Мөлдір Айжарық өзінің өнертабысын Your friend деген атау берді. Ол импульс, температура, сондай-ақ баланың геолокациясын қадағалай алады және бұл туралы ата-анаға хабарлама жібереді.
«Бизнес-жобаны 11-сыныптан бастап жетекшім Әлия Жусанбаеваның көмегімен экономика сабағында жасай бастадым. Қоғамның проблемаларын зерттей отырып, көптеген ата-аналар баласының денсаулығына жеткілікті уақыт бөле алмайтындығын байқадым, өйткені олар көп уақытын жұмыста өткізеді. Осы орайда маған балалардың денсаулығын бақылайтын және ата-анасына мәлімет жібере алатын смарт-білезік жасау идеясы келді, – дейді автор.
Мөлдір Айжарық – ZhasCamp Accelerator әлеуметтік жобаларды дамыту бағдарламасының түлегі. Осы бағдарламаның арқасында оқушы қыз өзіне тәлімгер тапты. Ол – қазақстандық ғалым және Technologies Lab бас директоры Тимур Рыспеков. Оның жетекшілігімен Мөлдір код жазып, құрылғының жұмыс прототипін жасап шыққан.
Бірақ жақында «Apple» компаниясы дәл осындай функциялары бар ақылды сағаттардың жаңартылған нұсқасын шығарды. Құрылғыны бәсекеге қабілетті ету міндетін қойды. Олар білезікке газдың ағып кетуіне жауап беретін сенсор мен көру қабілеті нашар балаларға арналған заттар сенсорын қосты. Сондай-ақ, Мөлдір ойлап тапқан құрылғы пайдаланушы сенсорларды өз қажеттілігіне сай ауыстыра алатындығымен ерекшеленеді. Әзірге тек өндіріс пен жобаны одан әрі дамыту үшін инвестициялар тарту ғана қалып отыр.
Жоба 3 жастан 8 жасқа дейінгі балаларға арналған. Автордың айтуынша, олар осы жаста осал және көбінесе ата-анасының қарауынсыз қалады. Енді Мөлдір мақсатты аудиторияны кеңейтіп, мүмкіндігі шектеулі жандарды да қамтуды жоспарлап отыр. Қазір жас өнертапқыш бизнес-жоспар бойынша белсенді жұмыс істеуде, ал университетке түскеннен кейін әртүрлі мамандық студенттерінен жобалық топ құрғысы келеді.