Қиналған жандарға пана болдық – Анна Рыль
Қиналған жандарға пана болдық – Анна Рыль
351
оқылды
– Анна, екі бірдей орталықты құру идеясы сізге қалай келді? Әлде, анаңыз жәрдем берді ме? – Жалпы, дағдарыс орталығын құру жоспарын анам екеуміз бірге бастадық. Осы күнге жету үшін отбасымызбен біраз қиындықты бастан көшуге тура келді. Әу баста анам полицияда қызмет етті. Оның ішінде нашақорлыққа тәуелді, бұзық балалардың тағдырымен айналысқан еді. Баланың теріс жолға түсуі, бұзақылыққа баруы­ның себебі анамды жиі мазалайтын. Зейнеткерлікке шығып, еңбек демалысына кеткеннен кейін де, бұл істен бас тарта алмады. Тыным көрген жоқ. Отырған жерінде осы салада жұмыс істегісі келетінін жиі айтатын. Сонда анама: «Оған не кедергі? Өзіміз-ақ қоғамдық қор құрып алмаймыз ба?» деп айт­қаным бар. Сөйтіп, анам екеуміз алғаш балалардың құқығын қор­­ғай­тын «Құқық» қоғамдық қорын аштық. Бұзық, тәртіпке бағын­байтын, қиын мінезді бала­лардың тәртібін қарайтын, кем-кетігін анықтайтын орталық бол­ды. Оған қажетті кеңсе сатып алу үшін астанадағы пәтерімізді саттық. Одан бері 15 жыл өтіпті. Былтыр ғана сол кеңсені сатып, қалған 17 филиалдың арендасы мен қызметкерлердің жалақысын төледік. Менің мамандығым – бух­галтер, аудитор. Ол кезде Алматыда жұмыс істейтін едім. Арада 2 жыл өткенде, анам «маған есепші ке­рек» деп, жанына шақыртып алды. Анамның жалғыз өзі үл­гере алмай жатқанын көріп, жұ­мыстан кетіп, елордаға көшіп келдім. Әуелде қордағы жұмыс волонтерлік ретінде басталған. Қордағы қыз-жігіттер ақы алмады. Олардың көбінің алғашқы жа­ла­қысы 7 мың теңге болды. Онда да Ақпарат министрлігінің жастармен жұмыс істеу бағыты бойынша грантын жеңіп, 300 мың теңге алдық. Осындай түр­лі грант­тарға тапсырып, ша­ралар ұйымдастырып, ұйым­дас­тырушылық жұмыстарды жүр­гізіп жүрдім. 2009 жылы бала­лардың ғана емес, олардың ата-ана­ларының да жағдайы ауыр екенін, әсіресе жағдайы төмен отбасылардың құжаттарының реттелмеуі, қыз-келіншектердің күйеуінен опық жеуі сияқты мә­селелердің көптігін байқадық. Қалаға бір дағдарыс орталығы керегін түсіндім. Содан бастап тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген қыз-келіншектердің тағ­дырына бейжай қарамау керек екенін ұқтым. Сонымен қатар адам саудасы мәселесі де ушығып тұрған уақыт еді. Мұның бәрі жаңа орталықтың құрылуына себеп болды. Ол үшін паналайтын жер қажет болатын. Сол үшін қаладағы ескі жер үйімізді паналадық. Жалдаушы ретінде ақы төлемеген соң, өз қалтамыздан жөндеу жұ­мыстарын жасадық. Қазір баспана ұлғайтылып, ер адамдарға арналған бөлімі ашылды. Адам саудасымен айналысу бойынша жұмыс істеп жүргендіктен бізге 5 жылдай Әділет министрлігі қолдау көрсетіп келді. – Дағдарыс орталығының ат­қаратын функциясы қандай? – Біздің дағдарыс орталығы адам саудасына түскендер мен астана аумағы бойынша зәбір көрген қыз-келіншектерге көмек­теседі. Ал қала ішіндегі зорлық-зомбылық көрушілер негізі мем­лекеттің қарамағындағы «Үміт» орталығына орналасады. Жолдасынан зәбір көріп, барар жер, басар тауы қалмағандар біздің орталықты паналайды. Көп қыз-келіншектер тығырыққа тіреліп, не істерін білмей, шығар жолды таппаған тұста дағдарыс орталығын іздейтіні белгілі. Сон­дай қиындықпен кеңсемізге кел­ген келіншектерге психолог-заңгерлермен сөйлесіп, өмірін қалыпқа келтіруіне көмектесеміз. Кей адамға жылы сөз де жетіс­пейді. Сондай кезде сөзбен деме­сеңіз жетіп жатыр. Карантин кезінде 25 орынды орталығымыз 60 адамға толып кетті. Бұл каран­тиннің алғашқы кезеңі еді. Ха­барласушылар тіптен көбейіп кетті. Бұрын айына бес адамнан орналастырсақ, карантин кезінде 12 адамнан паналаттық. Осыған қарап-ақ халықтың карантинге дайын емесін байқауға болады.  

