Ауызсудың азабынан құтылды
Қала әкімінің шалғай орналасқан елді мекендерді инфрақұрылым жүйелерімен қамтамасыз ету туралы тапсырмасына сәйкес, Әл-Фараби ауданындағы Текесу тұрғын алабында бүгінде инфрақұрылым мәселесі өз шешімін тапты. Атап өтер болсақ, ағымдағы жылы аталған тұрғын алапқа шағал тас, 3 көшеге асфальт төсеу жұмыстары жүргізілді. Ал өткен жылы негізгі көшесіне демеушілер тарапынан жарық бағаналары орнатылған болатын. Текесу тұрғын алабының тұрғындары мұның алдында ғана электр және газ жүйесімен толығымен қамтамасыз етілген еді. Ал үздіксіз ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында ауызсу жүйесіне жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттен 17 млн теңге қаржы қаралыпты. Бүгінгі таңда жөндеу жұмыстары аяқталып, тұрғындар таза ауызсуды тұтынып отыр. Үшінші мегаполистегі Абай ауданында дәл осындай таза ауызсу мәселесінде күрделі мәселеге айналған 8 нысанда құрылыс жұмыстары жүруде.Олардың қатарында 5 тұрғыналап пен 2 шағынаудан бар. Сонымен қатар, Жиделібайсын және Гагарин көшелерінің қиылысынан Көкбұлақ тұрғын алабына дейінгі 28,3 шақырымды құрайтын магистральды су жүйесінің құрылысы да кестеге сәйкес атқарылуда. Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Абай ауданы тұрғындарының 78,5 пайызы ауызсумен қамтылған. Аталған құрылыс жұмыстары аяқталған кезде ауданда ауызсумен қамтылатын елді мекендер саны 31-ге жетіп, 87 пайызды құрайтын болады. Жыл соңында Жаңаталап, Игілік, Қызылжар, Тәуелсіздікке – 20 жыл, Көкбұлақ тұрғын алабындағы 3 500-ге жуық отбасы сапалы ауызсуға қол жеткізеді. Қазіргі таңда мердігер компаниялар өздеріне бекітілген жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатыр. Ал Ынтымақ-2 және Батыс шағынауданында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары келесі жылы аяқталмақ. Осы мақсатта биыл бюджеттен 280 миллион теңге қаржы бөлініп отыр. Ал Солтүстік саяжай шағынауданын ауызсумен қамту жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттары дайындалса, ақтастықтарға тіршілік нәрін жеткізу үшін тиісті құжаттар дайындалуда. Бұдан бөлек, Құрсай шағынауданын (магистральды және ішкі жүйелер құрылысы), Қызылжар және Ынтымақ шағынаудандарын ауызсумен қамту жоспарлануда. Келер жылы Асар-2 шағынауданының тұрғындары да ауызсумен толық қамтылатын болады. Бұл туралы қала әкімі Мұрат Әйтенов азаматтарды онлайн қабылдау барысында айтты. Қабылдауға жазылған қала тұрғыны Гуля Минтаева: «Біздің шағынауданның тұрғындары 7 жылдан бері ауызсуды тасып ішеді. Аптасына бір рет келетін су тұрып қалады. Бұл денсаулыққа зиян келтіруде. Ең бірінші осы мәселені шешіп беруіңізді сұраймыз», – деді ол. Бұл мәселе бойынша тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Жолшыбек Шайхсламов «Асар-2» тұрғындарын сапалы ауызсу жүйесімен қамтамасыз ету мақсатында осы жылдың маусым айында құрылыс жұмыстары басталғанын атап өтті. Басқарма басшысының айтуынша, жоба құны 1,5 млрд теңгені құрайды. Биылғы жылға оның 350 млн теңгесі бөлінген. Бекітілген қаржыға жылдың соңына дейін 1 мектеп пен 300 тұрғын үй ауызсу жүйесіне қосылады екен. Ал қала басшысы «Асар-2» елді мекенін ауызсумен толық қамтамасыз етуге 1,5 млрд теңге қаржы керегін, алайда бүгінгі таңда бюджет жылдың басында бөлінетін болғандықтан, ауданды толығымен ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстары уақытша тоқтап тұрғанын атап өтті. «Дегенмен ақшаны үнемдеп, тиісті жұмыстарды жүргізуге бағыттаудың тиімді тұстарын қарастырамын. Бұл мәселе келесі жылы толық шешімін табады», – деді ол. Сондай-ақ сала басшысына ауызсу жүйесін тартудың жоспарын қайта қарап шығу жөнінде нақты тапсырма берді. Осы жиын кезінде барлық мәселе кезең-кезеңімен шешілетіні айтылды.Табиғи газ тұтынушылар қатары көбеюде
Шаһарда инфрақұрылымы өзекті болып жүрген аймақтың бірі– Сәуле шағынауданы. Шағынаудандағы 276 орам Сайрам ауданынан қосылған. Бүгінде онда 700-ге жуық тұрғын бар. Алайда бұл маңда биылға дейін ауызсу, жарық, жол мәселесі өзекті болып келген. Қала әкімі Мұрат Әйтенов көп жылдан бері күрмеуін таппаған инфрақұрылым проблемасын өзінің тікелей бақылауына алып, жауапты мекемелерге тапсырма берген болатын. Нәтиже көп күттірмеді. Қаланың Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан бес шақырым жолға шағал тас төселді. Бұдан бөлек, осы 276 орамды электр жүйесімен қамтамасыз ету мақсатында демеушілер тарапынан 25 бағана, 2 шақырым сым және қуаттылығы 160 кВт көтеретін трансформатор орнатылып, 150-ге жуық тұрғын үй сапалы электр қуатымен қамтамасыз етіліп отыр. Ал аумақты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін демеушілер тарапынан 350 метрге жуық су құбырының қазба жұмыстары жүргізіліп, ауызсу жүйесі тұрғындардың игілігіне пайдалануға берілді. Енді 276-орам-ды инженерлік-инфрақұрылыммен толық қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып жатыр. Жоспар бойынша құжат жыл соңында дайын болуы тиіс. Қаладағы қарқынды жұмыстың бірі Қаратау ауданында атқарылуда. Тұрғын үйлерге табиғи газ берілгенге дейінгі барлық жүйелердің дайын болуы үшін құрылыс жұмыстары қыза түскен. Нақтырақ айтар болсақ, наурыз айында Тұран шағынауданын табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша магистральды жүйенің құрылысы басталған болатын. StroyGazCompany компаниясы жұмыстың 1-кезеңін қараша айында аяқтауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ Қайнарбұлақ тұрғын алабында да магистральды газ құбырының құрылысы жүргізілуде. Достық және Асар шағынауданы тұрғындарының да көгілдір отынға қол жеткізер уақыты алыс емес. Қазір Достықта 46,06 км құрайтын, ал Асар шағынауданында 50,4 км болатын ішкі орамдық жүйелердің құрылысы жүргізіліп жатыр. Осынау жұмыстарды атқарып жатқан «Газовое хозяйство Шымкент газ» ЖШС мен «Отау Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылысшылары ауқымды құрылысты келесі жылы толығымен аяқтауға уәде беріп отыр. Сонымен қатар Азат шағынауданында табиғи газ жүйелерінің құрылысын жүргізу үшін 2020 жылға жергілікті бюджеттен 30,7 млн теңге қаржы қаралған. «Ынтымақ бес арыс» компаниясы құрылыс жұмыстарын мамыр айында бастады. Құны 236,3 млн теңгені құрайтын жоба құрылысы кесте бойынша келер жылы аяқталуы тиіс. Ал құрылысы сәуір айында басталған орташа жол жөндеу бүгінде аяқталып жатыр. Ұзындығы 7 шақырымнан асатын ішкі көше жолдарының құрылыс жұмыстары толығымен аяқталды. Бүгінде әрбір атқарылып жатқан жол құрылысы жұмыстары қала әкімі Мұрат Әйтеновтің қатаң бақылауына алынған. Бүгінгі таңда Шымкент қаласындағы Қаратау ауданы, Сайрам тұрғын алабындағы ені 5 метр, ұзындығы 1,8 шақырым болатын Фурхат, Атой 1,2,3 көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүрді. Сондай-ақ дәл осындай қашықтықтағы Еңбекші ауданы, Маятас тұрғын алабы Желтоқсан көшесіне де «Теміртас» ЖШС-і жөндеу жұмыстарын жүргізді. Бұдан бөлек, Қаратау ауданы, Бозарық тұрғын алабы Ұста Мұхаммед көшесінен басталатын атауы жоқ көшеде, Абай ауданы, Ынтымақ шағынауданындағы Қарасу көшесінде де жөндеу жұмыстары аяқталған. Жалпы, биыл Шымкентте 240 нысан, 314,7 шақырым жол, 7 көпір, 1 жаяу жүргіншілер өткелі пайдалануға беріледі деп күтілуде.Жарыққа жаритын болады
Жоғарыда атап өткеніміздей, Шымкент қаласында жарық мәселесі де өзекті болып келеді. Себебі қала шетіндегі шалғай аумақ тұрғындары өздіктерінен жекеменшік трансформатор қойып алған. Ал талапқа сай келмейтін бұл электр жүйесі көбіне тұрғындардың толық сапалы жарықпен қамтылуына күші жетпей, жиі істен шығып жатады. Осынау түйткілді мәселенің де түйіні тарқатылар шақ алдағы күндердің еншісінде тұр. Мәселен, Қаратау ауданында 47 мыңнан астам тұрғын болса, оның 80,8 пайызы мемлекеттік қуат көзіне қосылған. Ал қалған 19,2 пайызы жекеменшік трансформатордан қуат алады екен. Бүгінде Қаратаудағы бірнеше шағынауданда электр желілерін тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нақтырақ айтар болсақ, Достық шағынауданындағы электр желілерінің құрылысына 2019 жылы бюджеттен 400 млн теңге қарастырылып, жұмысы басталған болатын. Биыл тағы 240,6 млн теңге бөлініп, электр бағаналары орнатылып жатыр. Жалпы жоба құны 848,1 млн теңгені құрайды. Мердігер «КазАльфаСтрой» компаниясы электр желісін келер жылдың қараша айында құрып бітіруі тиіс. Олар 47 шақырым желі мен 13 дана КТП орнататын болады. Бұдан бөлек, Қаратау ауданындағы Тассай, Азат, Қайтпас шағынаудандарында да электр бағаналарын орнату жұмыстары жүріп жатқанын айта кеткен жөн. Тұран шағынауданындағы электр жарығы құрылысына биылдың өзінде 256,3 млн теңге қарастырылып, «АБМ Билдинг» ЖШС тарапынан жұмыстар басталды. Жалпы құны 2 млрд-тан асатын жобаның жұмыстары 2021 жылы қараша айында бітіп, қолданысқа беріледі. Ал Асар-2 шағынауданындағы электр желілерінің құрылысына өткен жылы бюджеттен 700 млн теңге қарастырылса, биыл 474,8 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары атқарылып жатыр. Құны 1 млрд-тан асатын қуат желісін «Ремстрой Алматы» компаниясы осы күзде салып бітуі қажет. Алдағы күндері Қаратау ауданындағы Тассай, Азат, Қайтпас шағынаудандарында да электр бағаналарын орнату жұмыстары жүретінін айта кеткен жөн.Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы