Есімдер сыры
Есімдер сыры
2,466
оқылды

Қазақтың салты бойынша, жас нәресте туған кезде ата-анасы ең сыйлы, қатты құрмет тұтатын адамына өз сәбиінің есімін қойғызады. «Балаға қандай ат қойылса, оның болашақ тағдыры соған байланысты болады» деген наным-сенімнен болса керек.

Адам есімі оның тағдырына қаншалықты әсер етеді? Бұл ХХ ғасырдың басынан бері ғалымдар зерттеу жүргізіп келе жатқан жұмыстардың бірі. Соның нәтижесінде, кейін адам есімдерін зерттейтін антропонимика ғылымы пайда болды.
Бала – адамның бауыр еті. Қай ата-ана болсын өз шаңырағында сәби дүниеге келгенде оған ең жақсы есімді қоюға тырысады. Негізінен, жаңа туған сәбиге есім таңдауға қазақтан дана, қазақтан шебер халық жоқ. Алайда әрбір ата-ана баласына ат қоярда өзіне жүктелер жауапкершілікті жете сезініп, оған сақтықпен қарағаны, он ойланып, он толғанып барып қана жүрегі қалаған есімді сәбиіне қойғаны абзал. Өйткені есімдердің адам өміріне, адам атына ықпалы өте ерекше дейді ғалымдар. Адам есімдерін зерттеуші ғалымдардың дәлелдеуінше, есім бала өміріне айтарлықтай әсер етеді, сәбилерді неғұрлым көркем есімдермен атаған сайын, баланың тұла бойы соған сәйкес көркемделе түседі.

Кiсi есiмдерiне қарап отырып-ақ, өзiмiзге дейiн өмiр сүрген ата-баба­ларымыздың тарихы, мәдениетi, тұрмысы, әдеп-ғұрыптары мен салт-санасы,  дүниеге, дiнге көзқарасын, неге қол созып, неден үмiт күткендiктерiн бiлуге болады. Қазiргi кезде мағынасы да, дыбыстық тiркесi де түсiнiксiз есiмдер етек алып барады. Әсiресе, Альфия, Алина, Анелия, Аида, Анара, Арсен, Динара, Гуля, Гүлзия, Гүлзира, Гүльмира, Гүлвира, Гүлзада, Эльмира, Элеонора, Замира, Мария, София, Сания, Света, Клара, Лаура, Жания, Жанна, Лиза, Мая, Зоя немесе Артур, Ануар, Арслан, Руслан, Эрнс, Тимур, Мадьяр, Илья т.б. деген сияқты еуропаланып кеткен есiмдер көптеп кездеседi. Атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ізгі дәстүр, тамаша салттарымыздың бірі – ат қою. Қазақ халқы сәбиге ат қоюға ерекше мән берген. Тіпті осы ат қою дәстүрінен халықтың наным-түсінігін, салт-санасын, арман-мүддесін, эстетикалық талғамын анық байқауға болады. Қазір заман талабына сай, есім талғау, таңдау реті өзгеріп отыратындығы тағы бар. Мәселен, осыдан бірнеше ғасыр бұрын Абылай, Есім, Керей, Ахмет, Ыбырай, Жылқыбай, Қойшыбай сынды есімдер жиі қойылатын болса, бүгінде бұл үрдіс өзгерген. Ендеше, сондай есімдердің сырына біраз тоқтала кетсек: 
АБИРА – тәжік тілінен алынған «шөбере қыз» деген мағына береді.
АҒИЛА – араб және иран тілдерінен алынған агиля – ақылды, парасатты сөзінен жасалған.
АҒЛИЯ есімі грек тілінен алынған – сұлулық, көркемдік, салтанат.
АДЛИЯ – тәжік тілінен алынған адал – әділдік, ақиқаттық деген мағына береді.
АЖАР – ажар, келбет, нұрлы, көрікті, түр, өң деген мағынада.
АЖАРГҮЛ – гүл сияқты әдемі, сұлу, көрікті.
