Өрт жиі шығатын болды
Мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы – 30058,1 мың гектар. Яғни, республика аумағының 11 пайызын алып жатыр. Алайда жыл сайын орман өртінен осынау тоғайларымыз зардап шегіп келеді. Бір ғана Шығыс Қазақстанда облысында жыл басынан бері жалпы аумағы 4560,74 гектарды алатын 192 орман өрті тіркелген. Соның ішінде ең ірісі – Бесқарағай ауданындағы «Семей орманы» резерватындағы жағдай. Салдарынан 3 500 гектар орман өртенген. Облыстағы мұндай жағдайлардың 90 пайызы найзағай түскеннен болған. Қалғаны – адамдардың отқа абай болмағанынан. 2019 жылы 499 оқиға тіркелсе, биыл 559-ға көбейген. Орман өртін шағын аумақтарда анықтап, дер кезінде сөндіру үшін «Қазавиаорманқорғау» РМҚК күшімен еліміздің 8 облысында 8 млн 869 мң гектар алқапта авиациямен қарауылдау жұмыстары жүргізіледі. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бас сарапшысы Серік Айдабосынның айтуынша, орман қорын ғарыш кеңістігінен бақылап отырғанның пайдасы тиіп жатыр. «Бұрын кей мекемелер жауапкершіліктен қашып орман өртін жасыратын. Ал қазір мониторинг жасалатындықтан, қанша аумақты қамтығанын, қай жерде не болып жатқанын біліп отырамыз. Сонымен бірге заңсыз кесілген ағаштарды да бақылаймыз».Аумақты сақтайтын ақылды камера
Қазақстанда «Семей орманы» резерваты орман өртін анықтау ақпараттық жүйесіне қосылған. Ол Дүниежүзілік банк қаражатымен іске асырылыпты. Жұмыс істеу принципі мынадай: мұнараларға ақылды камералар орнатылған. Түтін шықса болды, дереу анықтап, қашықтығын, координаттарын көрсетеді. Мұның үлкен пайдасы өртті уақытында сөндіруге көмектеседі. Себебі неғұрлым ерте хабарланса, соғұрлым ертерек қимылдап, көбірек аумақты аман алып қалуға болады. Жауапты комитетке хабарласқанымызда, алдын алу және орман өртін азайту шараларына баса мән беріліп отырғанын айтты. Яғни, өрт маусымы басталмай жатып өрт техникалары мен құралдарын дайындап, жанармай қорын бекітіп, оқу-жаттығу, үгіт-насихат жұмыстары жүргізіледі екен. Ал сәуірден бастап күнделікті рейд жасалады. Өрт салдарын жеңілдету үшін орман бойына трактормен минералданған жолақтар салынып, жер жыртылады. Осының арқасында сырттан келген өрт өтіп кетпейді.Себептерін сараласақ..
Әдетте көктемде шаруа қожалықтарының да, қарапайым тұрғындардың да ескі шөпті өртейтіні бар. Ондағысы орнына жаңа шөп шықсын дегені. Бақылаусыз жанатын от орман қорына өтіп кетуі мүмкін. Бірақ бұл ретте мынаны ескеру қажет: көзге көрініп, жаңа шөп шыққанымен, ол жердегі топырақтағы микрофлоралар өледі. Сонымен бірге уақыт өте келе топырақ эрозиясына алып келіп, ақыры қасиетін жоғалтуы мүмкін. Одан бөлек, орман пайдаланушылардың кесірінен де өрт оқиғалары тіркеледі. Кейде өрттің себебі белгісіз болады. Яғни, өрт сөндіруге барғанда айналасында ешкім жоқ болуы мүмкін. Негізінен, оттың үш түрі бар: жоғарғы, төменгі және жер астындағы. Алғашқысынан төнетін қауіп жоғары. Себебі ағаштың үстімен жанып, жылдам таралады. Зілзалалардың қауіп-қатерін азайту және азаматтық қорғау саласындағы бақылау басқармасы бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Алтай Мырзабаев табиғи өрттің себептерін тізбелеп берді. «Бұл жерде бірнеше себеп бар. Атап айтқанда, сөндірілмеген темекі, от, жанып жатқан сіріңке, атудан кейін бықсыған шаң, майлы шүберек немесе шүберек, шыны бөтелке, күн сәулесінің сынуы, көлік құралының сөндіргішінен шыққан ұшқын, құрғақ ескі шөпті жағу, найзағай разрядтарынан өрт пайда болады. Елімізде ШҚО 34% (190) мен Павлодар облыстарында 19% (106) орман өрті көп тіркелген. Бұдан мемлекетке материалдық шығын, табиғатқа қайта түзелмейтін залал келеді». Жоғарыда айтқан «Семей орманындағы» өрттің шығыны – 1,8 млрд теңге.Өзге елдер қалай күреседі?
Орман өрті бүгінде ғаламдық проблемаға айналып отыр. Мысалы, Ресейде жыл сайын миллиондаған гектар жер өртенеді. Орман аумағы өте үлкен елдер, тіпті кей жерлерді сөндіруге де тырыспайды. Өйткені экономикалық тұрғыдан оларға сол жаққа барып, техника апарып, сөндіру тиімсіз. Тек қауіп жоғары болған жағдайда сөндіреді. Бұл мәселені жақсы шешкен ел ретінде Финляндия жиі аталады. Бұрын ол жақта орман жиі өртенетін. Бірақ қазір шаруашылық қызметі өзгеріп, өрт көлемі мыңдаған есе азайған. Шаруашылық ормандарын адамдар пайдаланғанда барынша өртті болдырмайтындай етіп өсіреді деседі. Дегенмен зерттеулер нәтижесінде өрттің азаюы бұл шаралардың арқасында емес, бақылау жүйесін ыңғайлы етіп жасағаннан болғаны анықталыпты. Яғни, жер мен орманды пайдаланған кезде отты қолдануға тыйым салғаны оң нәтиже берген деседі. Түйін:Адамның абайсыздығынан болатын өртті азайту адамның ғана қолында. Ал табиғи факторға әсер ету әсте оңай емес. Аустралиядағы ахуалдың зардабы көпшіліктің көз алдында: миллиондаған гектар жер, жан-жануар, адамға залалы тиді. Оны тез сөндіру үшін өрт сөндірушілер санының аз-көп болуы маңызды болмады. Тек ауа райының өзгергені күтілді. Байқасақ, барлық жағдай бір-бірімен тығыз байланысты. Бүгінде климат өзгеріп жатқаны жайлы жиі жазылып жүр. Дабыл қағып, ауыр салдарының алдын алу шараларына да шақырып жатқандар аз емес. Ал сол климаттың өзгергеніне қуаңшылық пен құрғақшылық орнайды. Өз кезегінде бұл факторлар орман өртін тудырады. Табиғи «өкпе» саналатын жасыл желектің өртенгені ешкімге пайдалы емес. Өйткені жан-жануар, адам өміріне қауіп төндіргенімен қоймай, одан шығатын күйенің желмен сонау Арктиканың мұз бен қарына қонып, ерітеді екен. «Табиғат – ортақ анамыз» деген осы болса керек.
Жадыра АҚҚАЙЫР