Дәрі үшін жұмыстан бәрі кетті
Дәрі үшін жұмыстан бәрі кетті
405
оқылды
 

Бағына жөнді басшы бұйырмаған ба?

Әу баста, осыдан 11 жыл бұрын «СҚ-Фармация» құрылып жатқан кез­де мақсат таудай болған. Жағдай бы­лай: бүтін бір ел үшін бір мекеме дә­ріні өндірушіден тікелей көтер­ме­леп сатып алады. Тиісінше, бюджет қаражаты үнемделуі тиіс еді. Былай қарасаңыз, жап-жақсы дәнекер бо­латын реті. Бірақ осы уақыт ішінде шу­дың ортасында, сынның астында жиі қалып жүр. Ең алғашқы жанжал 2010 жылы болды. Шымкентте дәрі­гер­лер қан құйған кезде 150 балаға ВИЧ жұқтырып алады. Содан сол кез­дегі Президент – Елбасы аман қал­ған балаларға бұдан былай қым­бат дәріні мемлекет есебінен өмір бақи беріп тұруды тапсырған. Бірақ бас директор Вадим Зверьков үнем­дей­мін деп арзан баламасын са­тып ала­ды. Сөйтіп, қызметтен ке­теді. Орнына 2012 жылы Сыздық Баймұханов келеді. Ол арзан бала­маны диабетпен ауыратын­дарға ұсынған. Онымен қоймай, кінәні өзінен емес, науқастардан іздегені бар. 2013 жылы басшы болып келген – Бейсен Назарбек. Оның қызметіне қатысты шудың себебі – шетелден негізгі бағасы­нан бірнеше есе қымбат дәрі ал­дырғаны. Мысал үшін айтсақ, бізде гепатитпен ауыр­ғандарды емдеуге 14 880 доллар кетсе, Гру­зияда 3 120 доллар кетеді екен. Бұдан бөлек, мысал аз емес. Одан кейін төраға болып Нұржан Әлі­­баев тағайындалды. «Дәрі тап­шы­лы­ғын тудырмаудың ама­лын қыл» деген тапсырманы орындамаған оны және тағы төрт қызметкерді сала министрі жұмыстан шығар­ған. Айтпақшы, «фармация­дағы­ларды қуып шық» деп Назар­баев­тың өзі тапсырған болатын. Сол кездегі министр Біртанов Пре­зи­дент тапсырмасын бұл­жытпай орындағаны туралы есеп берген. 2017 жылы Максим Касаткин басшылыққа келді. Ол «1,8 млрд жымқырды» деген айыппен тұт­қын­далды. Бірақ істің қалай жал­ғас­қаны туралы нақты ақпарат тап­падық. Касаткиннің міндетін атқарушы болып орынбасары Бе­рік Шәріп қызметке кірісті. Биыл сәуірде ғана ресми түрде төраға боп тағайындалған ол да әріп­тесте­рінің тағдырын қайталады. Экс-басқар­ма төрағасының 2 айға қамалғаны туралы ақпарат 14 та­мыз күні шықты. «Нұр-Сұл­тан қаласының мамандан­дырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Берік Шәріпке қа­тыс­ты 2 ай мер­зімге тұтқынға алу түріндегі бұл­тарт­пау шарасына санкция бер­ді», – деді елордалық соттың баспасөз хатшысы Ботагөз Бая­но­ва. Бұған дейін Сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы іс-қимыл агенттігі бірінші департаментінің аса маңыз­­ды істер жөніндегі тергеу­шісі Данияр Биғайдаров «СҚ-Фармация» ЖШС-ның бұрынғы басқарма төрағасы ұсталып, Нұр-Сұлтан қалалық Полиция депар­та­ментінің уақыт­ша тергеу изоля­торына қамалға­нын айтқан еді. Экс-шенді ТЖ кезінде медици­налық өнімдерді сатып алуда қызметін асыра пай­даланған де­ген күдікке ілінген. Айыбы бойын­­­­ша соңғы шешімді енді сот шығарады. Әзірге бізге белгілісі осы ғана. Өзге ақпарат тергеу амал­дарына бай­ланысты құпия сақта­лады екен. Берік Шәріпті қызметінен Пре­­зидент босатты десе болады. Өйткені 10 шілде күні Қ.Тоқаев оның жұмысын сынға алған. Сол күні-ақ өз еркімен кетуге шешім қабыл­даған еді. Төрағалық қыз­метке ресми түрде биылғы сәуір­ден бастап кіріскен. Бірақ 2018 жылдан бері төрағаның міндетін атқарып келген. Неліктен жұмысы сыналды десеңіз, маусымда қазақ­стандықтар дәрі таппай тентіреп кеткенде мәселеге көз жұмып, тіп­ті мұндай проблеманың жоқ екенін, бәрін бақылауда ұстап отырғанын айтып дес бермеген. Ал қазіргі басшы – Ерхат Есқа­лиев. Сын сәтте басшылыққа та­ғайын­далған шенді коронави­рустың екінші толқынына жақсы­лап дайындалып жатқанын айтып отыр.   dari-darmek  

Компанияны тарататын кез келді ме?

Айтқандай, коронавирустың жаңа толқынына дайындық ре­тін­де компания қажет дәрілерді ал­дыруды бастап кеткен. Бірақ се­нім­нен шығуға қалған «Фарма­цияға» халық сенбейтін сыңайлы. Сондықтан өздері-ақ керек дәріні бар кезде үйіне толтырып алып жатыр. Е.Есқалиевтің айтуынша, дәрі тапшы­лығын болдырмау үшін кешенді шаралар қолға алынып, компанияға ло­гистика модер­низа­цияланған. Әр ай­маққа жеке мониторинг жүргі­зіліп оты­рады деседі. Жаңа бас­шының сөзі жақсы, ісі енді көрінеді. Осыған ұқсас пікірді «Аман-саулық» қо­ғамның қорының пре­зиденті Бақыт Түменова айтып отыр. Яғни, күзге дайындықты алда көрерміз деген ол, компа­нияны таратып жіберетін кез бая­ғыда болған. – «СҚ-Фармация» жұмысына көңілім толмайтынын біраз жерде айтқан­мын. Тіпті, 11 жыл бұрын құрыл­ған кезінде қарсы шық­қандардың бірі болдым. Өйткені құрыл­ғанда­ғы мақсаты орын­далып жатқан жоқ. Алғашқы 5 жыл­да елге қажет дәрілердің 70 пайы­­зын өзіміз шығаратын болуымыз керек бол­ған. Бірақ бүгінде дәріден түскен қаражаттың 90 пайызы сыртқа кетіп жатыр. Одан бөлек, дәрілер жылдан-жыл­ға қолже­тімсіз болып барады. Тек осы панде­мия кезінде бұрын­ғыдан көбірек көңіл бөліне бас­тады, - дейді.  

Дәрі табу – мұң

Редакциямызға анасының жағ­дайын айтып, оқырманымыз хабарласты. 2001 жылы ана­сына ота жасатыпты. Отадан кейін ұйқысы бұзылып, қан қысымы көтеріліп, маза­сызданатын халге жеткен. Со­дан дәрігер «Нозепам» дәрі­сін жа­зып берген. Басында рецеп­ті­мен алып жүрген. Бірақ соңғы 3 жылда Аты­рау­дан та­был­маған.  Сұрас­тыра келе, оның Қазақ­стан­да тіркелмегенін біледі.  Яғни, «СҚ-Фармация» та­­ра­­пынан тап­сырыс берілмеген. Жалпы, бұл дәріге тәуелді  осын­дай қанша адам бар.  Оның сұраныс мөлшері нақты  белгісіз. Соның кесірінен жағдай ушығып отыр. «Интер­неттен іздесек, Алма­ты жақтан табы­лады. Бірақ ол жерден алуға біздің жақтың ре­цеп­тісі жүрмейді екен», – дейді аты­рау­лық тұрғын Мастура Жұма­бек­қызы. Ха­лықара­­лық фар­ма­цевтикалық өн­діру­шілер қауым­­­­­­дастығының пре­зиденті Вячеслав Локшин мұн­дай жағ­дайдың екі себебі бо­луы мүмкін екенін ай­тады. «Бірін­шісі, дәрі нарықтан шығып, тір­кеуі аяқ­талуы мүмкін. Сондық­тан өнді­рушілердің олар­ды шы­ғаруға қызығушылығы бол­майды. Он­дайда баламасын алу қажет бола­ды. Екінші себеп, «СҚ-Фар­ма­ция» ұсынған бағаға қызықпа­ған болуы мүмкін».     Түйін:

Фармацевтикада reimbursement жүйесі бар. Яғни, дәріха­наларға дәрі жан-жақтан түсе бе­­ре­ді. Бас­тысы – белгілі бір баға­дан қым­бат­татуға болмайды. Мін­дет­ті ме­ди­­циналық сақ­тандыру қоры есе­бінен төленетін рецептісі бар кез келген нау­қас дәріні қиын­дықсыз ала бе­реді. Бәлкім, осын­дай бәсеке қа­жет болар. Сон­да «Фармация» жұ­­мысы жанданып, бойына қан бітер. Әйтпесе, өрке­ниет­ті өзге ел­дермен тере­зені теңес­тіру қиын болып барады.  

 

Жадыра АҚҚАЙЫР