АЖАРХАН – көрікті, ажарлы, әрлі, нұрлы.
АЗА – тәжік тілінен алынған азза – қымбатты, сүйікті, сүйкімді.
АИДА – араб тілінен – пайда, сый.
АЙБИКЕ – екі сөзден бірігіп жасалған есім, сыңарындағы бике сөзі араб тілінде «әйел» деген сөз. Яғни айдай сұлу әдемі, көркем деген ұғымды білдіреді.
АЙБАЛА – ай сияқты сұлу, көркем болсын деген тілекпен қойылатын есім болса керек.
АЙБАРША – қазақ тілінен алынған «ай» және «барша» сөздерінен жасалған біріккен есім. Алтын мен күмістен безелген мата деген сөзден шыққан.
АЙБИБІ – қазақтың сөзі ай, тәжік тілінен алынған бибі — «әйел», «ханша» деген мағынаны білдіреді. Бұл есім қыз бала сұлу, көркем болсын деген тілекпен қойылады.
АЙГҮЛ – қазақтың сөзі «ай» — тәжіктің сөзі «гүл». Гүл сөзі тәжік тілінде «роза» деген мағынаны береді. Бұл есім қыз бала айдай сұлу, гүлдей жайнаған көрікті болсын деген тілекпен қойылады.
АЙҒАНША – қазақ тілінен алынған ай және ханша сөздерінен жасалған біріккен тұлғалы есім. Айдай сұлу деген мәнді білдіреді.
АЙҒЫЗ – айдай сұлу, көркем қыз бала.
АЙЖАМАЛ – қазақтың сөзі ай, араб тілінен алынған жамал – әдемі, сұлу, яғни айдай сұлу, әдемі болсын деген мәндегі есім.
АЙЖАН – қазақтың сөзі ай, иран тілінен алынған жан. Айдай сұлу, әдемі.
АЙМАН – қазақ тілінен – белгілі, әйгілі, даңқты, араб тілінен – ант, серт. Айманай, Аймангүл, Амангүл тағы басқа қосарланған есімдер де болады. 
АЙМИРА – жаңа есім ай, орыс тілінен мир – бейбітшілік, тыныштық. Бейбіт, тыныштық болсын деген тілекпен қойылған есім.
АЙНҰР – қазақ тілінен алынған «ай», араб тілінен алынған «нұр» – жарық, шұғыла. Ай сипатты, ай келбетті.
АЙПАРА – қазақ тілінен алынған ай, иран тілінен алынған «парә» – пари – періште, сұлу; яғни Ай періштесі, айдай көрікті. Айрықша, ерекше, бөтен деген мағынада.
АЙСӘУЛЕ – екі сөзден құралған қыз есімі. Айдың сәулесі сияқты жарық болсын деген үмітпен қойылған.
АҚБӘТЕС – ақ және бәтес сөзінен қойылған кыз есімі, яғни аппақ, әдемі, сұлу.
АҚБОТА – бала аппақ бота сияқты болған соң ұқсату мақсатымен қойылған есім.
АҚЖІБЕК – Жібек есіміне ақ сөзін үстемелей қосып жасалған кыз есімі. Аппақ, әдемі, жібектей болсын деген мағынада қойылған.
АЯНАТ – араб тілінен «ийан» – өз көзімен көру, айқындылық, анықтық, ақиқат, шындық.
ӘБИБА – араб тілінен алынған Хабиба есімінің өзгерген түрі екен. Дос, мейірімді жолдас, өмірлік серік деген мағынаны білдіреді.
ӘЙГЕРІМ – «әй» жане «керім» сөздерінен жасалған біріккен тұлғалы есім. М. Әуезовтің «Абай жолы» романында осы есімнің қойылу тарихы баяндалады. Абай алғаш Шүкіман деген сұлу қызды көргенде оның нұрлы да сұлу көркіне таңданады. Қыздың асқан көркі мен сұлулығына, әдепті жүріс-тұрысына қызығып, әй керім, ай керім деп танданудан кейін ол Айгерім аталып кеткен.
