаңа бизнес жобалар арасында денсаулық сақтау саласындағы жобалардың үлесі арта түсетінін жоққа шығармайды. «Қазақстандағы кейбір инвесторлар фармацевтикалық жобаларға қаражат салуға дайын шығар. Меніңше, олар жергілікті нарықта, ең алдымен мемлекеттік тендерлерге қатысу үмітімен жасалады. Біз нарықтық жобаларға деген сұранысына басымдық беріп, қандайда бір нақты салаларға назар аудармаймыз. Сондықтан коронадағдарыс аяқталғаннан кейін перспективасы болса, медицинамен байланысты бизнес-идеяларды да қарастыруға дайынбыз», – дейді. Ал экономист Бауыржан Ысқақов инвесторлар бірінші кезекте онлайн саудаға инвестиция құя бастайтынын айтады. Сонымен қатар пандемияның шектеу шаралары аса әсер етпейтін салалар – халықтың тікелей тұрмыстық қажеттілігін өтейтін тауарларды шығаратын бизнес субъектілерге қызығушылық артады. Ол да инвесторлар ақшасын бұрынғыдай бір емес, бірнеше салаға бағыттауына тура келеді, сонда ғана табысқа кенеледі деп отыр. Ендеше, ендігі кезек – ел Үкіметінде. Инвесторға тиімді ұсыныс жасап, тараптарды тең табысқа кенелтетін салаға тарта алса болғаны.Халима БҰҚАРҚЫЗЫ