Ерлі-зайыптылар «оңаша» қалуға дайын болған жоқ

– Отбасылық жанжалдың, зор­лық-зомбылықтың көбеюіне карантиннің де әсері аз болмаған секілді. Қалай ойлайсыз? – Карантин кезінде отбасылар үйлерінде оңаша қалып қойды. Жұмыс уақытша тоқтады. Осы кезде жанжал көбейді. Ұрыс-керіс жиі туындай бастады. Дағдарыс орталығына хабарласатындардың саны артты. Шын мәнінде, мұның басты себебі – карантин емес. Ол тек іштегі «бітеу» жараны қозғаған секілді. Сол себепті де ұрыс-керіс көбейді. Ерлі-зайыптылар мұндай «оңашалыққа» дайын емес еді. Әсіресе, ер-азаматтар көп уақытын баламен өткізуге, жұ­мыссыз қалуға, үйде отыруға дайын болмады. Мысалы, 4-тоқ­санға дейін аналар балаларға саба­ғын оқытып, тапсырмаларын орындап, көп уақытын балаға бөлетін. Ал карантин кезінде бар­лығы үйде болды. Көзі ашық, ерлі-зайыптының екеуі де жұмыс істейтін, қызметтері де жақсы отбасылардың өзінде «дағдарыс» байқалды. Көбіне ашуланатындар әйел заты емес, ер адамдар еді. Олардың ұйып отырған отбасын сақтаудың орнына әйеліне шүй­ліккені таңдандырды. Карантин ашылысымен адамның келуі де азайды. Өйткені бір бөлігі жұ­мысқа шықса, енді бірі ағайын-туы­сына барып, жақындарымен араласа бастады. Сөйтіп, үйдегі кикілжің басылды. Біз де кеңінен тыныстап қалдық. Бірақ қазір жағдайы төмен отбасылар көп хабарласады. Олар үшін жаз мез­гілі – құрылыс-құрылымдарда, жөндеу жұмыстарында, демалыс орындарында жұмыс істеп, қысқа қамданатын кез. Биыл оған мүм­кіндік болмады. Екіншіден, тұр­мысы төмен отбасылардың ба­сым бөлігі араққа әуес. Ондайда от­басына деген жауапкершілік азайып, балалары қараусыз қалады. Олар орталыққа орналастыруды мақсат тұтпайды, керісінше азық-түлік пен киім-кешек сұрайды. Сондықтан бұл тараптан Үкіметтің беріп отырған көмегі өте орынды. Себебі отбасылық кикілжің жоқ­шылықтан туындайды. – Тұрмыстық зорлық-зом­бы­лықтың көбеюіне не түрткі болады? Зерттеп көрдіңіз бе? – Әдетте тұрмыстық зом­бы­лықтың негізгі критерийі туралы айтқанда, ер-азаматтарға көбірек кінә артып жатамыз. Ұл баламен кішкентай кезінен ер-азаматпен сөйлескендей, тең дәрежеде сөй­лескен абзал. Ол кішкентай кезінен өзіне жауапкершілік жүктелетінін сезіп өскені дұрыс. Ұл бала өз-өзіне сенімді, өзін-өзі қамтамасыз ете алатындай азамат болып өсуі керек. Өкінішке қарай, бізде ұл баланы тәрбиелеуде екі кемшілікке жол беріп аламыз. Біріншіден, шектен тыс еркіндік. Оны көп жазалай бермейміз. Оған талап қойылмайды, міндет жүктелмейді. Егер ол өзіне міндет алмаса, қажетті жүктемелерді орындамаса, іс-әрекетін ешкіммен ақылдаспаса, ол ертең ержеткен кезде де өзі шешім шығара алмайтын болып қалады. Қарапайым ғана мысал: егер 40-қа келген ер-азамат үйіндегі жиһазын да өзі ауыстыра алмай, анасынан барып сұраса, ол – үлкен трагедия. Ол өзі шешім шығара алмайды деген сөз. Осы бала кезде жіберілген қателік – еркектің ер-азамат ретіндегі рөлін төмендетіп жібереді. Екіншіден, елдегі егде азаматтардың тағдыры мүлдем бөлек болды. Олар көптеген қиындықтарды бастан кешірді. Нарық экономикасы белең алған тұста, ауыртпалықтар болды. Қайта құруды бастан өткерді. Сол себепті өздері көрген қиындықты жастар сезінбесе екен деп өбектеп өсіреді. Өбектеп өскен бала 40-қа келсе де, өзі шешім шығара алмайтын ынжық болып өседі. Сондай сәтте оған өзі басқара алатын «әлсіз» адам керек болады. Ол кім? От­басы, әйелі, бала-шағасы. Ол билікті қол көтеру арқылы, ұрып-соғу арқылы басқарамын деп ойлайды. – Осы орайда, балалардың да зәбір көруі күшейе түсті. Әрине, тәнді емдеуге болады, бірақ жан­ды емдеу мүмкін бе? Мұндай бала­лардың ертеңі не болмақ? – Қазір мектеп жабық, лагерь мен оқу-ағарту орталықтарының істемеуі – балалардың еркінсіп кетуіне әкелді. «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық» оларды есіртіп жіберді. Осы тұста не өршиді? Балаға зәбір көрсету көбейеді. Балаларды озбыр әкеден, кейбір ананың қиянатынан қорғап қалу қиын. Себебі балалар белгілі бір уақытқа дейін ондай жағдайға мән бермейді. Оның үстіне үлкендер өздерінің көрсеткен зәбірін «тіл алмағандықтан жазаланды» деп сендіреді. Қандай жасөспірім болмасын, жаза мен зорлықтың екі бөлек дүние екенін түсінуі керек. Сабақтан қашқаны үшін балаға теледидар көрсетпеу, телефонын бермеу – жаза. Ал баланың қа­лауынсыз күштеу не болмаса ұрып-соғу, жыныстық қатынасқа итермелеу – зорлық көрсету. Мысалы, екі баласы бар әйел қайтадан тұрмысқа шығып, от­басылы болады. Бірақ өгей әке әлгі екі баласын жақтырмағаны соншалық, оларға дұрыс қара­майды. Олар дастарқанға бірге отырып тамақтанбайды, жаңа киім сатып әпермейді, үй тірлігін істеп, бала қараумен күні өтеді. Қателік жіберсе, аяусыз жазаланады. Жа­залағаны соншалық, от жанып тұрған пешке баланың қолын ба­сып тұрып алған. Міне, осындай жағ­даймен біздің орталыққа түс­кендер бар. Баланы көкала етіп са­баған, қолы сынған, үсті-басы жарадан көрінбейді. Ол кезде үл­кені әскерге кетіп қал­ған, бізге түскені – екіншісі. Оның қан­дай күй кешкенін, не болғанын пси­хологіміз біліп, әжесімен бірігіп, баланы қорғау үшін сотқа жүгіндік. Нәтижесінде, әке-шешесін 6 айға дейін ата-аналық құқығынан шектеп, баланы әже­сіне тапсырдық. Бар-жоғы 11 жастағы бала сотта ата-анасына жібермеуін өтінді. Өкінішке қарай, әкесіне байланысты іс тоқтатылды. Меніңше, оны жазалау керек. Жалпы, баласына зәбір көрсетіп, қинағаны дәлелді болған әрбір ата-ананы құқығынан айыру қажет. Біздің елде ішімдікке салынған не болмаса психологиялық ауытқуы бар ата-ана ғана құқығынан айырылады.  

