Жоба бар, нәтиже жоқ
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі сыбайлас жемқорлық фактілерінің жолын кесу 25%-ға артқанын айтқанымен, соңғы алты айда елде аса ауыр қылмыс саны үш есеге өсіп кеткен. Биылдың өзінде жемқорлық қылмыстары туралы азаматтардан call-орталыққа 12 мың қоңырау түскен екен. Көпшілігі Алматы, Шымкент қалалары, Түркістан, Алматы облыстарынан. Оның 342-сі сыбайлас жемқорлықа қатысты болса, 32 хабарлама бойынша ғана қылмыстық іс қозғалған. Бұл тек өткен бес айға қатысты. Ал былтыр жемқорлыққа қатысты 32 іс тіркелді. Салыстырсақ, биылғы жартыжылдықтағы көрсеткіш өткен жылғы көрсеткішпен теңесіп үлгерді. Яғни, жемқорлық артпаса, азайған жоқ. Цифрландыру ашықтықты талап етеді. Ал жемқорлықпен күресте цифрландыру тосқауыл бола ала ма? Бұл сала толық цифрландырылды деп айта алмаймыз. Қазіргі уақытта тек Ақмола, Жамбыл, Атырау, Батыс Қазақстан, Павлодар облыстары және Алматы қаласы қылмыстық іс жүргізудің электронды форматына көшкен. Соңғы жеті ай ішінде электронды форматта 81 қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізіліп, оның 36-сы сотқа жіберілген болса, қалғандары әлі өндірісте көрінеді. Антикор орталығының Нұр-Сұлтан қалалық ақпараттық-түсіндіру штабының құрылғанына сегіз ай болды. Осы уақытқа дейін халықпен, еңбек ұжымдарымен 130-ға жуық кездесу ұйымдастырылып, 120 мектепте адалдық сабақтарын өткізген. Ал карантин басталғалы екі мониторингтік топ жасақталып дәріханалар мен дәрі қоймаларына, тегін берілуі тиіс шет елден келген гуманитарлық көмекті қадағалауға алған. Нәтижесінде, жиырма шақты сыбайласқан жемқорлық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Антикор орталығының Нұр-Сұлтан қалалық ақпараттық-түсіндіру штабының жетекшісі Сәдібек Түгел жемқорлыққа тосқауыл қою үшін, оны шектеу мәселесінде цифрландыру өте қажет екенін, ал осы жүйеге дендеп ене алмай отырғанымыздың өзі жемқорлықтың кесірі екенін айтады. Оның сөзінше, осы бағыттағы жұмыстар көңіл көншітпейді, жоба бар, нәтиже жоқ.Электронды білезік сәнге арналмайды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Цифрлық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет» жобасын әзірледі. Жоба «I-Кримкарта» автоматтандырылған болжау-талдау жүйесін енгізуді, азаматтардың өтініштерін қараудың автоматтандырылған жүйесін пайдалануды қамтиды. Мәселен, I-Кримкартаның болжамдық-талдамалық ақпараттық жүйесі модулі ведомстволық статистика, әлеуметтік зерттеулер, жасалған сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша деректердің кең ауқымын қамтитын, белгілі бір өңірде сыбайлас жемқорлық көрінісін көрнекі көрсететін цифрлық карта жасауға бағытталған. Интерактивті деректер базасы әрбір елді мекен бойынша «бір рет басу» арқылы криминогендік жағдайды бағалауға мүмкіндік бермек. Осы жобаны іске асыру шеңберінде ведомстволық статистика мен есептерді қалыптастырудың бүкіл процесін автоматтандыру жоспарланып отыр. Бұл, әрине адам факторын азайтуға, есептерді дайындау уақытын қысқартуға және криминогендік жағдайды онлайн режимде бақылауға мүмкіндік. Алайда оның іске асуы бір басқа. Бізді қызықтырған мәселенің бірі осы жұмыстар аясында элетронды білезіктерді енгізу. Елімізде қамауда ұстауға байланысты емес бұлтартпау шарасы қолданылған азаматтарға электронды білезіктер тағылуы мүмкін екен. Агенттік өкілдері бұл шаралар оң нәтиже беретініне сенімді. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қамауда ұстауға байланысты емес бұлтартпау шарасы қолданылған кезде электрондық бақылау құралдарын, яғни электронды білезіктер қолдану мәселесін пысықтауда. Озық халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, аталған жоба қылмыстық процесті ізгілендіруге және қамауда отырған адамдарды азайтуға ықпал етеді» деген болатын Цифрландыру мәселелері бойынша агенттік төрағасының көмекшісі Аслан Құсайынов. Алайда адвокат Әлімжан Жұбатханов электронды білезік жемқорлыққа тосқауыл болады дегенге сенбейді. Ал жемқорлық пен қылмысқа қатысты азаматтарды қадағалу үшін қажет екенін айтады. «Білезік жемқорлықты тоқтатпайды. Бұл сотталмай тұрып, азаматтың бостандығын уақытша шектеуде айыпты тұлғаны қадағалап отыру үшін қажет деп ойлаймын. Мен мұны тек бұлтартпау шарасында ғана емес, сотталған, бірақ мерізімінен бұрын бостандыққа шыққан азматтарға да қолданған дұрыс деп ойлаймын. Мәселен, тәртібінің жақсы болуына байланысты мерзімінен бұрын босау деген бар. Оларға ішімдік ішуге, халық көп жиналатын жерге баруға болмайды деген секілді тыйымдар бар. Мысалы, бес жылға сотты болған адам, 3 жылын түзеу колониясында өтеп, мерзімінен бұрын шықты делік. Ал сол азамат екі жыл бойы пробацияға барып тұруға, тіркелуге міндетті. Түзеу мекемелерінің комитеті тексерген уақытта көбісі өз мекенжайында болмауы мүмкін, оның қайта қоғамға зиян келтірмеуіне кім кепіл? Сондықтан оларға білезік тағылуы керек. Сонда бақылау күшейеді, тәртіп болады. Полиция қылмысты ашумен айналыса ма, әлде олардың артынан салпақтап жүре ме? Сол себепті электронды білезіктің көмегі көп, әрі тиісті органдардың да жұмысын жеңілдетеді», – дейді заңгер. Жалпы, орта дәрежедегі қылмыс жасағандардың көбі шартты түрде мерзімді бақылауда болатынын ескерсек, аталған тетіктің пайдасы бар секілді. Шартты түрде сотты болғандар үнемі үйінде отырмауы мүмкін немесе өзге қалаға көшіп, мекенжайын ауыстыруы да ғажап емес. Ал ол азамат өз аумағынан шығып кеткендіктен, жергілікті полиция оны іздеуге береді. Қайтадан құжат толтырылып, тиісті материал сотқа жолданады, сөйтіп сот пен күштік құрылымдардың жұмысына салмақ түседі, қосымша шығын келеді. Бұл – электронды білезіктің пайдалы тұсы. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мамандары білезіктер енгізілген жағдайда оның бұлтартпау шарасы қолданылған азаматтарға тағылуы мүмкін екенін айтты. Ал бұлтартпау шарасы сотқа дейінгі процесс, яғни күдікті азаматтың кінәсі толық дәлелденіп, сот үкімі шықпаған мерзім. «Сонда әлі сотталмаған азаматқа электронды білезік тағу оның құқын шектемей ме?» деген заңды сауал туады. «Ал мерзімінен бұрын босаған адамның қолындағы білезігіне бола жұрт одан алшақтап кетпей ме? Сөйтіп, оның қоғаммен етене байланыс орнатуына тосқауыл болмай ма?» деген сауалдарды адвокат Әлімжан Жұбатхановқа қойған едік. Заңгер электронды білезігі бар жандарға өзгелердің «мынау істі болған екен» дегендей көзқарас танытуы және жұмысқа орналасуына кедергі болуы мүмкін екенін де жасырмады. Жалпы, электронды білезік тағу әлемдік тәжірибеде бар үрдіс. Ол біз сөз еткендей, процесті жеңілдеткенімен азаматтың болашағына кері әсер етіп жатса, тиімді деп айту қиын болар еді. Сондықтан бұл әлі толық зерттеуді қажет ететіні анық. Бұл әзірге жоспар ғана. Ал оның қашан қолданысқа енетіні және ол қандай нәтиже берері әзірге белгісіз.Сұңқарбек БАТАНҰЛЫ