Тамыз айының басындағы Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин Білім және ғылым министрлігіне 500 мың компьютер алып, қашықтан оқитын оқушыларды уақытша қамтамасыз ету жайында тапсырма берген болатын. Ізін ала әр өңірдегі әкімдіктер компьютер алу үшін қаржы бөле бастаған. Атап айтсақ, Алматыда мұғалімдер мен оқушыларға 10 мыңнан астам компьютер таратылды. Дегенмен әлі 3 мың оқушыға онлайн білім алу үшін ноутбук жетіспейтіні анықталды. Ал Маңғыстау облысында оқушыларға 30 641 дана компьютер қажет болса, елорда әкімдігі 35 мың компьютер сатып алмақ. Одан бөлек Ақмола облысының бір ғана Жақсы ауданында 244 оқушыда ноутбук жоқ екен.
– Үкімет есебінше, оқушыларға 500 мың компьютер жетіспейді. Яғни, республика көлеміндегі тапшылық осынша деңгейде. Аймақтардағы мектептер Білім басқармаларына қарайды. Сондықтан әр өңір тапшылық көлемін анықтап, компьютер мен ноутбук сатып алуды жүзеге асырып жатыр. Компьютерлер мектеп балансына беріледі. Сосын мектеп пен ата-ана арасында құжаттама толтырылып, оқушыға уақытша тапсырылатын болады, – дейді Білім және ғылым министрінің баспасөз хатшысы Гаухар Омарбек.
Осылайша, тапшылықты жою үшін әкімдіктер бюджет қаржысын шығындап жатқанда, шетінен жырып отырған шенеуніктер ұсталып жатыр. Жуырда Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданында оқушылар үшін сатып алынуы тиіс 100 ноутбукке бөлінген 6 млн теңге қаражат қолды болған еді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің хабарлауынша, аудандық білім бөліміндегі шенеуніктер мердігер ұйыммен бірлесіп қаржыны жымқырған. Қазір сотқа дейінгі тергеу басталып кеткен. Бірақ оқу жылының тақап қалғанын ескерсек, ноутбуксыз жүрген оқушылардың қайтпегі белгісіз.
15 тамызда Жаңаөзен қаласында Білім басқармасы бір мектепке 14 ноутбук сатып алу үшін 23,3 млн теңге бөлгені анықталды. Сонда бір ғана ноутбук құнын 1 млн 600 мың теңге деп көрсеткен. Нарықтағы орташа бағадан шамамен 10 есе қымбат. Осындай заңсыздық үшін қалалық Білім басқармасының бас есепшісі қатаң сөгіспен ғана құтылған екен.
Білім саласындағы жемқорлық еш тыйылмағаны анық. Мысалы, шілде айында Нұр-Сұлтан қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті жарты жылдықтың қорытындысын жариялады. Бас қаланың білім саласындағы жемқорлығы адам шошырлық. Білім басқармасы қаржы жымқырудан алғашқы орындардың біріне шыққанға ұқсайды. Лауазымды тұлғалардың құныққаны сонша «A4» форматты ақ қағаздың өзінен ақша жымқырғысы келген. Басқарма қағаздың 1 бумасын 2 679 теңгеге сатып алдық деп көрсеткен. Ал нарықта бұл қағаздың шекті құны 1 400-1 500 теңгеден аспайды. Нарықта бір партаның құны 16-20 мың теңге болса, басқарма 53 мыңнан алдық деп есеп берген. 6-10 мың теңге тұратын орындықты 12 мың деп белгілеген. Осы секілді қарапайым заттардың бағасын көтеру арқылы басқарма 60 млн теңге пайда көрмекке ниеттеніпті. Абырой болғанда, заңсыздықтың жолы кесіліп, 29 лауазымды тұлға жауапқа тартылса, 4 адам қызметінен босатылған. Басқарма өкілдерінен мектеп директорлары да қалыс қалмаған. 2 мектептің директоры 10 млн теңгені қонышына басыпты. Бір ғана қаланың білім саласы осы секілді былыққа көмілгенде, білім сапасы жайлы ауыз толтыра айту бәлкім әбестік болар.
Маңғыстау облысында оқушыларға 30 641 дана компьютер қажет болса, елорда әкімдігі 35 мың компьютер сатып алмақ. Одан бөлек Ақмола облысының бір ғана Жақсы ауданында 244 оқушыда ноутбук жоқ екен.
Құқықтық статистика органдарының дерегіне сенсек, 2019 жылы жемқорлық қылмыстары үшін 1002 лауазымды тұлға сотталған. Оның басым бөлігі білім мен медицина саласындағылар екен. Дәл осы екі саладағы жемқорлық көбіне жұмысқа орналасу кезінде болады-мыс. Еліміздің білім беру мекемелерінде «Адалдық негіздерін» міндетті түрде оқыту ұсынылып жатыр. Алайда адалдықты әуелі осы сала мамандарына дәріптеу керек сынды. Шенділер 2018 жылдан бері 37 мектеп пен 70 балабақшаға татитын 74,6 млрд теңгені қалтасына басқан.
Сонымен қатар елімізде жемқорлыққа батқан жоғары оқу орындары, университеттер де жетерлік. 2019 жылы 15 мың студентке жүргізілген сауалнама нәтижесінде жемқорлық фактісі ең жиі кездесетін 5 университет анықталған. Олардың қатарында бетке ұстар оқу орындары да бар. Атын атап, түстеп айтар болсақ, Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау мемлекеттік университеті, Атырау мұнай және газ университеті, Қарағанды мемлекеттік медициналық университеті, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университеті және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің оқытушылары жақсы баға қою үшін ақша алатынын студенттер сауалнамасы дәлелдеген.
Сонымен білім сапасынан жақсартып, қазіргі эпидемиялық ахуалға байланысты компьютер тапшылығын жою үшін тағы да жемқорлық жол тосып шыға келді.
– Қашанда тапшылықтың алдын алып отырған жөн. Мысалы, 1-2 айдың шамасында халыққа дәрі жетіспей, шу болғанын білеміз. Содан сабақ алдық па? Алдағы уақытта қашықтан оқитын балаларға компьютер жетіспейді, бұл жағдайдың болуы әбден мүмкін. Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, оқушыларға 700 мың компьютер жетіспейтінін құлағымыз шалды. Сол себепті көпбалалы отбасыларға компьютер қажет. Жауаптылар осы мәселені бақылауы тиіс. Әйтпесе, бір үйдің төрт баласы бір ғана телефонмен сабақ оқығанын көрдік қой, – дейді журналист-блогер Рахат Жақсыбай.
Қайткен күнде де білім саласындағы жемқорлық жойылмай, білім сапасына иек арту бекер. Ал жаңа оқу жылында қашықтан оқитын оқушыларға компьютер мен ноутбук жетіспей жатса, тапшылықты қолдан жасадық деген сөз, дәл дәрі тапшылығы секілді.