Кесене ішіндегі садақа жәшігінің құлпы бұзылғанын және ішіндегі қаражаттың қолды болғанын анықтаған азамат аудан орталығындағы туысына хабар беріп, кесене маңында жүргені, күдік тудырған әйелді алып келген автокөлікке тән белгілерді айтқан.
– Кесенедегі садақа жәшігінің қолды болғаны туралы хабар түсті. Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 39 жастағы әйел полиция бөлімшесіне жеткізілді. Оның жақын ауылдардың бірінің тұрғыны екені анықталды. Күдіктіден қолды болған қаражат тәркіленді. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 188-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, – дейді Жамбыл ауданы полиция бөлімінің бастығы Асхан Тегенбаев.
Оның айтуынша, тергеу барысында күдікті бұған дейін кесенеге келіп, қаржы салынған жәшіктің еш бақылаусыз тұрғанына көз жеткізгені белгілі болды. Келесі жолы дайындықпен келген әйел жәшіктің құлпын бұзып, ішіндегі қаражатты алып кеткен. Жауапты тұлғаның мұқияттылығы дінге де, заңға да қайшы жымысқы әрекетті тоқтатып, қылмысты шұғыл ашуға септігін тигізді. Күдікті әйел мекенжайын өзгертпеу туралы міндеттемемен босатылды. Оның бұдан өзге де осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бары тексеріледі.