Киік көшіне кім тосқауыл?
Киік көшіне кім тосқауыл?
336
оқылды
 

Тасжолдар тыныс тарылтты

Мәселе жуырда құрылысы қар­қын алатын «Орталық – Ба­тыс» тасжолына байланысты туын­дап отыр. Бұл жол елорда­дан шыққан көлікті Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы өткізіп барып «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолына шы­ғарады. Күре­жол 2021 жылы толық аяқталып, пайдалануға берілуі тиіс. Егер жол қазір­гі қабылданған жобасы бо­йынша салынатын болса, Қа­­зақ­стандағы киіктің үш по­пуляциясының ең үлкені – Бет­пақдала попу­ляциясының кө­ші­не кедергі болмақ. Кейде оны Торғай, Ырғыз популяциясы деп атап жатады. Қарасаңыз, біз айтып отырған «Орталық – Батыс» тасжолы киіктердің көшу ай­мағын толық қамтып тұр. Де­мек, алаңдауға толық негіз бар. Бетпақдала популяциясы Ақмола облысындағы Қорғал­жын мен Теңіз көлдерінің тө­ңірегін, Торғайдың төменгі жағын мекендеп, Ырғыз жақта төлдейді. Киіктер көктемде Қазақстанның оңтүстігінен Ақ­мола, Қостанай, Ақтөбе об­лыстарындағы Ырғыз, Торғай, Ұлыжыланшық, Терісаққан өзендері алабы мен Теңіз көлі­не қарай ауады. Сонда тас­жолдың құрылысы барлық миг­рация жол­дарын жауып тастамақ. Бұған дейін 2018 жылы БҰҰ-ның қоршаған ортаны қорғау жөніндегі бағдарламасы Қазақстанда жаңадан салынып жатқан темір және автокөлік жол­дарының киіктің көшу ба­ғытына әсер етіп, көбеюіне кедергі келтіруі мүмкін деп алаңдаушылық білдірген екен. Осыған қарамастан Индустрия және инфрақұрылымдық да­му министрлігі «Орталық – Батыс» тасжолының жобасын қазіргі күйінде бекітіп қой­ған­ға ұқсайды. Ал Орман шар­уашылығы және жануарлар дү­ниесі комитетінің бұрынғы баспасөз хатшысы Сәкен Діл­дахмет болса, тасжол салынса табиғи миграция жабылып қана қоймай, браконьерлер де кө­бейетінін айтады. – Ел аумағында тасжол­дардың киік көшіне кедергі келтіруі көбейіп кетті. Бұл – бірінші жағдай емес. Осыдан 4 жыл бұрын Батыс Қазақстан облысында теміржолдың миг­рацияға тосқауыл болғанын айттық. Киіктер ғана емес, бас­қа да жануарлар, төрт түлік те өте алмай жатады. Көш тоқ­таған кезде киік төлдеуді аз­айтады, санына кері әсер етпей қоймайды. Психологиялық фак­тор бар. Одан бөлек, Қос­танай облысының аумағында бра­коньерлер өте көп. Егер осы жол салынса, жол бойымен жү­ріп отырып, оңай қыра береді. Содан кейін оларды трассада ұстап көріңіз, – дейді ол. Киіктердің өсіп-өнуіне  ин­фр­ақұрылым алғаш рет ке­рі әсер етіп отырған жоқ. 2015 жылы Шалқар–Бейнеу теміржолы салынды, ол Үс­тірт популяциясындағы киік­тердің көші-қон жолдарын жауып тастаған. 2017-2019 жылдары жерсеріктердің дер­егі бойынша, ақбөкендер темір­жолдың кесір­інен оң­түстікке қоныс аударуды тү­бегейлі тоқтатыпты. Содан бері қанша уақыт өтсе де, ақ­бөкендер көшу жолына қай­тадан түспеген. Эколог мамандардың айтуынша, Үс­тірт популяциясының саны 1980-жылдардағы 800 мыңдық деңгейіне ешқашан жетпейді.  

Мәселенің шешімі бар ма?  

Мамандар мәселені шешу жолын қарастырып, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне бірнеше мәр­те сауал мен ұсыныс жолда­ған. Та­лай кеңес те өткен. Ми­нис­трлік тарапынан жауап бі­реу – «Киіктер өтетін экодук салынады». Киіктерге қатысты уәжбен келісетін жауаптылар табиғи ландшафтқа ұқсас эко­дук көпір салып, мәселенің шешімін таппақшы. Бірақ мұ­нымен мә­селе шешіледі деу қиын. Себебі киік үлкен тасжолға жақындай қоймасы анық. Сондықтан экологтар «Ор­талық Батыс» автожолын елі­міздің солтүстігі арқылы ай­налып өтетін етіп салуды ұсын­ған. Бірақ са­лалық министрлік сол ұстанымында қалыпты. Бір қызы­ғы, 2017 жылға дейін әлем­де 1960-1980 жыл­дарда жүргізілген жеке ба­қылауларды есептемегенде, ин­фрақұрылымдық құрылыс­тар киіктердің табиғи миг­рациясына қалай әсер ететіні туралы нақты деректер бол­мапты. Сондықтан қазіргі кез­де әлемде мұндай мәселе­лерді шешудің жалғыз жолы – айналма жол. Бірақ Индустрия және ин­­фра­құрылымдық даму минис­­тр­лігіне қарасты Автомобиль жол­дары комитеті 2018 жылы жануарлардың табиғи миг­рация­­сына байланысты «Ас­тана – Арқалық – Торғай – Ырғыз – Торғай – Қандыағаш» жолының «Қоршаған орта мен әлеуметтік сфераға әсерін бағалау» дейтін қорытынды есебін жариялаған екен. 2015 жылы жасалған есеп­те киік көшіне жаңадан са­лынатын автожолдардың ай­тарлықтай әсер етпейтіні ай­тылған. Көлемі елу бетке жуық есепті жасаған жалғыз мекеме министрлікке қа­расты «Қазақстан жол ғылы­ми-зерт­теу институты» ак­ционерлік қоғамы («ҚазЖолҒЗИ» АҚ) деп көрсетілген. Яғни, табиғат жанашырлары мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бұл мәселеге байланысты көзқарасы екі түр­лі сыңайлы. Қалай болғанда да киік тағ­дыры әлі де алаңдатады. Мә­селені шешу үшін «Орталық – Батыс» тасжолын айналма жол етіп салуға болар еді. Де­генмен Индустрия және инфра­құ­рылымдық даму министрлігі киіктер үшін қауіпті нұсқаны таң­дап отыр.  

Мадияр ТӨЛЕУ