Тойға шектеу қоймаған әкім сөгіс алды
Тойға шектеу қоймаған әкім сөгіс алды
150
оқылды
Осыған орай, Қызылорда қала­сының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қаладағы карантиндік шектеу шара­ларын пысықтау мақсатында шұғыл мәжіліс өткізді. Мәжілісте Ақсуат ауылдық окру­гіне қарасты Ж.Махамбетов ауылында болған тәртіпсіздік талқыланды. Яғни,  ауыл тұрғыны тыйым салынған шек­теулерді ескермей, 100-ге жуық адам жинап, той жасаған. Тойдың өту барысында тұрғынмен атыс қару қолданылып, салдарынан екі бүл­діршін дене жарақатын алған. Аталған тәртіпсіздіктің болуына жол берген Ақсуат ауылдық округінің әкімі бұл мәселеге қатысты пікірін «Той егесіне ауызша да, жазбаша да ескерту жасадым. Менің ескертуімді назарға алмай той жасады» деп қысқа қайырды. Пандемия уақытынды ауылдың қоғамдық-саяси ахуалын тұрақты бағытта ұстай алмай, тойдың бол­ғанын қала әкімдігіне дер кезінде ха­барламай, шарасыздық танытқан округ әкімі Мәмбетәлі Ақмырзаевқа қала әкімі  қатаң сөгіс берді. «Ауыл тұрмысын түзетуде атқарған жүйелі еңбектеріңізді ескеріп, қатаң сөгіспен қалдырдым» деген әкім  бас­қа да кент және ауылдық округ әкім­деріне өздеріне сеніп тапсырылған аумақта бақылауды арттырып, алдын алу шараларын күшейтуді нықтап тапсырды. Сондай-ақ ауылдық округтің ай­мақ­тық полиция қызметкерін дер кезінде қажетті шараларды қолданбай, тиісті органдарға хабарламағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартуға қалалық Полиция басқармасына нұс­қау берді. Бұған дейін қалаға қарасты Қызыл­жарма ауылдық округінде ауыл тұр­ғыны аулада той өткізбек болған. Ал­айда той қалалық мобильді топтың ара­ласуымен тоқтатылды. Аталған мә­селеге байланысты ауыл әкімі Медет Сейіловтің аталмыш оқиғаны дер кезінде хабарлағаны ескеріліп, ес­керту берілді. Қала әкімдігінің Әдеп жөніндегі уәкілі мен сала басшыларына кент және ауылдық округ әкімдерінің қызметіне талдау жасап, олардың қызметіне қатысты ұсыныс беруді жүк­теді. Мәжіліс соңында қала әкімі ауыл әкімдеріне карантин талаптарын сақ­тауда жоғары жауапкершілікпен жұмыс істеу керегін тағы да қатаң ес­кертті.  

Миуа БАЙНАЗАР, Қызылорда облысы