ӘМИНА – араб тілінен – адал, сенімді, зиянсыз, сәтті, игілікті.
ӘМИРА – араб тілінен алынған әмір.
ДАЙАНА – латын тілінен алынған Диана – пәктік пен ай құдайының аты.
ДАНА – иран тілінен – білгір, данышпан.
ДАНАГҮЛ – иран тілінен – гүлдей құлпырған дана, данышпан, ақылды деген мәнде қойылады.
ДАРА – қазақ тілінен алынған ерекше, өзгеше, яғни басқадан артық. Яғни бала басқадан ерекше, артық, ақылды немесе сұлу болсын деген тілекпен қойылатын есім.
ДАРИҒА – иран тілінен – шіркін-ай, ойпыр-ай деген көңіл-күйді, таңдануды білдіретін сөз, керемет, тамаша деген мағынадағы есім.
ДАРИЯ – иран тілінен – теңіз, ұлы өзен.
ДӘЛИЛА – араб тілінен — белгілі, таныс, жол көрсетуші, жолбасшы, жетекші, яғни жөн айтушы, бағыт беруші, ағартушы.
ДӘМЕЛІ – үмітті, үміткер.
ДӘМИНА – араб тілінен – жақсарушы, әдемі, көркемдеуші, күшті, мығым. Өзгеріскен түрі – Дамина.
ЖҰЛДЫЗАЙ – жұлдыз бен айдай жарқыраған сұлу болсын деген тілекпен қойылады.
ЖҰМАБИКЕ – араб тілінен – джумга – жұма, бике – хан кызы, яғни жұма күні туған ханиза.
ЗАИДА – иран тілінен алынған заиде, заид — өсуші, өркен­деуші сөзіне «а» қосымшасының жалғануы арқылы жасалған есім.
ЗАЙРА – араб тілінен алынған – заиыр (Зайер) – айқын, ашық, күдіксіз сөзіне «а» қосымшасының жалғануы арқылы жасалған есім.
ЗАЙТУНА – бір түп зайтун жемісі, аса қымбатты, құрметті.
ЗАҚИРА – араб тілінен алынған закир – ескеруші есте сақтау­шы сөзіне «а» қосым­шасының жалғануы арқылы жасалған есім.
ЗАМИЛИЯ – араб тілінен алынған замил – замандас, істес, әріптес, жолдас сөзіне «я» қосымшасының жалғануы арқылы жасалған есім.
ЗАМИРА – араб тілінен – асыл арман, тәтті қиял, ой.
ЗАРА – иран тілінен алынған зар — алтын, сөзіне «а» қосымшасының жалғануы арқылы жасалған есім.
ЗӘУРЕ – араб тілінен – жарқыраған, Шолпан, таң жұлдызы. Дыбыстық өзгеріске түскен түрлері — Зура, Зухра.
ЗЕЙНЕП – араб тілінен алынған зайнаб – толық, етженді, мықты.
ЗЕЙНЕГҮЛ – араб тілінен алынған зейне — нұр, көрік, көркем, әшекей + гүл. Яғни көркі гүлдей жайнаған сұлу, әдемі.
ЗЕМФИРА – грузин тілінен сапфир – асыл тастың бір түрі.
ЗЕРЕ – иран тілінен алынған зар – алтын сөзінің қазақ тілі дыбыстың заңына сай айтылуы.
ЗИБА – иран тілінен алынған зебо – сұлу, көркем, әдемі, әсем. Дыбыстың өзгерген түрі – Зипа.
ЗҮМРАТ – иран тілінен – қымбат, бағалы тас.
КЕЛБЕТ – көрік, ажар, әр, тұлға.
КЕНЖЕ – есімі көбіне ең кіші, соңғы перзентке қойылады. 