Тұрмыстық кикілжіңнің соңы «дағдарысқа» апарады

– Ал қыз-келіншектерге бұл жағ­дай қаншалықты ауыр тиеді? – Әрине, кез келген адам басы­нан өткерген зорлық-зомбы­лықты ұмытпайды. Ол оның жа­дында мәңгі қалады. Мысалы, «ба­лалығыңыз қай кезден есі­ңізде?» десем, «екі-үш жас» деп шама­лайды. Ал қатты қиналған кезін, ауыр тиген сәтін сұрасаң, ойланбастан бірден жауап береді. Бұл жердегі мәселе – кімнің қалай қа­былдауына байланысты. Бірі – кек сақтамай жібере салса, енді бірінің жан жарасы өмірлік жарасына айналады. Ол оның әрі қарай өмір сүруіне кедергі келтіреді. Мәселен, кейбір аналар баласын ұрып-соғып алады да, артынан уатып, ұрғаны үшін өзі жылап жатады. Саналы түрде неге олай істегенін ол түсінбеуі де мүмкін. Ішкі түйсігі осыны қалап, одан ләззат алуы ықтимал. Бұл жерде әйелдің бала кезінде анасынан таяқ жегені сезіліп тұрады. Не болмаса ер адамның әйеліне, не баласына қол көтеруі – балалықтағы зәбір көруі. Сондықтан әрбір жағдайды жіліктеп қарап, ақ-қарасын ажы­ратуға уақыт қажет. – Отбасындағы зорлық-зом­былық жағдайы десек, көз алды­мызға қаныпезер еркектің әйеліне күш көрсетуі елестейді. Одан да басқа тұрмыстық қиындықтар бола ма? – Біздің елдегі тағы бір мәселе – ене мен келіннің қарым-қа­тынасы. Көп анаға баласының таңдауы ұнамай жатады. Онда да «қайбір келін енеге жағады. Бітті, ұлың соның етегінде кетті» деген қатып қалған көзқарас бар. Ал келін болса, «бастысы енеге жағуың керек» дегенмен жүреді. Мәселен, келін боп түскеніне 10-15 жыл өтсе де, 3-4 баласы болса да енелері қабылдамай жататындар бар. Алда-жалда олардың отбасына ағайын-туғаны, қайын жұрты араласа кетсе, ажырасуға дейін барады. Онсыз да күйеуі анасымен көріскен күні түлен түртіп, өзгеріп шыға келеді. Себебі кез келген бала ата-анасының жамандық ойламайтынын біледі. Бірақ еркектің жағдайға объективті қарай алмауынан отбасында айқай-шу шығып, ерлі-зайыптының арасы ажырай түседі. «Кетсе кете берсін, басқасын аламыз» де­ген туыстардың сөзінен талай отба­сының шайқалғанын көзіміз көрді. Кейбірі баласын керек қылмай, шешесімен жіберсе, енді бірі – баланы өздеріне алып қалып, шешесімен кездестірмейді. Міне, осындай тенденция пайда болды. – Қазір орталықта қанша әйел, қанша бала бар? Олар мұнда қанша уақыт болады? Белгілі бір шектеулер қойыла ма? – Біздің дағдарыс орталығында қазір орын жоқ деп айтуға болады. Мәселен, Ақмола облысында 4 әйел, 8 бала бар. Қарағанды облы­сында ана мен бала саны – 17. Нұр-Сұлтан қаласында жалпы