Бүгінде Түркістан қаласының тарихи бөлігінде және жаңадан игеріліп жатқан бөлігінде де қазба жұмыстары мен құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Қаланың көне тарихи бөлігінде археологиялық қазба жұмыстары басталғалы біршама уақыт өтті. Соның негізгілерінің бірі – Күлтөбе қалашығындағы археологиялық қазба жұмыстары.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында жүзеге асып отырған жоба алғашқы жемісін бере бастады. Күлтөбе қалашығынан II-III ғасырға тән алтын әшекейлер табылды. Зергерлік бұйымдар ескі қалашықта жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстары кезінде анықталды.
Табылған қазынаның ішінде сырғалар мен зергерлік бұйымдардың бірнеше алтын бөлшектері, түрлі моншақтар бар. Ал Күлтөбедегі Хумдан пештің ішіндегі құланды қыштар арасынан араб баспасынан шыққан көлемі 10х20 см кітап табылған. Кітаптың сақталған қалыңдығы – 1,2 см. Археологтардың айтуынша, кітаптың мұқабасы көк түсті көнмен қапталған. Бірақ сақталуы нашар, парақтары бір-біріне жабысып қалған. Тіпті ашып қарауға келмейді. Жазуы оқылуға келетін бірінші бетінен «Біз мұндайлардан емеспіз» деген сөйлемнің жобасы анықталған.
Күлтөбе – көне Яссы қаласының қирап қалған орны. Кесененің оңтүстігіне қарай 300 метр жерде орналасқан. Алғашқы Түркістан қаласының пайда болған жері. «Кесененің батыс жағында ескі Түркістан деген атпен белгілі XIII және XIV ғасырдан бастап XX ғасырға дейін өмір сүрген Түркістан қаласының жұрты бар. Ал Күлтөбе ол біздің дәуірімізге дейінгі I ғасыр мен XIII ғасырға дейінгі өмір сүрген қаланың жұрты. Бұл екі ескерткіштің алып жатқан аумағы 80 гектарға жетеді. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі құрылғаннан кейін барып осы ескерткіштердің аумағы қорғауға алынған. Қазба жұмыстары әлі де жалғасады. Біздің аршып зерттеген жерлерімізде реставраторлар жұмыстарына кірісуде. Археологиялық зерттеу жұмыстары 17 қаңтарда басталған. Қазір де тоқтаусыз жұмыс жүргізіп келеміз. Жұмыс өте ауқымды» дейді «Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру» жобасы туралы Қазақ ғылыми-зерттеу институтының жетекші маманы, Күлтөбе экспедициясының жетекшісі Серік Ақылбек.