Трамадол: есірткі ме, дәрі ме?
Трамадол: есірткі ме, дәрі ме?
2,242
оқылды
Жалпы, мұндай дәрі түрлері дәрі­ханаларда рецепт бойынша сатылуы тиіс. Өкінішке қа­рай, бұған көз жұма қарап отыр­ғандар да бар. Қазіргі кезде жас­өспірімдер онкологиялық ауруға қарсы пайдаланылатын психотропты препаратты дәрі­ханалардан сатып алып жүр. Соның кесірінен аталған зиянды препаратқа тәуелділік шамадан тыс артқан. Есірткіге қарсы күресіп жүр­ген еріктілер де жағ­дайдың ушығып тұрғанын айтып дабыл қағуда. Сол себепті Ішкі істер министрлігі осы мәселеге тосқауыл қою мақсатында тра­м­адол сияқты дәрілік есірткі зат­тарын қатаң түрде бақылауға алуды жоспарлап отыр. Сон­дай-ақ 2020 жыл­дан бастап елімізде заң жүзінде есірткіге байланысты қылмыстар үшін жаза күш­ейтілгенін айта кеткен жөн. Қазіргі кезде барлық аймақ­та есірткіге және есірткі биз­несіне ымыр­асыз күрес жариялануда. Аталған шараның мақсаты – синтетикалық есірт­кілер мен дәріханаларда кез келген адамға дәрігердің рұқ­сатынсыз бейберекет саты­ла беретін психотропты пре­параттың таратылуына жол бер­меу. «Свободные  люди» қоғам­дық қорының директоры Ольга Агапова ақшаға құныққан кей­бір фармацевтер ересектерге дәрігердің рұқсатымен ғана са­тылатын дәрілерді жасөспірім­дерге жасырын түрде сатып, олардың өміріне балта шауып жатқанын айтады. – Дәріхана қызметкерлері өрімдей жастардың ағзасын улап, оларды тра­мадол сияқты психотропты пре­паратқа тәу­ел­ді етуден тайынар емес. Фарма­цевтердің көкейін ақша тес­кен, олар біреудің баласының тағдырына, ұлттың болашағына басын қатырғысы да кел­мейді. Трамадолдың адам ағзасына кері әсері героинмен пара-пар. Ресей мен Беларусь елінде трамадол есірткі қатарына жатқызылып, қолдануға мүлдем тыйым салынған. Қазақстанда дәрігердің рұқсатымен ғана тұтынылады. Бірақ мұны фар­мацевтер ескеріп жатқан жоқ, – дейді қор директоры. Иә, расымен де бұл пре­параттар Украина, Ресей, Өзбекстан, Беларусь мемле­кеттерінде есірткі заттары тізім­іне енгізілген. Сол себепті атал­мыш елдерде полиция қыз­меткерлері трамадолды сауда­лағандарды не сатып алғандарды қылмыстық жауапқа тарта ала­ды. Қа­зақстанда трамадолды заңсыз сатқан дәріханаларға тек айыппұл салынады. Сондықтан бұл жағына келгенде біздің елімізде трамадол төңірегінде қаралуы тиіс мәселелер шаш етектен. ПД мәліметінше, жыл басы­нан бері есірткі бизнесіне қарсы күрес бас­­қармасы 12 келіден астам түрлі ес­ір­ткі құралдарын, соның ішінде «синтетикалық есірткілерді» тәркілеген. 37 қылмыстық іс қозғалды. Мұның өзі елімізде нашақорлықтың белең алып бара жатқанын аң­ғартады. – Трамадолды еден астында орна­ласқан құлыптаулы сейфте сақтау ке­рек. Оны адамдарға дәрігердің нұс­қаулығымен ғана берген жөн. Аталған нұсқаулықта емделушінің аты-жөні толық жазылып, сонымен қатар онда мөр қойылған болуы қажет. Сондай-ақ нұсқаулық қағазы міндетті түрде дәріханада қала­ды, – дейді провизор Айжан Қожахметова. Ал біздегі барлық дәрі­ханада нұс­қаулық талап етіле бермейтіні ашық ай­тылып жүр. Соның салдарынан аталған пре­паратты пайдаланушылар оңай олжаға кенелуде. Бұл қауіпті індет­тің ошағын ауыздықтай ал­май отырғанымыздың тағы бір дәлелі. Жалпы, трамадолды неміс­тің «Грю­ненталь» фармацевті компаниясы 1962 жылы ой­лап тапқан. Медицина тәжір­ибесінде трамадол – синте­тикалы опиоидты дәрі. Оны ауыр жарақат алғандар мен он­кологиялық ауруларды, сынық­тарды емдеу кезінде қолданады. Өкінішке қарай, синтетикалық дәрі нашақорлар арасында үлкен таны­малдыққа ие. Әлем бойынша сатылымы рекордтық көрсеткішке жеткен. Нарколог маман Гүлмира Абдыбаева да кейінгі кездері нашақор диагнозы қойылған адамдардың көпшілігі трамадол­ды пайдалана бастағанын растап отыр. – Оның өзіндік себебі бар. Есірткінің бағасы қымбат бол­ғандықтан, олар қол­жетімді бағамен трамадолды са­тып алады. Негізі, бұл дәрілер дәрі­гердің нұсқаулығымен сатылады. Алайда нұсқаулықсыз-ақ сата беретін дәрі­ханалар бар. Оларға қатаң тыйым салған жөн, – дейді ол. Әдетте, трамадолды жас­өспірімдер күніне 2-3 таб­леткадан бастап, 10 таблеткаға дейін ішеді екен. Тіпті, бір адамның 30 таблеткаға дейін ішіп қойған кездері болған. Бастапқы кезде аталған дәріні жан рақаты үшін пайдаланады. Ал кейін оны дененің сынып ауруын басу үшін қолдана бастайды. Яғни, тәуелділікке әкеледі. Мамандар қоғамдық иммунитет қалыптасып қалған «әдет­тегі» есірт­кілердің орнын не­ғұрлым қауіпті синтетикалық есірткі түрлері басып жатқанын бірнеше рет айтқан, айтып та жатыр. Демек, синтетикалық есірткіні емін-еркін саудалап жүргендерді заңмен жауапқа тартып, жаза қолданбаса, жағ­дайдың одан сайын нашарлай түсері анық. Ол үшін өзекті мәселені шешудің түрлі жол­дарын қарастырған жөн-ау. Әйтпесе, жағдайдың оңалар түрі жоқ.  

AblaiАбылайхан ЖҰМАШ