саны – 12, яғни 5 әйел, 7 бала. Олар орталықта 1 айдан бастап, жарты жылға дейін болуына мүмкіндік бар. – «Қорғау-Астананың» аймақ­тарда филиалдары бар ма? – Бүкіл Қазақстан бойынша 17 орталық болған. Оның бесеуі ғана тұрақты жұмыс істеп тұр. Мұның бәрі қаржы-қаражатқа тіреледі. Нұр-Сұлтан қаласы, Қарағанды, Павлодар, Атырау, Көкшетау облыстарынан бөлек, өзге өңірлердегі орталықтарды жандандыру ойымызда бар. Ақша жетіспеушілігінің бір се­бебі, дағдарыс орталығы деге­німіз – балалар үйі немесе мүм­­кіндігі шектеулі жандарды қор­­ғай­тын орталық емес. Біздікі – реабилитациялық орталық. Біз «қиналған» адамдарға қол ұшын созамыз. Шын мәнінде, отбасы татуласып, шаңырағын қайта қа­лыпқа келтіруі мүмкін. Бір кездері олардың арасында ерекше сезім болды. Сол бір сәулелі сәттерді еске түсіріп, шаңырақты ортасына түсірмей, сақтап қалуға тырысады. Отбасылық жанжалға не себеп болады? Яғни, ерлі-зайыптының арасында көзге көрінбейтін бір жіп болады. Сол жіп үзілмей қалса, олар бейбіт өмірге қайта келе алады. Ал зорлық-зомбылық көрсететіндердің негізгі бөлігі – отбасылық билікке таласу. – Осы орталықтарды ұстау үшін қаржыны қайдан алып отырсыздар? Үкімет тарапынан қандай да бір көмек бар ма? – Шыны керек, мемлекет бізді толығымен қамтамасыз ет­пейді. Жылына 11-12 миллион тең­геге жуық ақша түседі. Біреуге көп көрінгенімен, көбіне жет­пей жатады. Кем дегенде 7-8 қызметкерге жалақы төлейсіз, 17 филиалдың жалға төлеуі бар, паналаушылардың тамағы мен киімі бар. Осының бәріне ақша жетпей жатады. Көбіне өз күшімізбен шешуге тырысамыз. Осымен айналыса бастағанымда ақша тауып, жағдай жасауды діттеген жоқпын. Маған дүние-мүліктен гөрі, орталық пен бізді паналайтын жандар қымбат. 8 наурыз қыз-келіншектердің мере­кесінде арнайы құттық­тау хатын алғанмын. Сонда орта­лықтарымызға қажетті қолдау көрсету тапсырылатыны айтылған еді. Содан бері 5 ай өтті, ештеңе өзгермеді. Бізде әр қалада бір орталықтан бар. Бұл бізге аздық етеді. Дағдарыс орталығының ұлғайғаны жұмыс орнын көбейте түседі емес пе?! Оған жұмыссыз қалып, баспана таба алмай жүр­гендерді орналастыруға болады. Бәрі әкімдіктің атсалысуымен шешілетін дүние ғой. Әйтпесе, шетелде кішкентай қаланың өзінде 3-4 орталықтан бар. Ол қауқарсыз, жәрдемсіз, жалғыз қалған жандарға жанашыр болу үшін қажет. Сонда ғана қоғамда әлсіздерге күш көрсету, зәбір көргендер саны азая түсер еді. – Сұхбатыңызға рақмет!  

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС, Анар ҚОНЫС