КЕҢЕСГҮЛ – бұл есімді Кеңес өкіметі тұсында көп қойған. Сол дәуірдің «гүлі» деген мағынада болса керек. Кеңес елінде туған бақытты бала.
КЕРІМБАЛА – керемет сұлу қыз бала.
КЛАРА – латын тілінен — жарқын, айқын, нұрлы.
КҮБАРА – араб тілінен алынған кубра – үлкендер, ұлылар.
КҮЛАЙ – «гүл» және «ай» сөздерінен жасал­ған есім. Ай мен гүлдей боп жайнап, құлпырып тұрсын, әдемі болсын деп қойылған есім.
КҮЛАЙХАН – гүл және ай мен хан, яғни гүл мен айдай әдемі, сұлу ханым. 
КҮЛАЙША – тәжік тілінен алынған «гүл» + қазақ сөзі «айша». Ай сияқты әдемі, көркем.
КҮЛӘНДА – тәжік тілінен алынған гуландом – гүлге ұқсас тұлға, нәзік денелі.
КҮЛӘСИЯ – иран тілінен алынған гүл және араб тілінен алынған әсия — емші, дәрігер қыз, гүл жайнаған көркем дәрігер қыз.
КҮЛБАҒИЛА – иран тілінен алынған «гүл», араб тілінен алынған «багила бахи» – мәңгі, мәңгілік, мәңгі жасаушы және «ла» қосымшасы жалғану арқылы, яғни бағы гүлдей жайнаған мәңгі өмір сүруші, ұзақ ғұмырлы «қыз» деген мәнді білдіреді.
КҮЛБАҒИРА – иран тілінен алынған «гул» мен багира, бәкір – зерттеуші, тергеуші, яғни ғалым, зерттеуші. Сонымен бірге айт мейрамында өмір есігін ашқан сәбилерге жеке тұрып та, біріккен сөздің құрамында келіп те «айт» деген есімдер қойылған. Айтмұқамбет есімі де арабтың «ғийд» – «айт» деген сөзі мен пайғамбарымыздың атынан біріккен. Тікелей мағынасы «Мұхаммед пайғамбардың айты, мерекесі» деген изафеттік тіркестегі бұл есім – жалпы мұсылман қауымына ортақ, қазақ халқында кең таралған есім. Ақ сөзі – бүкіл түркі тілдеріне ортақ төл сөзіміз. «Ақ» сөзі мен парсының «б ө – б ә к» сөзінің бірігуі арқылы  «Ақ» және «бөпе» есімі жасалған. «Ақ» пен «кенже» сөзі бірігіп Ақкенже есімі жасалған. Ай – түркі халықтарына ортақ сөз. Есімдері «ай» сөзімен байланысты қазақта Айгүл, Айзада, Аймангүл секілді аттарды көптеп келтіруге болады. Ай мен гүл – бірінші түбірі таза түркілік, екінші түбірі – парсы сөзі. Айдың аясындағы гүл.
Ай және зада есімі де екі түбірден тұрады: екінші түбірі – парсы сөзі. Бұл есімнің беретін мағынасы: айдан туған, айдан жаралған. 
Бақыт, Бахтияр, Нағима есімдерінің мағыналары ұқсас. Бахтияр есімінің екінші сыңары – «иар» деген парсы сөзі, мағынасы: «дос, жар». Демек, екі түбірден (бәхт + йар) құралған бұл есімнің беретін мағынасы: бақыт жар болсын, бақ жаныңда жүрсін деген ниетпен қойылады.
Болат Парсының «пулад» деген сөзіне барып тірелетін болат деген сөз бар, синонимі құрыш. «Ең мықты» деген ұғымдағы болат, құрыш сөздері жалпы есім ретінде де, жалқы есім ретінде де бұрыннан қолданылған.
