Шөкеев праймеризге қатысты пікір білдірді
Шөкеев праймеризге қатысты пікір білдірді
5,267
оқылды
Елімізде басталған партияішілік праймеризге қатысушылардың қоғамға қажетті мәселелерді жүзеге асыруға мүмкіндіктің мол екенін сөзге тиек еткен Түркістан облысының әкімі, "Nur Otan" партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Өмірзақ Шөкеев праймериздің басталуына байланысты пікір білдірді. Өмірзақ Естайұлы жұртшылықты әсіресе белсенді заматтарды саяси додаға қатысуға шақырды. «Елімізде «Nur Otan» партиясының ішкі праймеризі басталып кетті. Бұл – демократия мен азаматтық қоғамды дамытуға серпін беретін, нағыз көшбасшыларды қарапайым ел арасынан табуды көздейтін игі қадам. Былтыр Партия Төрағасы, Елбасы Н.Назарбаевтың «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасын ұсынған болатын. Осы бағдарламаға сәйкес қолға алынған праймеризге қоғам қызығушылық танытып отыр. Себебі, іріктеуде үміткерлерге тең мүмкіндік берілген. Ерекше айта кетерлігі әйелдер қауымы мен жалынды жастарға да саясатқа жол ашылып отыр. Қоғамда өз пікірін ашық айтып, ел мәселесін қозғап жүретін азаматтар бар. Бұл праймериз арқылы сондай азаматтар партияның кадрлық резервіне алынып, жергілікті деңгейдегі мәслихаттарға, Мәжіліске ұсынылады.
«Мықты лидерлер – мықты партия» қағидасы басшылыққа алынатын саяси доданы ашық, таза әрі әділ өткізу – міндетіміз. «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы праймериз өткізуге бірнеше айдан бері дайындық жүргізді. Аудан, қалаларда ұйымдастыру комитеттері құрылып, жұмыс істеп жатыр. Қазір Түркістан облысында 80000-нан астам партия мүшесі бар. 245 бастауыш партия ұйымы тіркелген. Праймеризде партия мүшелері үміткерлерге дауыс беріп, сол арқылы кадрлық резерв жасақталады. Жалпы облыста дауыс беруге және дебаттар өткізуге 209 орын әзірленген. Биыл еліміз пандемияның салдарынан қиын күндерді бастан өткеріп жатыр. Карантин талаптары қатаң сақталуы тиіс. Сондықтан праймеризде онлайн түрде тіркелуге және дауыс беруге жағдай жасалып отыр. Қазақ халқының қабырғалы қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының «Ұлт жұмысы – үлкен жұмыс: үлкен жұмысқа көп жұмыскер керек» деген сөзі бар. Ұлтқа адал қызмет етуді перзенттік борышым деп есептейтін болашақ көшбасшылар мен қайраткерлер Түркістан облысында көп екенін білеміз. Ендеше елдік мәселелерге алаңдайтын, жігерлі, білімді, намысты азаматтарды праймеризге белсенді түрде қатысуға шақырамын!», – деді облыс әкімі мәлімдемесінде.

Тельман БЕЙСЕНОВ