«Кәдеге жарамайтын» қоқыс
Экология, геология және минералды ресурстар министрлігі «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясымен бірлесіп, қоқыс тасталатын жерлерге ғарыштан зондтау жүргізіп отырады. Ғарыштық бақылау геопорталы 2018 жылдан бері жұмыс істейді. Мәселен, спутник суреттері арқылы 2019 жылы заңсыз қоқыс жиналған 9 628 нысан, 50 шақырым радиустағы ірі қалалардың айналасында 7,5 мыңнан астам стихиялық қоқыстар бары анықталды. Әзірге оның 1 303 нысаны ғана жойылыпты. Бұл бар болғаны 14 пайыздық көрсеткіш. 2018 жылы Қазақстанда рұқсат етілмеген полигондар саны 8 мың 600 болса, ал өткен жылдың басындағы есеп бойынша 9 мың 200-ге жеткен. Ал сол он мыңға жуық қоқыс орындарының тек 2 мың 700-і ғана жойылған. Осыдан-ақ біздегі қоқысты кәдеге жарату көрсеткішінің қандай деңгейде екенін аңғару қиын емес. Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында қоқыс өңдеу біршама жолға қойылған, қондырғылары бар десек те, олардың өзі қоқыстың тек 10 пайызын ғана сұрыптайды. Ал өңірлердегі ахуал көңіл көншітпейді. Мәселен, Ақтөбе және Ақмола облыстарында кәдеге жарату үлесі 3-ақ пайыз. Дамыған елдерде қоқыс 90 пайыз өңделеді, 2 пайызы ғана жерге көміледі. Ал бізде керісінше екенін жоғарыдағы көрсеткіштен аңғаруға болады. Негізінен, қағаз, пластик, полиэтилен ғана іріктеліп алынады. Қалғаны сығымдалып, жерге көміледі. Елімізде қоқысты жоюдың негізгі екі жолы бар. Біріншісі бактериямен шірітіп тыңайтқышқа айналдыру. Оның өзі бірден шірімей ұзақ уақыт бойы жататынын ескеру қажет. Екіншісі – өртеу. Экологтар екінші әдіске күрделі қондырғы, сонымен қатар отын да көп керек екенін айтады. Оған қоса, ауаға да зиянды заттар бөлетін көрінеді. Ол жағын да қаперге алған дұрыс болар. Қоқысты қайта өңдеу технологиясын жандандыруда қоғамдық ұйымдардың белсенділігі қажет секілді. Мысалы, «Байтақ –Болашақ» экологиялық альянсы медициналық қалдықтарды қайта өңдеу үшін 20 зауытқа инвесторлар тапқан.Әкімдіктер қимылсыз отыр
Жаз мезгілінде ерекше қорғаудағы аймақтар мен демалыс орындарына келушілер тау болып үйілген қоқыс тастап кетеді. Мамандар бұл мәселені шешудің екі-ақ жолын айтады, айыппұл салу және осындай жерлерде өзін ұстай білу мәдениетін енгізу үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізу. «Біз демалушылар үшін 10 маңызды тармақтан тұратын арнайы жадынама жасадық. Республика бойынша рейд жаздың соңына дейін әр демалыс сайын жасалады. Мәселен, Қапшағай, Алакөл аймақтарына, тауларға, Іле-Алатау ұлттық саябағына, Шымкентке, Каспий теңізіне және басқа да орындарға. Демалыс күндері көп адам табиғатта демалады. Халықпен жұмыс үнемі жүргізіліп, қажет болған жағдайда қатаң шаралар қолданылады. Әкімшілік кодекстің 505-бабы қоқыс тастағаны үшін, 343-бап ұсақ бұзақылық үшін жауапкершілікке тартады. Бірақ біз экологиялық заңбұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейтпекпіз», – деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфыхар Жолдасов. Жауапкершілік өз алдына, Ақмола облысы Бурабай ауданында қалдықтарды жинауға рұқсат етілген бірде-бір полигон жоқ. Елдегі үлкен демалыс аймағына барушылар саны артқан сайын қоқыс мөлшері де көбеюде, ал өңірде оны жинайтын бір орынның жоқтығы үлкен сын. Өткен жылы Бурабай аумағынан шамамен 2 мың текше метр қоқыс шығарылған, ал соңғы екі айдағы көрсеткіш 700 текше метрге жеткен. Сонымен бірге ауданда тазарту нысандары мен шығарындыларын жоюда да мәселе бар. Өйткені бірқатар база әлі де көмір жағып отыр. Бурабай маңында тазарту нысандарын салу мәселесі енді қаралып жатқан көрінеді. Ал оның қашан салынып, қаншалықты нәтижелі жұмыс жүргізілетіні белгісіз. Бұл бір аудандағы мәселе. Ал ауылды жерде жағдай тіптен мүшкіл. Елімізде қоқысты іріктеп жинайтын жалғыз ғана ауыл Павлодар облысы Тереңкөл ауданында орналасқан. Тұрмыстық қалдықтар аудан орталығына жақын аумақтағы «Тереңкөл тазалық» серіктестігі қоқыстарды қабылдап, сол жерде сұрыптайды. Ауылдың көбінде қоқыстар жиналып жата береді. Ол шектен тыс көбейіп, қажеттілік туындаған соң ғана полигонға апару мәселесі көтеріледі. Оның өзінде таситын техника тапшы, тіпті кей ауылдарда коммуналдық құрылым жоқтың қасы. Осы мәселелер де қоқыстың уақытылы шығарылмауына әкеп соғып отырған секілді.Салдармен күресу нәтиже бермейді
Экология министрлігі әкімдіктермен бірлесіп шаралар қабылдауды талап етеді. Әкімдіктермен бірлесіп бекітілген жоспар бар. Алайда тиісті ведомстволардан жұмыстың нәтижесі жөнінде мәлімет ала алмадық. «Жуырда Қарағанды маңындағы тасжолдың жанына рұқсатсыз қоқыс тастағандарды жазалау бойынша жедел шаралар қабылданды. Оларға полиция айыппұл салып, барлық қоқыс дереу шығарылды. Заң бұзған көлік нөмірі туралы бейнеролик министрліктің сенім телефонына жіберілген. Тағы бір хабарлама Шу қаласынан келген. Кәріздік қоқыс шығаратын машина оны арнайы полигонға емес, мүлде басқа жерге тастаған екен. Экология министрлігі қазір қажетті шараларды қабылдауда» делінген министрліктің ақпаратында. Бұл тек мәселенің салдарымен ғана күресу емес пе? Көктемде барлық қоқысты жинағанмен, жазда екі есе көп қоқыс тасталады. Сондықтан азаматтардың экологиялық мәдениетін көтеруге де мән берген жөн секілді. Қоқыстың шектен тыс ұлғаюы – алаңдатарлық ахуал. Әрине, тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеп, игілікке жарату жобаларының жасалып жатқанын жоққа шығармаймыз. Дегенмен олардың саны саусақпен санарлықтай ғана.Сұңқарбек БАТАНҰЛЫ