Гүл Парсының «гол» (гүл) сөзі көптеген қызымыздың есімдерінің жасалуына ұйытқы болып тұр. Бабаларымыз емін-еркін өмір сүрген атамекенімізде, кең-байтақ жерімізде алуан түрлі гүлдердің жайқалғаны рас. Сол бір кезеңдерге ой өткелдері арқылы үңілер болсақ, «шешек, бәйшешек» деген сөздерді жиі ұшыратамыз. Ғалымдардың айтуынша, адамның есімі мен оның мінезін және тағдырын байланыстырып тұрған құпия байланыс бар. Анығы – кісінің есіміне оның тағдыры жасырылған. Яғни есімнің құпиясы мен мағынасы адам өмірінде үлкен рөл атқарады. Шариғат заңы бойынша, нәресте туған соң үш күннің ішінде оған азан шақырып, ат қою керек. Сәби есімі үш рет құлағына қайталанады. «Адам есімінде оның тағдыры жасырылған» деген пікірді растау үшін оқымыстылар зерттей келіп, көптеген қорытындыға келген. Соның бірі – мәселен, Қайрат есімді ерлердің көбіне денсаулықтары мықты, белсенді және алаяқтыққа біртабан жақын болса, Рашид есімді жігіттер әр қадамын ұсақ-түйегіне дейін ойластырып, есеппен басатын, қулау, әйелқұмар болып келеді екен. Әділ есімді жігіттер табиғатынан сақ, достыққа адал, тез сүйіп қалғанмен қыдырымпаздыққа жоқ болса, Мұхтарлар алдына қойған мақсатына жетпей тынбайтын, іскерлік қасиеті мол, кез келген тығырықтан шыға алатын жандар болып келеді екен. Серік есімді жігіттер бақытты болып туса, Қуаныштар – өз беттерімен өмір сүруден қатты қорқатын, өмірдің бәрі мәңгілік қуаныш, күлкі, той болса екен деп тұратындар. Сондай-ақ адам есіміндегі әрбір әріптің өзіндік құпия мән-мағынасы бар. Есімдегі әріптердің де өзінше мән-мағынасы бар екен. Мысалы: А-Ә – күш, билік, салтанат; Б – биік сезімге бейімділік, тұрақтылық; В – тұрақсыздық, жүйеліліктің жоқтығы; Г – құпиялылық, болмашыға мән берушілік, тиянақтылық; Д – көпшілдік, ақжарқындық, кінәмшілдік; Е – өмір сүруге бейімділік, сөзге құмарлық; Ж – өзіне деген сенімсіздік, маңыздылық, ішкі сырына беріктік; З – материалдық тұрғыдан қанағаттанбаушылық, жоғары сезімталдық; И – нәзік руханилық, әсерленгіш, бейбітшіл; К-Қ – төзімділік, күйгелектік; Л – артистік, ұсақшылдық, қи­сын, әр нәрсені ойлап табушылық; М – қамқор­шыл­дық, ұялшақтық, еңбексүйгіштік; Н – шығармашылық амбиция, денсаулыққа мән берушілік, алғыр ой; О – ерекше сезімталдық, құпия толғаныс; П – қарапайымдылық, жалғыздық, идеяның молдығы, сыртқы түріне мән беру; Р – өзіне деген сенімділік, үнемі шиыршық ату; С – билікке құмартушылық, кінәмшілдік; Т – идеал іздеушілік, сезімтал шығармашылық тұлға; У – жараланғыш, үркектік, …, интуиция; Ф – жұмсақтық; Х – сексуальдық проблема, заңға бағынғыштық, сезімнің екіұдайлығы; Ш – қызғаншақтық, әзілқойлық; Ы – іспен көрінушілік; Я – өз орнын бағалай білушілік, зиялылық, шығармашылық бейімділік.
Сондай-ақ есімдері түрлі әріптен басталатын ерлі-зайыптылар, бір әріптен басталатын жұбайларға қарағанда бақытты өмір сүреді делінеді. Қандай есім қойылмасын, ата-анаң қалап қойған есімге лайық, солардың сенімін ақтайтын азаматтар мен азаматшалар болу – сіздің басты парызыңыз. 

Нұргүл САБАҚАНОВА