Іргеміз толған қоқыс алаңы
Іргеміз толған қоқыс алаңы
675
оқылды
 

«Кәдеге жарамайтын» қоқыс

Экология, геология және ми­не­ралды ресурстар министрлігі «Қа­зақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясымен бірлесіп, қоқыс тасталатын жерлерге ға­рыш­тан зондтау жүргізіп оты­р­ады. Ғарыштық бақылау гео­порталы 2018 жылдан бері жұ­мыс істейді. Мәселен, спутник су­реттері арқылы 2019 жылы заң­сыз қоқыс жиналған 9 628 ны­сан, 50 шақырым радиустағы ірі қалалардың айналасында 7,5 мың­нан астам стихиялық қоқыстар бары анықталды. Әзірге оның 1 303 нысаны ғана жойылыпты. Бұл бар болғаны 14 пайыздық көрсеткіш. 2018 жылы Қазақстанда рұқсат етілмеген полигондар саны 8 мың 600 болса, ал өткен жылдың басындағы есеп бойынша 9 мың 200-ге жеткен.  Ал сол он мыңға  жуық қоқыс орындарының тек 2 мың 700-і ғана жойылған. Осыдан-ақ біздегі қоқысты кәдеге жарату көрсеткішінің қандай деңгейде екенін аңғару қиын емес.  Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында қо­қыс өңдеу біршама жолға қо­йылған, қондырғылары бар де­сек те, олардың өзі қоқыстың тек 10 пайызын ғана сұрыптайды. Ал өңірлердегі ахуал көңіл көншіт­пейді. Мәселен, Ақтөбе және Ақмола облыстарында кәдеге жара­ту үлесі 3-ақ пайыз.  Дамы­ған елдерде қоқыс 90 пайыз өң­деледі, 2 пайызы ғана жерге кө­міледі. Ал бізде керісінше екенін жоғарыдағы көрсеткіштен аңға­руға болады. Негізінен, қағаз, пластик, полиэтилен ғана іріктеліп алынады. Қалғаны сығымдалып, жерге көміледі. Елімізде қоқысты жоюдың негізгі екі жолы бар. Біріншісі бактериямен шірітіп тыңайтқышқа айналдыру. Оның өзі бірден шірімей ұзақ уақыт бойы жататынын ескеру қажет. Екіншісі – өртеу. Экологтар екінші әдіске күрделі қондырғы, сонымен қатар отын да көп керек екенін айтады. Оған қоса, ауаға да зиянды заттар бөлетін көрінеді. Ол жағын да қаперге алған дұрыс болар.  Қоқысты қайта өңдеу технологиясын жандандыруда қоғамдық ұйымдардың белсенділігі қажет секілді. Мысалы, «Байтақ –Болашақ» экологиялық альянсы медициналық қалдықтарды қайта өңдеу үшін 20 зауытқа инвесторлар тапқан.  

Әкімдіктер қимылсыз отыр

Жаз мезгілінде ерекше қор­ғаудағы аймақтар мен демалыс орындарына келушілер тау болып үйілген қоқыс тастап кетеді. Ма­мандар бұл мәселені шешудің екі-ақ жолын айтады, айыппұл салу және осындай жерлерде өзін ұстай білу мәдениетін енгізу үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізу. «Біз демалушылар үшін 10 маңызды тармақтан тұратын арнайы жа­ды­нама жасадық. Республика бо­йынша рейд жаздың соңына дейін әр демалыс сайын жасалады. Мәселен, Қапшағай, Алакөл ай­мақтарына, тауларға, Іле-Алатау ұлттық саябағына, Шымкентке, Каспий теңізіне және басқа да орындарға. Демалыс күндері көп адам табиғатта демалады. Халықпен жұмыс үнемі жүргізіліп, қажет болған жағдайда қатаң шаралар қолданылады. Әкімшілік кодекстің 505-бабы қоқыс тас­тағаны үшін, 343-бап ұсақ бұ­зақылық үшін жауапкершілікке тартады. Бірақ біз экологиялық заңбұзушылықтар үшін жауап­кершілікті күшейтпекпіз», – деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Эко­логия­лық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфыхар Жолдасов. Жауапкершілік өз алдына, Ақмола облысы Бурабай ауданында қалдықтарды жинауға рұқсат етілген бірде-бір полигон жоқ. Елдегі үлкен демалыс айма­ғына барушылар саны артқан сайын қоқыс мөлшері де көбеюде, ал өңірде оны жинайтын бір орын­ның жоқтығы үлкен сын. Өткен жылы Бурабай аумағынан  шама­мен 2 мың текше метр қоқыс шығарылған, ал соңғы екі айдағы көр­сеткіш 700 текше метрге жеткен.  Сонымен бірге ауданда тазарту нысандары мен шығарындыларын жоюда да мәселе бар. Өйткені бірқатар база әлі де көмір жағып отыр. Бурабай маңында тазарту нысандарын салу мәселесі енді қаралып жатқан көрінеді. Ал оның қашан салынып, қаншалықты нәтижелі жұмыс жүргізілетіні белгісіз. Бұл бір аудандағы мәсе­ле. Ал ауылды жерде жағдай  тіп­тен мүшкіл. Елімізде қоқысты  іріктеп жинайтын  жалғыз ғана ауыл Павлодар облысы Терең­көл ауданында орналасқан. Тұр­мыстық қалдықтар аудан орта­лығына жақын аумақтағы «Те­рең­көл тазалық» серіктестігі қоқыстарды қабылдап, сол жерде сұрыптайды.  Ауылдың көбінде қоқыстар жи­налып жата береді. Ол шектен тыс көбейіп, қажеттілік туындаған соң ғана полигонға апару мәселесі көтеріледі. Оның өзінде таситын техника тапшы, тіпті кей ауылдарда коммуналдық құрылым жоқтың қасы. Осы мәселелер де қоқыстың уақытылы шығарылмауына әкеп соғып отырған секілді.  

Салдармен күресу нәтиже бермейді  

Экология министрлігі әкім­діктермен бірлесіп шаралар қа­былдауды талап етеді. Әкім­діктермен бірлесіп бекітілген жоспар бар. Алайда тиісті ведом­стволардан жұмыстың нәтижесі жөнінде мәлімет ала алмадық.  «Жуырда Қарағанды   маңындағы тасжолдың жанына рұқсатсыз қоқыс тастағандарды жазалау бо­йынша жедел шаралар қа­был­данды. Оларға полиция айып­пұл салып, барлық қоқыс дереу шығарылды. Заң бұзған көлік нө­мірі туралы бейнеролик ми­нистр­ліктің сенім телефонына жіберілген. Тағы бір хабарлама Шу қаласынан келген. Кәріздік қоқыс шығаратын машина оны арнайы полигонға емес, мүлде басқа жер­ге тастаған екен. Экология минис­трлігі қазір қажетті шара­ларды қабылдауда» делінген министрліктің ақпаратында. Бұл тек мәселенің салдарымен ғана күресу емес пе?  Көктемде барлық қоқысты жинағанмен, жазда екі есе көп қоқыс тасталады. Сондықтан азаматтардың экологиялық мә­дени­етін көтеруге де мән берген жөн секілді. Қоқыстың шектен тыс ұлғаюы – алаң­датарлық ахуал. Әрине, тұр­­мыстық қатты қалдықтарды қай­та өңдеп, игілікке жарату жобаларының жасалып жатқанын жоқ­қа шығар­маймыз. Дегенмен олар­дың саны саусақпен санарлықтай ғана.  

Сұңқарбек БАТАНҰЛЫ

 width=