Жөнделмегенге жаза бар
Бұл секторда клиенттер құқығы жиі бұзылады. Тиісінше, биылғы жыл басталғалы сақтандыру компанияларына жалпы сомасы 24 миллион теңге айыппұл салынған. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, 2020 жылдың бірінші жартысында қаржы қызметтерін тұтынушылар құқығын қорғау аясында сақтандыру ұйымдарына қатысты 22 жаза қолданылыпты. Нақтылай кетсек, оларға 15 әкімшілік айыппұл салынған. 6 рет жазбаша ескертпе жасалған. Біреуінің лицензиясы тоқтатылды. Жүргізілген талдау көрсеткендей, сақтандыру компаниялары қылмыстық жолмен табылған табыстарды заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы заңнама талаптарын сақтамайды екен. Егжей-тегжейін жауапты агенттік айтпады. Жалпы, бірінші жартыжылдықта қаржылық реттеуші оларды 24,4 миллион теңге әкімшілік айыппұлмен жазалады. Ең көп айыппұлды «Астықты сақтандыру компаниясы» арқалады: ол 8,3 миллион айып төледі. Бұған қоса, 13 наурызда пруденциалдық нормативтер талабын орындамағаны үшін бұл компанияның лицензиясы 6 айға тоқтатылған. «Салынған айыппұл сомасы бойынша антилидерлер қатарына, сондай-ақ 3,9 миллион теңге айыппұл салынған «Сентрас Иншуранс» және 3,1 миллион теңге «арқалаған» Jýsan Garant кіріп отыр. Активтерінің көлемі жөнінен еліміздің ең ірі бестігіне кіретін сақтандыру компаниясы арасында «Халық» сақтандыру компаниясы» АҚ (1,1 млн теңге) және KazakhExport экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ (1,7 млн теңге) секілді ұйымдар айыппұл түрінде жаза тартты», – дейді Finprom сарапшылары. Бұдан бөлек, осындай әкімшілік жауапкершілік санкциясы биыл «ТрансОйл» (2,2 млн), «Интертич» (2 млн), «АСКО» (855,6 мың), «НСК» (777,8 мың) және «Еуразия» сақтандыру ұйымдарына қолданылды.Триллиондық межені бағындырды
Қазіргі кезде елімізде 28 сақтандырушы компания ғана бар. Оның ішінде тек 9-ы адам өмірін (мысалы, коронавирустан) сақтандырумен айналысады. Сақтандыру агенттерінің жалпы саны 10 мыңнан асады. Сарапшылар Қазақстанда сақтандыру нарығы жылдам қарқынмен өсіп келе жатқанын айтады. Кейінгі 5 жылда олардың жалпы активінің көлемі жыл сайын орта есеппен 16,5%-ға артып отырды. Бүгінде сақтандырушылардың ауқат-активі 1,5 триллион теңгеге жуықтады. Бұл былтырғыдан 23,2%-ға көп. Салыстыру үшін айтсақ, 2015 жылы олардың жалпы активті небәрі 651,9 миллиард теңге ғана болған. 2016 жылы нарық 30 пайызға немесе 847,5 миллиард теңгеге дейін өсті. Содан бері тек өрлеуде: 2017 жылы – 894,1 млрд, 2018 жылы – 993,2 млрд, 2019 жылы 1 триллион 120 миллиард теңгені құрады. Ал коронавирус пандемиясы кезеңінде шамамен төрттен бірге бірден ұлғайды. Әрине, бұл шегі емес: қазіргі заманда әлемде апаттар, түрлі тәуекелдер және кесірлер саны артуда, олар қордалана келе адамзатты айтарлықтай экономикалық шығынға батырады. Сондықтан қазақстандық қоғам да сақтандыруды табиғи апаттардың, эпидемияның, өнеркәсіптік апаттардың экономикалық салдарын азайту үшін пайдалана бастады. Сол арқылы адамдар өзі және отбасы мүддесін қамтамасыз етуге тырысады.Жабайы күйден қазіргі қалыпқа
Қазақстанда сақтандырушылар қаптап кеткен кез де болды. «Өткен ғасыр соңында бұл нарық бізде жабайы сипат алды. Алғашқы сақтандыру фирмалары 1990 жылы пайда болды: бастапқыда олар кооперативтер мен серіктестіктер нысанында құрылды. Заңсыз табылған қаражатты «тазартумен» айналысқаны да табылған. Кейін нарық өркениетті сипатқа келгеннен кейін көбі акционерлік қоғамға айналып, ашық, жария жұмыс істеуге көшті. Бұл батыс елдері стандартына сәйкес келеді», – дейді экономика ғылымдарының докторы Кеңес Райымов. Мысалы, 1993 жылы сақтандыру ұйымдарының саны 900-ге жеткен. Осы жылы ел тарихында тұңғыш рет «Сақтандыру туралы» заң қабылданып, саланың заманауи дамуының негізі қаланды. Сонда нарықтағы ойыншылардың атауында «сақтандыру» сөзі болғанымен, шынында біразы күмәнді басқа істермен шұғылданатыны анықталды. Қаржыгер ғалым А.Шатанованың мәліметінше, сонда жаңа заң талаптарын тек 13 сақтандыру компаниясы ғана орындай алған. Ізінше тағы бір тобы талапқа сай деңгейге көтеріле алды. «Сол жылы 38 компанияның бастамасымен Қазақстанның сақтандырушылар одағы құрылды. 