2020-2021 оқу жылына мемлекет тарапынан 53 771 грант бөлінген. Оған қоса, жергілікті әкімдіктер бөлетін грантты тағы қосыңыз – 2 540. Негізі, әу баста шектік ұпайды алғандар саны 80 мыңнан асып жығылғанда грантқа үміткерлер саны сонша болуы мүмкін деп бағамдаған едік. Әйтсе де, ең төменгі ұпай, айталық 52-53 балл жинағандар грантқа түсуге мүмкіндік жоғын біліп, құжат тапсырмаған сыңайлы.
Сөйтіп, биыл мемлекет қаржысына оқуға түсуге 62 677 түлек бақ сынаған. Демек, барлық грантты қосқанда биыл талапкерлердің 89,84 пайызы түсе алуы мүмкін. Мүмкін дейтін себебіміз, ректор грантының кімге және қанша бөлінетіні әзірге белгісіз. Бір анық: грант аз емес. Былтырғы оқу жылында 53 785 грант бөлініп, 64 452 үміткер қатысқан. Жергілікті атқарушы органдардың грантына келсек, Шығыс Қазақстан облысы – 400, Ақмола облысы – 250, Нұр-Сұлтан қаласы 200 грант бөліп, талапкердің талабын шыңдамақшы. Ең аз грант бөлген – Батыс Қазақстан облысы (30 грант).
Бұрын талапкерді ЖОО таңдайтын болса, биыл бәрі басқаша. Кімнің ұпайы жоғары болса, таңдау – соның еркінде. Сұранысқа келсек, осы жылы да «Ақпараттық технологиялар» алда. Бұл мамандыққа 2 468 грант бөлінген. Болашақ ІТ-мамандарын еліміздің 49 оқу орнында дайындайды. Дәрігерлердің білім алуы үшін бөлінген биылғы грант саны 2 700 екен, ал педагогика саласына жалпы саны 8 мыңға тарта бюджеттік орын бар. Соның ішінде «Мектепке дейінгі білім және тәрбие» (789 грант) мен ағылшын тілі пәнінің мұғалімі (760 грант) мамандығына сұраныс жоғары екенін байқадық. Педагогика саласында сұранысы төмені – «Алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімін даярлау». Бұл бағытта республика бойынша бар болғаны 20 грант бөлініпті.
Айтқандай-ақ, педагог болу бұрынғыға қарағанда қиындай түсті. Өйткені шектік балл өсті. Былтыр кемі 60 балл жинау қажет болса, биыл бұдан 10 ұпай жоғары алмаса, конкурсқа қатыспайды. Екі жыл бұрын мұғалім болу үшін 50 балл жинау жеткілікті болған. Сонымен бірге «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру» – 65-тен, «Ауыл шаруашылығы мен биоресурстар», «Ветеринария» үшін 60-тан аз алуға болмайды.
Грант саны қанша көбейсе де, сапаның өсіп жатқаны аса байқалмайды. Олай дейтініміз, 2018 жылдан бері Білім және ғылым министрлігі мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірлесіп, тәуелсіз сараптама жүргізіп келеді. Жоғары оқу орындары рейтингі 17 критерий бойынша анықталады. Оның ішінде мамандық бойынша жұмысқа орналасқан түлектер мен олардың орташа жалақысы есептеледі. Нәтижесінде, білім беру бағдарламаларының 73 пайызы күтілген нәтижені бермейтін болып шықты. Сапалы білімнен гөрі «диплом деген аты болсын» дейтіндердің көп болуы бұған тікелей себеп болады.
Еңбек нарығына үлес қосып, жұмысқа орналасып кететіндердің үлесі – рейтинг нәтижесінде 74 пайыз. Оқу орнын тәмамдаған түлектер орта есеппен 3,5 айдай жұмыс іздеп жүреді деседі. Ал жылдам жұмысқа орналасатын – «Көлік құрылысы» мамандығын бітіргендер. 5 ай табанынан таусылып, қызметке орналасу үшін сабылатын «Шетел филологиясы», «Стоматология» және «Кеден ісін» аяқтаған түлектер.
Тегін грант тарату үрдісіне қатысты білім саласы сарапшысы Нұрмұхамед Досыбаев оң пікірде екенін айтып отыр. Түгелдей тегін болса, тіпті керемет деседі. «Германияда жекеменшік оқу орны өте аз, ал Финляндияда мүлдем жоқ. Елдің экономикасына қажет мамандарды дайындайтын білім беру мекемелері көбіне мемлекеттік әрі тегін оқытады. Сөйте тұра, ондағы талапкерлер бакалавр деңгейінде білім алуға құштар емес. Себебі оларда білім жүйесі экономикамен тығыз байланысқан», – дейді сарапшы.Оның айтуынша, Германия мен Финляндияда академиялық білімді талап етпейтін жұмыс орындарына кәсіптік-техникалық оқу орындарының түлектері тартылады, мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Өйткені олар елдің әлеуетін арттыратын жұмыс күші саналады. Әрі колледжде оқуды еуропалықтар ар санамайды. «Бізде адамдар колледжде оқуға ұялады. Ондай түсініктің қалыптасуы бекер емес. Себебі білім сапасы төмен, колледж бітіргендердің нарыққа, жұмыс берушілерге қажетті машығы бола бермейді. Қанша жерден дуальды оқыту туралы айтылғанымен, нәтиже аса көрінбей жатыр. Дұрыстап қолға алмаған соң колледжде мектептен шығып қалғандар, тәртібі нашарлар оқиды деген пікір қалыптасады», – деді Н.Досыбаев.
Қалай десек те, грантқа түскені туралы сүйінші хабарды естуге әркімнің-ақ таласы бар. Тіпті, оқу орнына жолдама алмағандардың суицидке барған жағдайлары да аз емес. Ұлының ұлттық университет студенті екенін айтып мақтанғысы келетін ата-ана, қызының колледжде оқитынынан ұялатын ата-ана азаймайынша, арман жолында мақсат қуған түлектер көбеймейінше жағдайдың оңалуы екіталай сыңайлы.