1994-1998 жылдар аралығында салаға қатысты заңнама жетілдірілді. Мысалы, Еуропа елдерінің үлгісінде автокөлігі бар барлық қазақстандық өзінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыруға, қарапайым тілмен айтқанда, автополис сатып алуға міндеттелді. Республиканың сақтандыру нарығын дамытудың бірінші тұжырымдамасы қабылданды. Сақтандыру компаниялары жарғылық капиталын 40 мың АЕК-ке немесе шамамен 20 миллион теңгеге жеткізуі тиіс болды. Ол кезде нарық ойыншыларының саны 150-ге дейін жететін. Ал 1998 жылға қарай тек 72 сақтандыру компаниясы қалды», – дейді сарапшы. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бұл нарықты біраз уақыт қаржылық реттеу агенттігі реттеп келді. 1998 жылғы 30 маусымда Тұңғыш Президенттің Жарлығымен бұл сала Ұлттық банк құзырына берілді. Содан бастап 2004 жылға дейін талаптар қатайтылды, жаңа пруденциалды нормативтер мен міндеттемелер енгізілді. Оған лайықты бола алмаған ойыншылар лицензиясынан айырылды. Нәтижесінде, тіркелген СК-лар саны 34-ке дейін қысқарды. Ал нарықтың қаржылық жағдайы одан бетер жақсара түсті. Әлгінде айтылғандай, бүгінде елімізде тек 28 СК ғана қалды. Көбін бәсекелесі жұтты, енді бірі тарауға мәжбүр болды. Негізінен, ірі ойыншылар қалды. Яғни, сала бірте-бірте монополияланып келеді.Дилетанттар жайлаған нарық
Әйткенмен, салада көптеген проблема сақталуда. Оны кемеліне келген деп бағалауға болмайды. Мысалы, сақтандыру компанияларының төл капиталы жеткіліксіз, бұл оларды әртүрлі тәсілмен өз клиенттеріне сақтандыру төлемін төлемеуге немесе лайықты мөлшерден әлдеқайда аз төлеуге итермелейді. Бұған қоса, мамандардың айтуынша, отандық сақтандыру ұйымдары ірі тәуекелдерді 90%-ына дейін резидент емес компанияларда қайта сақтандыруға мәжбүр. Басқаша айтқанда, алдына келген ірі клиент-кәсіпорыннан айырылып қалмау үшін отандық фирма оны аса ірі сомаға сақтандырады алайда көтере алмас шоқпарды белге ілгенін түсініп, одан әрі өзі шетелдік ірі сақтандыру ұйымдары қызметіне жүгінеді. Салдарынан әлгі кәсіпорын төлеген сақтандыру жарнасы елден сыртқа кетеді, ал қазақстандық ұйымға тек делдал ретінде комиссиясы қалады. Сақтандырушылардың осы қулығын білетін меморгандар, ұлттық компаниялар мен холдингтер, сондай-ақ мұнай-газ, тау-кен металлургиясы алпауыттары, тіпті ірі кәсіпкерлер отандық нарықты айналып өтіп, Ресей, Швейцария, АҚШ немесе Еуроодақ сақтандырушыларына тікелей жүгінеді. Қазақстанда сақтандыру нарығына қызмет көрсететін арнайы инфрақұрылым дамуда кенжелеп қалды. Ұлттық қайта сақтандыру жүйесінің жетілмегені нарықтың өркен жаюына кедергі келтіруде. Бұдан бөлек, тіпті апаттық комиссарлар, сюрвейерлер секілді дамыған сақтандыру нарығының міндетті ойыншылары тек жақында пайда болды. Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының сақтандыру және қор нарығымен байланыс бойынша басқарушы директоры Ерлан Бурабаевтың айтуынша, 2019 жылы жан басына шаққандағы сақтандыру төлемдері (сыйақылары) Қазақстанда 61-ден 54 долларға дейін төмендеген. Бұл ретте сақтандыру сыйақыларының ЖІӨ-ге шаққандағы үлесі 0,65%-ға дейін азайды. Ал дамыған елдерде керісінше, сақтандыру төлемінің жалпы ішкі өнімге шаққандағы үлесі жоғары болып келеді. Мысалы, АҚШ, Ұлыбритания және Жапонияда бұл көрсеткіш 8%-дан асады. Бүкіл әлемді сақтандырып отырған Швейцарияда – 7,5%, Германия мен Нидерландыда – ЖІӨ-нің 6%-ына тең. Біз ұмтылып отырған дамыған елдерде халық әлдеқалай жағдай туа қалса, сақтандыру компаниясынан жақсы төлемақы алып, шығынын жабатынын, ауқатты өмірін жалғастыратынын біледі. Сондықтан өмірінің әр қырын сақтандыруға бұқара мен бизнестің өзі ынталы. Қазақстанда болса, сақтандырушылар қысқа мерзімде тез пайда табу және клиентке төлем төлемеу үшін әртүрлі заңгерлік, бухгалтерлік қулықтарды пайдаланады. Бұл жерде олардың көбі ұзақмерзімді стратегиясына, яғни бедел-репутациясын сақтау жайына бас қатырмайды. Тіпті, ірілеу СК-лардың лицензиясының тоқтатылуы осыған дәлел. Сақтандырушылар клиентке келген шығынды толық көлемде мойындамай, онымен дауласып, соттасып жатқан жайттар көбейді. Мәселен, кез келген адам ипотека, басқа да қомақты кредит алғанда банк оның өз өмірін сақтандыруды талап етеді. Өркениетті елдерде егер борышкердің өміріне нұқсан келіп, ол өмірден өтсе, сақтандыру төлемі қарызын толық жабады. Адам өзін-өзі өлтіргені анықталса ғана төлем берілмейді. Қазақстанда сақтандыру ұйымдарының сараңдығы кесірінен қарыз алушы дүние салса, оның үлкен берешегі «мұрты бұзылмаған күйі» мұрагеріне, артында аңырап қалған жас балаларына, тіпті туыс-туғанына көшеді. Осыдан кейін халық сақтандырудан теріс айналмағанда қайтеді.Айхан ШӘРІП